07.08.2018
ІІ БӨЛІМ. (Жалғасы). Басы
30-ға жуық мемлекетте болдым. Аз ақшамен қалай көп саяхаттауға болады?
Негізі, көп нәрсе бағанадан бері айтып жатқан ерік-жігерге келіп тіреледі. Ауызбен айту өте жеңіл. Іске келгенде біршама қиын болады. Өзім бала кезден ақшаға ұқыпты болатынмын. Ата-анамның берген ақшаларын жинап, мына нәрсені сатып аламын деп, алдыма бір мақсат қоятынмын. Арнайы тізім жасайтынмын. 6-сыныптан бастап, суретке түсіруге деген қызығушылық пайда болды. Күнделікті тамақтан қалған ақшаны жинап, ең алғашқы фотоаппаратымды өзім сатып алғанмын. Үйдегілерден ешқашан да ақша сұраған емеспін. Әрине, өздері көмектесіп жатса, қолын қайтармаймын ғой:) Еуропаға алғаш барғанымда да өзімнің жинап жүрген ақшаммен шықтым. Кейінірек, бір семестрге оқуға барғанда да, шығысымның көп бөлігін өзім жабуға тырысатынмын. Ал студент кезіңде қайдан ақша тауып жүрсін деген сұрақ еріксіз ойға келетіні рас. Негізі, істеймін деген адамға жұмыс көп деп ойлаймын. Мысалы, мен студент кезде бағдарламалаудан, ағылшын тілі, физика-математикадан репетитор болып, қазақ, орыс, ағылшын тілінде аудармашы болып не веб-сайттар жасап және тағы сол сияқты жұмыстар жасап жүретінмін. Дегенмен, түскен табысты дұрыс пайдалана білу, оны көбейте білу экономика мен бизнес жағынан да сауаттылықты қажет етеді.
Өмірімді өзгерткен оқиғалар. Отбасымнан бөлініп, бөгде орта, жаңа қалаға келуім маған өте қатты әсер етті. Алматыға оқуға түскен соң, Халықаралық IT Университеттіндегі алғашқы жылым менің өміріме өзгеріс енгізген елеулі сәттердің бірі болды. Бірінші күннен бастап сабақтың бәрі ағылшын тілінде өтетін. Студенттерге қойылған талап та қатал болды. Осылайша жоғарғы оқу орнындағы бірінші курс өмірімнің ағысын басқа арнаға бұрды деп айтсам болады.
Көзқарасымның өзгеруіне әсер еткен екінші оқиға - Еуропада оқыған бір семестр. Жаңа білім жүйесі, жат елдің мәдениеті, өмір сүру салты, халқының азаматтық және ұлттық позициясы және сол сияқты көптеген дүниелер басында таңсық болып көрінгенімен, кейінірек үйреншікті жағдайға айналады. Тек жергілікті халық емес, әлемнің түкпір-түкпірінен келіп жатқан студенттермен білім, тәжірибе және мәдениет алмасудың өзі неткен ғажап дүние десеңізші. Міне, осының бәрі ой-өрісімді кеңейтіп, таным-түсінігімнің өзгеруіне ықпал етті.
Дегенмен, бұл жай ғана бір семестр еді. Ал, қазір оқып жатқан магистратура бағдарламасы менің ойымды ғана емес, өмірімді де түбегейлі өзгертіп жатыр деп айтсам артық болмас. Францияның, Ұлыбританияның, АҚШ пен Аустралияның белді профессорлары мен әлемнің танымал компанияларынан келіп, дәріс оқып, тәжірибесімен бөлісетін мамандардан алған білімнің деңгейі, тіпті, бөлек. Одан алатын әсерімді айтып жеткізу мүмкін емес. Өмірімде осындай мүмкіндіктердің болғаны үшін расында Аллаға сансыз шүкір етемін.
Бір адамның өмірінің өзгеруіне септігім тисе, соның өзі үлкен жетістік. Менің мотивациям – адамдарға қол ұшын беріп, сауапты істерді көп жасау. Сондай-ақ, осы өмірдегі бәріміздің мақсатымыз бақытты отбасы құрып, артымызға ұрпақ қалдыру. Жай ғана ұрпақ қалдыру емес, саналы, салиқалы ұрпақ тәрбиелеу. Яғни, өзімнің балаларым болсын, жұрттың балалалары болсын - бәріне дұрыс жол көрсете алатындай тұлға болу, соларға сара жол салу. Сонымен қатар, еліме пайдамды тигізу. Адамзатқа септігім тисе, қуанар едім. Осы орайда айта кететін жайт, біздің қоғамда “программист” деген әйел баласына арналмаған деген түсінік бар. Мен мұнымен мүлде келіспеймін. Керісінше, бұл - нәзік жандылар үшін өте қолайлы мамандық деп ойлаймын. Себебі IT мамандары мұғалімдер мен дәрігерлер сияқты таңертеңнен қара кешке дейін жұмыста жүрмейді. Ноутбук пен интернет болса болғаны, үйде отырып-ақ әлемді өзгерте берсеңіз болады :) Карьераны құрып та, қоғамға пайда тигізіп те үлгересіз. Ал, ең бастысы, уақытыңыздың көп бөлігін отбасыңызға арнай аласыз.
