×

Коворкинг дегеніміз не?

21.01.2018

2013 жылғы статистика бойынша әлемнің 80 мемлекетінде 2498 коворкинг-орталықтар бар екен.  Ал, Emergent Research сарапшыларының айтуынша,  2020 жылға қарай әлемде 26 мыңға жуық коворкинг-орталықтар болуы мүмкін. 

Көршілес Ресейде де  қазірдің өзінде  80-ге жуық коворкинг-орталықтар тіркелсе, отандық коворкинг-орталықтардың саны да шамамен 20-дан асып қалуы керек. Алайда, әлемдік нарыққа, бизнеске тың жаңалық боп енген “коворкинг” сөзін көпшілігі түсіне бермейді. Ең алғаш “коворкинг” ұғымын қоғамға 2005 жылы Сан-Францисколық Бред Ньюберг таныстырды. Коворкиг - (ағыл. Co-working) “бірігіп жұмыс жасау” деген мағынаны білдіреді. Жеке кәсібін бастап жатқан жас кәсіпкелерге, жаңа стартап компанияларға үлкен кеңселерді жалға алу қиындық туғызып жататыны белгілі.  Ал, коворкинг - жұмысқа қажетті барлық заттармен жабдықталған(компьтерлер, демалатын жұмсақ орындықтар, жылдам интернет, асхана т.б.) тұтынушының қалаған уақытына дейін( 1 күн, 1 ай т.б) жалға берілетін кеңістік.  Сырт көзге коворкинг-орталықтар кәдімгі кеңседен еш айырмашылығы жоқ сияқты көрінеді. Өйткені, бұл орталықтарда да: жұмыс орындары, келіссөз жүргізетін алаңдар, т.б. болады. Тек мұнда бір-біріне тәуелсіз, түрлі мамандық иелері бірге жұмыс жасай алады. Олардың қатарында: дизайнерлер, аудармашылар, кәсіпкерлер, сценаристер, суретшілер де болуы мүмкін.

 

Соңғы уақытта кеңсеге бармай, үйде жұмыс жасау қалыпты құбылысқа айналды. Ал коворкинг-орталық - қашықтан жұмыс жасайтын жандарға таптырмас орын. Үйдегі атмосфера жұмыс жасауға қолайсыз және тапсырыс берушімен, тұтынушымен кездесуге ыңғайсыз. Осы тұрғыдан да коворкинг-орталықтардың көмегі зор. Бұндай орталықтардың тағы бір артықшылығы - үнемдеу. Себебі, компаниялар жалға алған мекеменің, электр энергиясы мен коммуналдық қызметтің ақшасын пайдалырақ дүниеге жұмсай алады. Өз кезегінде компания қызметкерлері де жол мен тамаққа жұмсайтын ақшалары мен уақыттарын үнемдейді. Бүгінде АҚШ-та қашықтан қызмет ету форматына жалпы жұмыс орындарының 15 % жуығы көшкен және олардың көпшілігі коворкинг-орталықтарда жұмыс жасайды. DeskMag атты коворкинг-орталықтар туралы кәсібилендірілген порталдың таратқан ақпараты бойынша коворкинг-орталықтарға келушілердің 54% - фрилансерлер, 27% - кеңсе қызметкерлері. Осындай орталықтар ашылғанға дейін олардың 58% - үйде, 22% күнделікті көріп жүрген кеңселерде жұмыс жасайтын. Коворкинг-орталықтарды байқап көрген қызметкерлердің 60% астамы бұрынғы кеңселеріне қайтып оралғылары келмейді екен.

 

Отандық коворкинг-орталықтардың да саны күн санап артып келеді. Алматыдағы ең ірі әрі танымал КО - “Бизнес-Фабрика” және “L.E.S. Live Club” болып табылады.

“Бизнес-Фабрика”

 

Бұл мекемені Алматының қақ ортасында орналасқан деуге болады. “Almaty towers” ғимаратының екінші қабатында орналасқан “Бизнес-Фабриканың” аумағы 3000 шаршы квадрат метр. Арнайы жұмыс орындарымен 120 адамды сыйғызатын бұл орталықты еліміздегі ең ірі коворкингке жатқызуға болады. Бұл жерде келіссөз жүргізуге, жиналыстар мен конференцияларға арналған 6 арнайы кең бөлмелер бар. Олардың әрқайсысы айрықша стильде жасалған. Бұл орталықта өз кәсібіңізді жандардыруға көптеген мүмкіндіктер бар. Мысалы, сарапшыларға сұрақ қойып, өз бизнес жоспарыңызды жүзеге асыра аласыз. Аптасына бір рет қалыптасқан кәсіпкерлер келіп, бизнеспен айналысуды көздейтін жандармен жеке-жеке жұмыс жасап, өз ақыл-кеңестерін береді. “Бизнес-Фарикадан” жұмыс орныңызды ашу үшін өзіңіздің жеке кәсібіңіз немесе оны бастауға деген түзу ниетіңіз болса болғаны. Келісімшартқа отырғысы келетін әрбір жанмен жеке әңгімелесу жүргізіледі.

“L.E.S. Live Club”

 

Аталған коворкинг - Орталық Азиядағы ең бірінші орталық. 2011 жылдан бері ең ұзақ қызмет көрсетіп келе жатқаны да осы. Бұл орталық та қаланың қақ ортасында орналасқан. Аумағы 24 жұмыс орындарына арналған 640 шаршы метрді құрайды. Жұмыс орындарынан бөлек жаттығу залдары, фитнес пен биге арналған орындар да бар. Резиденттер (клубта бір айдан асық тұрып жатқан адамдар)  орталықтың барлық бөліміне рұқсатсыз кіре алады. Резитент емес қарапайым адамдарға да түрлі жаттығулар мен дәрістер жүргізіледі. Бұл орталықтың өзгелерінен ерекшелігі - бір адамдық жатын бөлмелерінің болуы. Аталмыш бөлмелерде үнемі немесе айына бірнеше рет түнеуге болады. Аумағы сегіз шаршы квадрат метрді құрайтын бұл бөлмелерде өмір сүруге қолайлы барлық жағдай жасалған - жұмсақ кереует, арнайы шкафтар мен сөрелер және кондиционер бар. Осы орталықта жұмыс жасап, 1 ай тұрақтағыңыз келсе 70 мың теңгеңізді дайындай беріңіз. Тұрақты клуб мүшелері барлық залдар мен тамақтандыру оралықтарына, кез келген қоғамдық іс-шаралар мен мерекелік кештерге тегін кіре алады. Сонымен қатар, қажет болған жағдайда Астана қаласынан өзіңізге лайықты бос жұмыс орындарын да ұсынып қалуы мүмкін.

 

Жоғарыда айтып өткеніміздей, мұндай орталықтарда жұмыс жасау үшін жеке ісіңіз, тым болмаса, еркін ойлау қабілетіңіз бен тың идеяларыңыз болса жеткілікті. Түрлі сала қызметкерлерімен бір орталықта жұмыс жасау барысында өзіңіз үшін жаңа бір әлемнің есігін ашып, жаңа білімді меңгеріп, тіпті, өзіңіздің алғашқы тұтынущыларыңызды да табуға болады.