21.09.2018
Университеттің табалдырығын енді аттағандар студенттік жылдардың нағыз қайнаған жеріне тап болды. Ұзаққа созылған лекциялар, соңы жоқ семинарлар...Ал, уақыт ешкімге білінбей сырғып жатыр. Ертең білікті маман болып қалыптасу үшін қазірден бастап не нәрсені істеп үлгеру қажет? Басты қару саналатын уақытты қалай дұрыс пайдалану керек?
Мақсат қоя біліңіз
Қазірден бастап өзіңізге не керек екенін анықтап алыңыз. Бір жыл болмаса да, жарты жылға ауқымды жоспарлар жасаңыз. Алдыңызға қойған мақсаттарыңыз ақылға қонымды, жүйелі болсын. 1-курс студентінің бірден бас директордың орын тағы бұйыруы екіталай емес пе? Ойлап көріңізші.
Таныстарыңыз көп болсын
Бұл сіздің қиын жолды айналып өтуіңізге емес, өз салаңызда даму үшін маңызды. Олар сізге кәсіби тұрғыдан кеңес беріп, біліктілігіңізді шыңдайды. Ондай тұлғаларды ғылыми конференцияларда, шеберлік сағаттарында жолықтыра аласыз.
Кәсіби қабілет
Оларды әркез дамытып отырыңыз! Сондай-ақ, олар тікелей кәсібіңізбен ғана байланысты болмасын. Заман ағымына сай, соңғы технологиялардан, бағдарламалардан хабардар болуға тырысыңыз.
Адамдармен байланыс жасап үйреніңіз
Бұл тіпті үнемі компьютермен «дос» болатындарға да қатысты нәрсе. Есіңізде болсын! Достарыңызбен күнделікті тақырыптан бөлек, саясат, экономика, жаңа технологиялар сынды тақырыпта да сөйлесе аласыз. Бұл сіздің ойлау қабілетіңізді одан сайын арттыра түсіреді.
Ағылшын тілі
Қазіргі уақытта бұл тілдің маңыздылығы айтпаса да түсінікті. Ағылшын тілін білу арқылы сізге деген мүмкіндіктердің саны көбейетіні анық. Ағылшын тілінде фильм көріп, ән тыңдап, кітап оқуға дағдыланыңыз. Артық бір тіл білу арқылы шетелдік университтерде білім алуға мүмкіндігіңіз болады.
Білуге құмартыңыз
Қазірден бастап жұмыс істеуді қаласаңыз, болашақ қызмет орныңыз жайлы ақпараттарға ертерек қанық болыңыз. Олардың әлеуметтік парақшаларына жазылып, жаңалықтарын біліп отыру маңызды, Егер нақты қай компанияда жұмыс істейтіңіз белгісіз болса, онда карьера, бизнес жайлы веб-ресурстарға жазылып, сол салалардың ішкі тыныс-тіршілігімен танысыңыз. Әуел бастан ақшаға құмартып керігі жоқ. Тағылымдамадан ақысыз болса да өтіңіз. Қазір сізге ақшадан гөрі, тәжірибе маңызды.
Түйіндеме
Болашақ басшыларыңызға сіз жайлы мәлімет беретін осы. Сондықтан, оны барынша сауатты құрыңыз. Еш жерде тәжірибеңіз болмаса да, осы уақытқа дейін қатынасқан қоғамдық жұмыстарыңыз бен ірі шараларыңызды тыс қалдырмаңыз. Сондай-ақ, қызметке орналасар компанияның саны 4-5-еу болғаны дұрыс. Біріне қабылданбасаңыз, екіншісінің есігін қорықпай қаға аласыз.