28.09.2018
Бүгінгі кейіпкеріміз еліміздегі интернет маркетингтің дамуына сүбелі үлес қосып жүргендердің бірі. Қазақстанда енді бастау алғн саланың қиындығы, қызығы мен артықшылығы жайлы бүкпесіз баяндалды. Қазіргі уақытта жарнаманың маңыздылығы мен бизнесті алға жылжытудың жолдарымен бөліскен "ON THE TOP" агенттігінің басшысы Қанат Қайыптың сұқбатын назарларыңызға ұсынамыз.
- Қанат, техникалық мамандықтан маркетингке қалай келдіңіз?
Мен Сүлеймен Демирель атындағы университетті «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығы бойынша бітіргенмін. Маркетингке қалай келгенімді айтар болсам, 2-курста 2GIS-ке ұқсас мобильді қосымша жасадым. Жоба өзім ойлағандай сәтті шықты. Бірақ оны халыққа тарату, жарнама жағы мен үшін үлкен проблема болды. Осы қиындықтарды шешу жолында интернет маркетингке бет бұрдым.
- Бұл сала Қазақстанда қалай дамып жатыр? Сұраныс бар ма?
Интернет маркетинг біздің елімізде енді ғана дами бастады. Жұртшылық біледі, хабардар. Алайда, көп емес. Өйткені, интернет маркетингке қатысты адамдардың базалық түсініктері жоқ немесе түсініктері қате, көп адам интернетте жарнамалану тегін деп ойлайды.
- Оқырмандарға түсінікті болу үшін интернет маркетингтің жұмыс істеу барысын түсіндіріп өтсеңіз.
Біздің цифрлық агенттік екі бағыт бойынша жұмыс істейді. Бірінші, біз тапсырыс берушінің тауарын , бәсекелестері мен клиенттің сұранысын зерттейміз. Осыларды түсінген соң сайт немесе жарнаманың жұмысын жасаймыз, яғни керекті инструменттерді бизнеске еңгіземіз. Екінші, компанияларға айлық негізде маркетингтік аутсорс жасаймыз, яғни компанияның мақсаты мен жарнамалық бюджетіне сәйкес маркетингтік жұмыстар жүргіземіз: сайт керек болса, сайт жасаймыз; жарнама қажет болса, жарнама жасаймыз, CRM жүйесі керек болса, CRM жүйесін еңгіземіз. Нәтижесінде, кәсіпкер интернеттен қалай клиент табамын деп басын қатырмайды.
- Сіздердің қызметтеріңізге жүгіну үшін тапсырыс берушінің қалтасында қанша ақша болу керек?
Қазір біз бұрынғы «конвейерлік» әдістен бас тартып, көп компаниямен жұмыс істемеуге шешім қабылдадық. Өйткені, әр компанияның маркетингке деген мақсаттары әртүрлі, сол себепті біз айына бірнеше компанияны алып, оларды қалаған нәтижеге дейін жеткіземіз, яғни комплексті түрде жұмыс жасаймыз. Қызмет үшін баға индивидуалді түрде саналады, айтып өйткендей ,компаниялардың мақсаттары әртүрлі болады. Сондықтан, бізге бұрынан бері жұмыс жасайтын компаниялар және премиум сегментпен жұмыс істеу әлдеқайда қызық және тиімді. Біз олармен 2016 жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Олардың қатарында бірнеше қалада гүлдер сатумен айналысатын «Camellia» компаниясы; халықаралық фармацевтикалық «IS Group Pharmа» компаниясы: Әл-Фараби Асқаров көшесінде орналасқан «Аpple Town» тұрғын үй кешенін салған Оңтүстік Кореялық «Woolim» құрылыс компаниясы; мрамор, травертин, гранит тастарын көтерме сатылымға шығаратын «NStone» компаниясы; Қытаймен сауда жасауды үйрететін және Қытайдан тауар сатумен айналысатын «ChinaPro» компаниясы, халықаралық стандартқа сай HR тренингтерін өткізіп, мамандар әзірлейтін «Asset HR» компаниясы бар. Бұл қарапайым халыққа танымал тапсырыс берушілер. Тағы бір жаңа жоба бар. Ол POISK24.kz деп аталады. Бұл Қазақстандағы көтерме бағада автобөлшектерді іздейтін сервис. Ресейде аналогтары бар. Бірақ Қазақстандағы алғашқы жүйе.
- «ON THE TOP» агенттігі қалай ашылды?
