17.08.2018
Саша Волкова «Заварили» кофеханасының қожайыны
Осыдан жарты жыл бұрын құрбыммен 6 ай ішінде кофехана ашып, бірден пайда табуға бәстестік. Содан бері талай оқиғаға тап болдық. Екі кофехана аштық. Одан кейін оны тастап, әркім өз ісімен айналысып кетті. Біз осының бәрін халыққа ашық айтып, олармен бөлісіп отырдық. Сондай-ақ, бұл нағыз тиімді бизнес-шешім болды. Біз бизнесті бастағанда, Telegram-да «Заварили бизнес» каналын ашып, сонда барлық жаңалықтарымызбен бөлісіп отырдық. Шешім қабылдау сәтіміз, есеп-қисап, келіссөздер, қуаныш пен қайғы – бәрі жұртқа бүкпесіз жарияланып отырды. Біз олардың алдында қателесуге, оқырмандардан кеңес сұраудан қорықпадық. Кейбірі сериал көргендей бізді бақылап отырса, енді бірі бізді кәсіпкерлерге арналған курс ретінде қабылдады. Осылайша, нағыз реалити-бизнес пайда болды. Біз алғашқы 4000 оқырманды тез жинадық. Сондай-ақ, олар біздің кофеханамыздың алғашқы қонақтары болды.
Бизнес жайлы бұқараға неге бәрін ашық айту керек? Себептерін санамалап өтейін.
1. Сізді жақсы көреді
Біз бизнесті бастағанда оны екіге бөлдік. Telegram каналымызда бизнес пен ақша жайлы айтсақ, Instagram-да кофе мен адамдар туралы әңгімеледік. Біз Telegram серіктестер мен инвесторлар әкеледі деп ойладық. Ал, Instagram арқылы келушілерді тартамыз деген ой болды. Бірақ, бұл тәсіл басқаша болып шықты.
Біздің ең алғашқы қадамымыз ірімшік дүкеніне ешқандай атаусыз өзіміздің орнымызды ашу болды. Бізге алғашқы күні канал арқылы 150 адам келіп, біз 391$ пайда таптық. Атауы жазылған өзге кофеханалармен салыстырмалы түрде алатын болсақ, олар бір күнде 14,8730$ пайда тауып, күніне 40 адамды қабылдайды. Бізге қазір Мәскеуден бөлек, басқа да аудандардан клиенттер келеді.
Бұл былайша жұмыс істейді екен. Сен сату, сатып алу жайлы іш пыстырарлық дүние айтсаң да, өзіңнің эмоцияңмен, тәжірибеңмен, қорқынышыңмен қатар бөлісесің. Халық көпіршікті кофеден гөрі, бизнестің артында тұрған тірі адамды көргісі келеді. Егер сіз бизнес жайлы ашық айтар болсаңыз, адамдарды өзіңізге тартасыз. Маркетологтар мұны «ашық аудитория» деп атаса, біз мұны «өзіміз» деп атап кеттік.
2. Сізге көмектеседі
Біз бизнесті нөлден бастадық. Білмегеніміз көп болды. Осының салдарынан сау басымызға сақина тілеп, көптеген қиыншылықтармен күресуге тура келгенін білсеңіз ғой. Бизнестің іргетасы қалай қаланатынын білмейтіндерге бұл қызық. Олардың бізге көмектескісі де келеді.
Егер біз қандай да бір қиындыққа тап болсақ, олар ақыл-кеңестері мен көмегін аяған емес. Көшу үшін машина керек пе – оқырмандар арасынан жеткізіп тастайтындар табылады. Біз осы уақытқа дейін үш мекемеміздің екеуін оқырмандар көмегі арқылы аштық.
Біз өз тәжірибемізбен және эмоциямызбен бөліскеннен бері олар да құнды ақпараттарын ортаға сала бастады. Біз бұдан былай жалғыз болмадық.
3. Сізге ерекше жағдайлар жасала бастайды
Канал 4000 оқырманға жеткен соң түрлі мердігер компаниялар мен қызмет көрсету сервистері мақсатты аудиторияға айнала бастады. Канал үлкен болмағанымен, мақсаты айқын. Ондағылардың бәрі – кәсіпкерлер немесе осы кәсіпті бастауды жоспарлап жүргендер. Көптеген компаниялар осы платформада өз қызметтері жайлы айтқысы келеді.
Біз каналда жарнама жарияламаймыз. Бірақ, өз тәжірибелерімізбен міндетті түрде бөлісеміз. Егер банк тиімді ұсыныс білдірсе, оны міндетті түрде айтамыз. Керісінше, қызмет көрсету ұнамаса, оны да жасырып қалмаймыз. Тегін жарнамаға қол жеткізу үшін олар бізге өз қызметтерін жеңілдік арқылы да өткізгісі келеді.
4. Серіктес табу оңайға түседі
Егер сіз бизнес жайлы ашық айтсаңыз: басқаларына сіздің қабілетіңіз бен сіз ұстанатын ереже белгілі болады. Алаяқтар бұқарадан алшақ жүруге тырысады. Есесіне, бір мақсатты көздегендер бірін-бірі тауып, ұсыныстарымен бір-біріне асығады.
Өз салаңда атыңды қалыптастырып, танымал болу үшін бір-екі жылдай уақыт кетеді. Бірақ біз бұған екі-ақ айда жеттік. Бізді танымал қылған – жариялылық.
5. Сізде алдыға жылжуға талпыныс болады
Тіпті, қалай қарай жүреріңізді білмесеңіз де, ертеңгі күні міндетті түрде бір амалын табасыз. Шоу жалғасуға тиіс.
6. Сізді тәртіпке үйретеді
Бизнесте бәрі таза болуы мүмкін емес (менің не жайлы айтып отырғанымды түсінген боларсыз?). Алайда, жоба халыққа танылған болса, бәрін таза жасауға тырысасыз. Өйткені, сіздің қатеңізді кешіре салатын достарыңыз ғана сізді бақылап отырмағанын түсінесіз.
7. Өзгелердің өсуіне септігіңіз тиеді
Сіз бизнесіңіз жайлы ашық айтқанда, басқалар мұның қандай екенін түсінеді. «Сенің каналыңды оқып отырғанда, барлығыңда солай болу керек сияқты.» Бұл біздің оқырмандарымыздың пікірі. Сіз өз тәжірибеңізбен бөлісу арқылы өзгелердің көтерілуіне, олардың өз ісін бастауына септігіңіз тиеді. Кофехана ашуды ойлап жүрген оқырмандарымыздың бірі біздің каналды оқығаннан кейін оның қиындығын көріп, бұл істен бас тартқан.
Жеке бизнесің жайлы бүге-шүгесіне дейін айтудың қиын екенін мойындау керек. Бірақ, мен мұның өз атыңды қалыптастырып, жәрдем сұрауда өте жақсы тәсіл екенін айтқым келеді.