Алып қалада арып-ашпай өмір сүрудің жолдары

03.05.2018

 

Кез-келгеннің қалада өмір сүруге мүмкіндігі жете бермейді. Көлік, үй, тамақ пен киім-кешектің өзі қалтаға біршама салмақ салады. Үлкен қаладағы өмірді арзанырақ әрі жеңілірек ету мақсатында төмендегі лайфхактарды өздеріңізге ұсынып отырмыз.

1. Каршеринг

Каршеринг – көлікті жалға беретін қызмет көрсету түрі. Бұл сервисті пайдалану арқылы сіз техбақылау, жанармай және тұраққа төленетін ақша мәселесінен құтыласыз. Алматыда 1-2 сағатқа көлікті жалға беру құны 200 теңгеден басталады. Бағалар көліктің маркаларына байланысты әртүрлі болып келеді. Бастысы жол ережесін бұзбай, компанияның мүлкіне шығын келтірмесеңіз болғаны.

 

2. Коворкинг

Біз бұл туралы бұған дейін де жазған болатынбыз. Әр саланың қызметкерлерінің бір мекемені жалға алуы коворкинг деп аталады. Алматыда 1 айға кеңсені жалға алу шамамен 50000-70000 теңге тұрады.

 

3. Коливинг

Пәтер ақысы тым қымбат па? Ақшаны бөліп төлер көрші таппай жүрсіз бе? Онда пәтер жалдаудың еуропалық үлгісін қолдансаңыз болады. Ол – коливинг деп аталады. Әріптестеріңізбен бірге жұмыс істеп, бір мекемеде түнейсіз. Жататын бөлме бөлек берілсе, ас үй бәріне ортақ. Мұны жатақхананың бір формасы десек те болады. Біздің елімізде коливинг орталық алғаш рет 2015 жылы Алматы қаласында ашылды.

4. Тұрмыстық заттарды жалға алу

Қабырғаға жаңа сурет ілмекші едіңіз, алайда қолыңызда бұрғы жоқ па? Оны сатып алу үшін дүкенге жүгірудің қажеті жоқ. Арнайы қызмет көрсету орындарынан бұрғы, балта, балға сынды жабдықтарды уақытша ала аласыз.

 

5. Қоғамдық орындардағы Wi-Fi

Бұл мысал интернетсіз өмір сүре алмайтындарға таптырмас мүмкіндік. Автовокзал, әуежай, саябақтардағы тегін Wi-Fi-дың күші әлеуметтік желілерге кіріп, электрондық пошта арқылы хат алмасуға әбден жетеді. Есесіне, телефондағы интернетке деген ақшаңыз қалтаңызда қалады.

 

6. Киімдерді жалға алу

Мектеп бітіру кешіне арналған көйлектер, салтанатты, ресми іс-шараларға арналған киімдер бір-ақ рет киіліп, кейін шкафтың бір бұрышынан орын табады. Осындай сәттерде, бір киерлік киімге ақша құртқыңыз келмесе, жалға алыңыз. Қазір инстаграмм желісінен көйлектерді жалға берер парақшаларды көп кездестіруге болады. Сонымен қатар, мерекелік костюмдерді интернет дүкендерінен оңай іздеп табуға болады.

 7. Бірлесе отырып, сауда жасау

Егер жалғыз тұрсаңыз, көршілеріңізбен бірігіп, сауда жасауға болады. Есесіне, тауардың жартысы үшін ғана төлейтін боласыз.

Ресейлік «BB.Совместные покупки» сайтынан кез-келген тауарды ала аласыз. Бастысы, серігіңіз екеуіңіздің ойларыңыз бір жерден шықса болғаны.

 

8. Қызметшілер іздеу

Үйге азық-түлік әкеліп, итіңізді қыдыртып, ыдысыңызды жуатын адам іздеп жүрсіз бе? Бұған көмек көрсететін орталықтар бар. Олар сізге жақсы маман таңдап, бағасын өзіңізге қалдырады. Сіз тек тапсырмасын айтсаңыз болғаны, қызметші сізді өзі-ақ іздеп табады.

Бұл жөнінде OLX.KZ таптырмас көмекші. Іздеген маман, сұраған заттың бәрін осы жерден оп-оңай тауып алуға болады.

Үнемдеу үшін өзіңізді әр нәрседен шектеп қажеті жоқ. Аталған лайфхактердің күнделікті мәселеңізді оңай шешіп, өміріңізді жеңілдетері анық. Тек, сіз әр істің ебін таба білсеңіз болғаны.

 

  •  662