Өзімді әлі толық қалыптасқан маман деп санамаймын. Менің ойымша, адамның жан-жақты дамығаны дұрыс. Әрине, әр адам өз кәсібінің нағыз маманы болуға тиіс, дегенмен, онымен шектеліп қалуға болмайды. Әр түрлі салалардан аз да болса хабардар болу керек деп ойлаймын. Қоршаған орта, физикалық құбылыстар, денсаулық және салауатты өмір салты, экономика мен философиядан, әлем әдебиеті мен мәдениетінен да хабары бар адаммен өмір жайлы ой толғаған өзіңізге де қызық емес пе?!
Жаңадан бері тек оқу жайлы айтып жатырмыз, дегенмен, оқу менің бүкіл өмірім емес, тек бір бөлігі ғана. Мысалы, бала кезімнен түрлі спорттың түрлерімен айналысамын. Оның ішінде жүзуді өте жақсы көремін. Қазір де тұрақты түрде жаттығу залына және бірнеше бидің түрлеріне барамын, әсіресе латын елдерінің билері ұнайды. Жақында домбыра үйренуді де қолға алдым.
Жалпы, бізде оқымысты қыздар үй шаруасына икемсіз келеді деген түсінік бар ғой. Меніңше, бұл да бір қате түйіндердің бірі. Барлығы алдын айтып өткенімдей тәрбиеге байланысты деп санаймын. Үйдің үлкені болғандықтан мені үй шаруасына өте бейім етіп тәрбиеледі. Сондықтан болар қазір де үйдің іші мұнтаздай таза болып тұрса ғана оқуға көңіл бөле аламын.
Тағы басқа да хоббилерім жайлы айтар болсам, кулинарияға өте қатты қызығамын, әсіресе, тәтті торттар, бәліштер дайындағанды ұнатамын. Әлем әдебиеті мен жақсы қасиеттерді бойға сіңіруді үйрететін кітаптар оқығанды жақсы көремін. Жақын жандармен уақыт өткізу де жаныма жылу сыйлайды, дегенмен, шетте жүргенде мұндай мүмкіндік көп бола бермейді. Театрға барып, мұражай аралағанда жаным жайланады. Әрине, тауға баруды, теңізге шомылуды және саяхаттауды жақсы көретінімді айтпаса да белгілі болып қалған шығар:) Бос уақытым көп болмайды, бірақ сол аз уақытты сапалы пайдалануға тырысамын.
Кеңес берер кітаптар. Қазір «Пластичность мозга» деген кітап оқып жатырмын. Мидың жұмыс істеуі мен оны басқару жайлы жазылған нейро-психологиялық шығарма. Оқырмандарға оқуға кеңес берер едім. Сонымен қатар, ол кітапқа қосымша Джейн Остейннің «Гордость и предубеждение» атты көркем туындысын оқудамын. Кеңес берер кітаптарға келер болсам: жеке тұлға болып қалыптасу жолында С. Кови, Б.Трейси мен Д.Карнегидің кітаптарын классика деп санаймын. Ал көркем әдебиеттен А.Дюманың “Граф Монте-Кристо”, Д.Лондонның “Мартин Иден” және Г.Робертстің “Шантарам” атты туындылары өте үлкен әсер қалдырды. Қазақ әдебиетінен М.Әуезовтің “Абай жолы” басқа туындылардан бір саты жоғары тұратыны айтпаса да белгілі.
Жоспарым өте көп. Алдағы 5, 10 және 25 жылға арналған жоспарларым бар. Одан бөлек өмірімнің соңына дейін жететін биік мақсаттарым, армандарым өте көп. Әрине, бәрі бір Алланың қолында. Маған негізі жоспарларыммен бөліскеннен гөрі, нәтижелермен бөліскен көбірек ұнайды.
Сұқбатыңызға көп рақмет!
P.S.Меруерт шетелде білім алу мен халықаралық стипендиялар жайлы осы жерде толығырақ айтып берді.