Балаңыз ЖОО-на түсе алмаса... ата-аналарға арналған 6 кеңес

16.08.2018

 

Мектептің соңғы жылындағы қарбалас басылғанымен, ыстық-суығы әлі де өте қойған жоқ. Күні кеше білім гранттарының тізімі жарияланып, бірі бөркін аспанға атса, енді бірі бұлыңғыр болашаққа күмәндана қарады. Ал күн сайын қымбаттаған оқу ақысына қарап, ата-ана да екі ойдың жетегінде қалды. Баласына қатарынан қалдырмай, білім де бергісі келеді. Ал, ең арзан деген оқу ақысы 400-500 000 теңгеге жетті. Көңілі мен ойы абыржулы ата-аналарға алты кеңес ұсынамыз. Бәлкім, кәдеңізге жарап қалар.

 

1. Тыныштық сақтаңыз

Балаңызды жағасынан алып керегі жоқ. Межелі баллды еншілей алмаса, оған жекіп, айып тағуға асықпаңыз. Өмірдің оған ұсынған мүмкіндіктері жетерлік. Тек, оның уақыты өзгелердікіндей бір уақытта келмеді. Сабыр сақтап, өмірдің тоқтап қалмағанына көз жеткізіңіз.

 

2. Балаға қолдау танытыңыз

Ол, бәлкім, өмірінде бірінші рет осындай қиындыққа тап болып тұрған шығар. Сондықтан, оны мұндай жағдайда жалғыз қалдырмаңыз. Керісінше, отбасыңызбен бұл жағдайды қалай шешуге болатынын бірге отырып, талқылаңыздар. Айыптау, балаға ұрсу – тығырықтан шығар жол емес екенін есіңізде сақтаңыз.

 

3. Жағдайдың жақсы жағын таба біліңіз

Бұған басқаша көзбен қарап көріңіз. Мәселен, АҚШ-та мектептен кейінгі бір жылды «құр» жіберу қалыпты жағдай. Бұл уақыт оларда one gap year деп аталады. Бұл уақытты жастар жұмыс істеуге, саяхатқа, білімін толықтыруға жұмсайды. Құжат тапсыру уақыты келгенде, олар мәжбүрлікті емес, жауапкершілікті сезінеді. Бастысы, бала оқудың өзі үшін керек екеніне көз жеткізу керек.

 

4. Басқа да нұсқаларды жіберіп алмаңыз

Ел президенті қазір кәсіптік мамандықтардың игерілуіне көптеп көңіл бөлуде. Сондықтан да, дәнекерлеуші, аспаз, машинист сынды салалардан үркудің қажеті жоқ. Керісінше, осыларды тегін оқып, таптырмас маман иесі болуға мүмкіндік бар! Бәрінің бірдей заңгер, қаржыгер болуы міндет емес! Әр алуандық қашан да керек.

 

5.«Б» жоспары әрдайым құрулы болсын

Егер біле білсеңіз, қазір ҰБТ мен Кешенді Тестілеуді екінші рет тапсыруға мүмкіндік бар. 25 шілде мен 3 тамыз аралығында қайта тапсыруға өтініш жазған 40 718 талапкер өз мүмкіндіктерін қайта сынап көрмекші. Сондықтан да, осындайларды қалт жібермей қарап жүріңіздер. Сондай-ақ, 1-курсқа түсу үшін оқу ордасымен келісім-шарт орнатып, 1-семестрдің соңында қайта тестілеу тапсырады.

 

Немесе ӘСКЕР

Оқуға түсе алмаған ұлдардың көбісі бір жыл Отан алдындағы борышын өтеп, кейін оқуын жалғастырып жатады. Бұны да бір нұсқа ретінде қарастыруға болады.

 

6. Келесі жылға дайындалыңыздар

Қазір тестілеуге дайындайтын курстар өте көп. Сапалы білім беретін дайындық орталықтарын тауып, келер жылға мақсат қойыңыз. Сондай-ақ, жоспар мен әр қадамыңыз нақты болсын.

Ата-ана қандай қадамға барса да, балада ең алдымен түйсік болуы шарт. Білімге деген ұмтылыс, болашаққа деген жоспар болмаса, бәрі де далбаса болары хақ ...

Назира Қасымбек
  •  1606