Бұл менің жеке қажеттілігімнен туындаған идея. Өйткені, жоғарыда айтқанымдай мен өзімнің мобильді қосымшамның жұмысын алға жылжыта алмадым. Содан 2015 жылдың соңында Қазақстанда Google компаниясының «The Graduate» интернет маркетингке арналған онлайн-курс өткізетінін естіп, тіркелдім. Сол жақтан аталмыш салаға қатысты көп нәрсе үйрендім. Олардың тапсырмасының бәрі тікелей практикаға бағытталды. Солардың бірі бойынша біз кез-келген бір компанияға тегін немесе кез-келген сомаға жарнама жұмыстарын жүргізу керек болдық. Ең бірінші стоматологиялық клиниканың жұмысын алға жылжыттым. 40 мың теңге жарнамалық бюджетпен 2 млн теңге кіріс жасап бердім. Кейін кірпіш зауытының жарнамасын жасадым. Ол жерде бүкіл Қазақстан бойынша күніне 10-15 қоңырау түсетін. Осылайша, хобби ретіндегі жұмысым бизнеске ұласты. Аз уақыт ішінде ON THE TOP өз беделін қалыптастырып үлгерді.
- Сіздерді бұл салада бағыттаған, кеңес бергендер болды ма?
Көп нәрсені университеттегі оқытушыларымнан сұрадым. Олар үнемі өздерінің кеңестерімен бөлісіп отырды. Сондай-ақ, алдыңғы буын өкілдері де маған бағыт берді. Осылайша, бәрі басталды.
- Сіздің ойыңызша, интернет маркетингтің ғұмыры қаншалықты ұзақ болады? Бәлкім, оны алмастыратын біраз уақыттан соң басқа жүйе пайда болатын шығар?
Маркетинг – өлмейтін сала. Адамдар жер бетінен жоғалғанша, өмір сүреді. Тек уақытқа сай өзгеріп тұрады. Мәселен, Қазақстанда Google, Яндекс жарнамалары жұмыс істейді. Ал, Ресейде жарнама бойынша сайттағы бір батырманың өзі 1000 рубльден астам тұрады. Біздің елде де ондай салалар бар. Бірақ, ол соншалықты қымбат емес. Қазақстанда аталмыш сала енді қарқын алды.
"Бизнес Молодость Казахстан" бірлестігінің басшысымен
- Жеке бренд. Кімге, не үшін қажет?
Жеке бренд – ұзақ мерзімге арналады. Бұл сенім арқылы қалыптасады. Жеке брендін қалыптастырғандардың қатарына Ресейден Дмитрий Портнягин, елімізден Қайрат Құдайберген, Бейбіт Әлібековтерді атауға болады. Жалпы, не нәрсе болсын бірінші Америкадан Ресейге, Ресейден Қазақстанға келеді. Бұл да солай. Жеке брендтің басты ерекшелігі – сіз өзіңізге тән жолыңызды қалыптастырасыз. Ешкімге ұқсамайсыз. Мәселен, Дмитрий Портнягиннің Қытаймен логистика компаниясы бар. Мұндай компаниялар Ресейде көп. Оның үстіне Портнягинде жүк таситын көлік, басқа да тасымалдау құралдары жоқ. Бұл тек қана сервис. Яғни, ол сенуге тұрарлық адам болғандықтан, халық оның қызметіне жүгінеді. Ол осылайша жеке брендін қалыптастырып отыр. Мұнда ақша емес, сенім маңызды. Қайрат Құдайберген де осындай. Ол да жақсы істер жасау арқылы көп адамның сеніме ие болды. Қорыта айтқанда, жеке бренд дегеніміз – халық мойындаған тұлғалар. Ол бұрын да болған. Тек қазір трендке айналып отыр.
Сенім қалыптастыру – уақытқа тәуелді
- Онлайн маркетингпен айналысуда елімізде компаниялар үшін (тапсырыс қабылдайтындар) қандай қиындықтар бар?
Тапсырыс берушілердің интернет маркетинг жайлы білімдері төмен. Қарапайым, Google-дағы жарнама түрлерін білмей жатады. Базалық дүниелерден хабарлары болмайды. Соны түсіндіруге көп уақыт кетеді. Басты қиындық осында. Ал, интернет маркетингте базалық түсініктері бар тапсырыс берушілер өздеріне не керегін жақсы біледі. Олардың бәсекелестері интернет маркетингтің тілін түсінбей жатқанда, сіз өз салаңыз бойынша №1 бола аласыз. Кей компаниялар клиент жинап алған соң, жарнаманы өшіріп тастайды, бұл көп жағдайда дұрыс емес. «Реклама – это воздух для бизнеса» деген сөз бар. Жарнаманы өшірсеңіз, бизнесіңіз де көпке бармасы анық.
- Кәсіпкерлердің осы саладағы сауаттылығын арттыру үшін жұмыстар жүргізіліп жатыр ма?
