Мектепке дайындық қалай жүруде?

01.09.2018

 

Бұл апта – мектеп оқушылары үшін демалыстың соңғы аптасы. Келер дүйсенбіде олар үшін оқу ордаларының есігі айқара ашылып, білім саяхатына аттанады. Одан бұрын қазір әр отбасыда баланы мектепке жинау дүрбелеңі басталуда. Осыған орай, Likeme.kz тілшілері дүкен сөрелерін бақылап, бір баланы мектепке жинауға аз дегенде қанша қаражат кететінін санап көрді.

 

Сонымен, орташа сападағы қыз балаларға арналған мектеп формасын базардан 7000-8000 теңгеге табуға болады. Ал, туфлидің бағасы 7000 теңгеден басталады. Қыста киетін тоқыма кеудеше, жеңі ұзын жейде, ауыстырып киюге арналған белдемшелердің орташа құны 15 000 теңгеден асады. Бұған 7000 теңгелік спорт киімі мен 6000 теңге тұратын аяқ киімді қоссақ, жалпы шығын 40-50000 теңгені құрайды. Бұл бантик, түрлі шаш қыстырғыш пен оқу құралдарын есептемегенде, таза киімге ғана кететін шығын.

 

Ал, ұл балаларға жұмсалатын қаражат қыздардыкінен сәл аздау. Үңіліп көрейік. Бағасы удай тауарларды алғыңыз келмесе, мектеп формасын табаныңызды тоздырып жүріп, 6000 теңгеге табуға болады. Сапасына  көп алаңдамасаңыз, аяқ киімді де осы бағада ала аласыз. Ауыстырып киетін шалбар мен жейденің орташа бағасын 9000 деп бағалауға болады. Ал спорт киіміне шамамен 10000 теңгеден аз шығын жұмсамайсыз. Сонда, бір ұл баланы киіндіруге 30 000-нан жоғары қаражат керек.   

 

Енді, қағаз-дәптердің бағасын сараптап көрейік. Кітап қойғыш, санағыш, сәнді пенал секілді ұсақ-түйекті есептемегенде, оқу құралдарының өзіне аз дегенде 3000-5000 теңгеңізді тастайсыз. Ал, сөмкелер бағасы 4000 теңгеден жоғары.

Мектеп бағдарламасының өзгеруіне байланысты 3, 5 және 8-сыныптардың оқулықтары жаңарды. Білім министрлігінің сөзіне сенсек, биыл еліміздің барлық мектептері оқулықпен 100%  қамтылады. Демек, арзаны 1000 теңге тұратын кітаптарға шығындалып, әуреленбейсіз. Есесіне, әр пәннің жұмыс дәптерінің бағасы 600 теңгеден жоғары саудалануда.

 

Жоғарыдағы киімдердің бағасын көршілес елдерден келетін тауар қатарына жатқыздық. Ал, балаңыз алыс  шетелдің киімін кигенін қаласаңыз, онда бұл баға 3, 4 есе жоғарыламақ. Оқу құралдарын да фирмалық дүкеннен алуды ойласаңыз, онда қалтаңызға түсер қаражаттың да ауырлайтыны белгілі.

 

Қорыта айтқанда, тек бір баланы ғана мектепке дайындау үшін 60-70000 теңге керек. Доллар бағамы шарықтап, жұмыс орындарында қысқартулар жүріп жатқан кезде, 3-4 баласы бар ата-ананың жағдайы ойға оралады. Жыл сайын ұйымдастырылатын «Мектепке жол» акциясы барлық жағдайы төмен отбасыларды түгелімен қамти алмайтыны белгілі. Сонда қайтпек керек?! Баласының болашағын ойлаған ата-ана шартараптан жұмыс іздеп, жан сауғалауға мәжбүр.

 

Перзентім деп шырылдаған жандардың жаңа оқу жылында үміттері ақталсын. Білімге бет бұрған әрбір жастың қадамы оң, сапары сәтті болғай! Likeme.kz сайты жаңа оқу жылымен барша оқушыларды, ата-аналарды және ұстаздарды құттықтайды!

Назира Қасымбек
  •  2203