Біз интернет маркетингке қатысты курс өткіземіз. Қазір екі күндік форматта өтеді. Болашақта 3-4 апталық курс жасау ойда бар. Онда базалық керекті білімді береміз. Ең алдымен кез-келген өнімді тестілеуден өткізіп, соған байланысты аналитика жасауды, әртүрлі ОЛХ, Satu, Market сияқты жарнамалық сайттарды дұрыс қолдануды, бизнеске арналған сайт жасауды, Инстаграмда жарнама жасауды үйретеміз. Сондай-ақ, біз курстан кейін де қатысушыларымыздың нәтижесіне қызығушылық танытып, хабарласып тұрамыз. Үйренушілеріміздің жасы 12-ден бастап 50 жасқа дейінгі аралықта. Қазір курсты Астана мен Алматы қаласында өткізудеміз. Басқа қаланың тұрғындарының қызығушылығына байланысты онлайн өткізуді жоспарлап жүрміз.
"Woolim" компаниясының бас директорымен
- Агенттік тағы қандай бағытта жұмыс істейді?
Агенттік компанияларға жарнама жасап, курс өткізумен қатар, өзіміздің жеке сервистерімізді де дамытамыз. Мәселен, Алматы және Астана қаласында түрлі тіл курстары бар, бірақ олардың ішінен өзіңізге қажетін табу қиын. Тұрғындардың берген анықтамасына сәйкес, біз оларға автоматты түрде курс таңдап береміз. Бұл жерден екі жақ та ұтып отыр. Тұтынушы өзінің ойындағы тіл курсын тапса, компания жарнамаға шығындалмай-ақ клиенттер алып отыр.
- Қазір жарнаманың қай түрі өзекті?
Бірінші, контексті жарнама. Мәселен, Google немесе Яндекс іздеу жүйесіне жазған сөзіңіз бойынша алғашқы төрт сайт шығады, сол жарнаманы әр клиенттің басқаны үшін кәсіпкер іздеу жүйесіне ақша төлейді. Бұл жарнама бірден нәтиже береді. Егер компания енді ашылған болса, осы жарнамаға құртқан ақшасын бірден пайда ретінде қайтарып ала алады.
Екінші, Инстаграмдағы таргеттік жарнама. Лентадағы және стористағы жарнамалар өте өзекті. 2017 жылы халықтың жасын болжап Инстаграмда хитке айналған кәсіпкер Нұрлан Байділда осы жарнама түрін өте сәтті қолданғандардың бірі.
Үшінші, SMM. Әлеуметтік желідегі парақшаңызды жүйелі түрде жүргізіп отыру. Бірақ, бұл бірден нәтиже әкелмейді. Бұған уақыт керек. Ары қарай күрделі жарнаманың түрлері кетеді. Оны көбінесе, ірі компаниялар қолданады. Мәселен, вайнерлер арқылы өнімін жарнамалау осы санатқа кіреді. Егер таргеттік жарнама бірден клиент әкелсе, блогтық жарнама танымалдылық әкеледі.
- Өз-өзіңізді қалай жетілдіресіз?
Көбінесе, АҚШ-тың әр түрлі кәсіпкерлерін қарап отырамын. Трендтерін назардан тыс қалдырмай, бақылап жүремін. Себебі, оларда болған жаңашылдық міндетті түрде бізге келеді. Сондай-ақ, өзім әртүрлі болжамдар ойлап тауып, соны тестілеуден өткіземін.
- Маркетолог болу деген –
Ойыңыздағы болжамдарды үнемі нарыққа сай тестілеуден өткізіп отыру. Өнімді жарнамалайсыз, соған сай тұтынушылардың оған деген әсерін байқайсыз.
- Кез-келген адам бизнес бастауға қабілетті ме?
Менің ойымша, кез-келген адам бизнес бастай алады. Бірақ оны ары қарай жалғастыра ала ма? деген сұрақ алаңдатады. Өйткені, әр бизнестің өз қиыншылығы болады. Қарапайым халық тұрақтылықты ұнатады емес пе?! Ал бизнесте алғашқы екі жылда ауытқушылықтар болады. Егер сол қиындықтарға шыдаса, кәсіпкерлікті алып кете алады.
- Агенттіктің алдағы уақытқа жоспары қандай?
Қазір премиум клиенттермен жұмысты жалғастыру. Оларға нәтижелі қызмет көрсету. Ал бизнесті енді бастағандарға базалық білім беру, интернет маркетинг құралдарын дұрыс қолдануды үйрету. Сондай-ақ, ІТ және маркетингпен тоғысқан жобалар жасау.
Сұқбатыңызға рақмет!