20 жасында 30-ға жуық мемлекетті аралаған қазақ қызы. Білім, еңбек, ақша мен саяхат туралы (1-бөлім)

31.07.2018

 

Бүгінгі кейіпкеріміз жоқтан бар жасап, бойдағы ниетті еңбекпен ұштастыра білген талапты жас. Меруертті бала кезден білімге деген құштарлығы биікке жетелеп, талай белестерді еркін бағындыруға жол ашты. Екі жылда Еуропаның 4 мемлекетінде қатар білім алып, саяхатқа уақыт тауып жүргені жайлы кейіпкеріміздің өзі баяндап берді.

Басты мақсатым – адамдарға қол ұшын созу

Бала кезімнен адамгершілік пен имандылыққа баулыған ата-әжемнің тәрбиесі менің өмірлік қағидаларымның қалыптасуына үлкен әсерін тигізді. Мысалы, мамандық таңдауда мен үшін тек өз қызығушылығым емес, өзгелерге пайдасы тиетін маман болу маңыздырақ болды. Өз қабілетім мен әр саланың қоғамға келтіретін пайдасын саралай келе, осы ақпараттық жүйелер маманы болуға бел будым. Себебі, өте үлкен қарқынмен дамып келе жатқан жаңа технологиялар арқылы білім, денсаулық, мәдениет, спорт, туризм сияқты түрлі салаларға өзгерістер енгізіп, халықтың өмір сүру деңгейін жоғарылату мүмкіндігіне ие екендігіне көзім жетті. Оның үстіне, батыстан біраз қалып қойғанымыз жалған емес. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін IT саласының тізгінін ұстауға бекіндім.

 

Барлығы ЕҢБЕКТІҢ арқасы. Адамға көп нәрсе ананың қанымен беріледі дейді. Мұның қаншалықты рас-өтірігін білмеймін. Алайда, менің математикаға деген қабілетім сол анам жақтан дарыған. Көпшілік математикалық бағытқа икемі бар жандар гуманитарлық салада сыр беріп жатады дегенді айтады. Бірақ, мен үшін екі бағыт та қиынға соққан жоқ. Маған үнемі отбасым: «Істей алмаймын деген болмайды. Істегім келмейді деген болады» дегенді санама сіңіріп өсірді. Кез-келген істе бастысы – ниет, сосын – еңбек маңызды деп ойлаймын.

 

Кешегі күн мен бүгінгі күні бір адам болмау керек. Адам күн сайын жаңа нәрсе үйреніп, өзгеріп отыруы қажет. Мен өзіме берілген 24 сағатты барынша пайдалы өткізуге тырысамын. Көп нәрсе адамның өзіне, ерік-жігеріне байланысты.

 

Шәкіртақыммен Еуропаға барып келдім. 3-курста оқып жүргенімде "Erasmus+» немесе «Студент алмасу» бағдарламасы бойынша іріктеу жарияланғанын көріп, бағымды сынағым келді. Бағдарламаның барлық талаптарына сай келіп, сынақтан сүрінбей өттім. Осылайша, Европаның Латвия мемлекетіне 1 семестр оқып келуге жолдама алдым. Дегенмен, алғаш рет Европаға 2-курста 2 жылдық шәкіртақымды жинап барғанмын. Дамыған елдерде өткізген қысқа уақытта біраз ой түйіп қайттым. Сондықтан кейінгі сапарымда ол жақтағы білім жүйесімен етене таныстым. Мені Латвия, Эстония елдерінің батыс Европамен иық теңестіру үшін бәсекеге қабілеттілігі, ғылымның биігіне ұмтылыстары таңдай қақтырды. Біз ол жақта кейбір сабақтарды магистратураның студенттерімен бірге оқыдық. Сондықтан олардың білім жүйесін тереңінен зерттеу мүмкіндігіне ие болдым.

 

Латвиядағы оқуымды сәтті аяқтап, елге оралдым. Сосын өндірістік тәжірибеден өтіп, дипломдық жұмысымды жазуға кірістім. Дипломдық жобамыз ҚР Білім және Ғылым Министрлігінің тапсырмасымен болды. Сол себепті жобаны уақытысынан ерте бастап, жаз бойы еңбектенуге тура келді. Жобаның мақсаты қазіргі заман талабына сай қазақ тілін үйренуге арналған мобильді қосымша жасап шығару еді. Уақыт өте тығыз болды. Дегенмен, командамыздың тынымсыз еңбегінің арқасында желтоқсан айында жобаны тәмамдап, нәтижесінде “Til Kemel” атты қосымша жарыққа шықты. Дипломдық жұмысымды уақытынан ерте аяқтағандықтан, біршама уақытым босады. Соны тиімді пайдалану үшін, әрі өміріме өзгеріс енгізу мақсатымен Алматы қаласында өткен Халықаралық Универсиадада ерікті қызметін атқарып, кейінірек AIESEC бағдарламасы бойынша Түркия мемлекетінде тағылымдамадан өтіп қайттым.

 

Латвияға «Erasmus+» бағдарламасымен барғандықтан, елге келгенде, аталмыш бағдарламаны толықтай зерттедім. Осылайша, Erasmus Mundus бағдарламасы жайлы ақпарат тауып, олардың магистратура мен докторантураға көптеген гранттар бөлетіні жайлы оқып білдім. Сонымен дипломдық жұмысыма қосымша күніге осы магистратураның емтихандарына дайындалып жүрдім. Бір семестр бойы таңғы 7-ден түнгі 10-ға дейін университеттен шықпай дайындалатынмын. Дипломдық жұмысымыз бар, университетте кәдімгі семестрлік сабақтар бар, одан соң IELTS-ке дайындық, ары қарай магистратураға дайындық тағы бар. Осындай еңбектің, табандылықтың және Алланың берген несібесінің арқасында, ақыры 4 мемлекетте оқу мүмкіндігін сыйлайтын бағдарламаның грантын ұтып алдым. Бакалаврда “Ақпараттық жүйелер” мамандығын тәмамдадым. Ал, магистратурада осы жаңа технологиялардың жаһандық экологиялық мәселелерді шешу жолында қолданылуы жайлы өз білімімді шыңдап келемін.

 

Бағдарлама бойынша, алғашқы семестрді Францияда оқыдым. Оқу процесі жеңіл болды деп айта алмаймын. Ондағы 4 ай уақытым 4 жылға созылғандай күй кештім. Таңертеңнен кешке дейін, сенбі-жексенбі күндері де жатпай-тұрмай еңбектендік. Менімен бір топта оқитын студенттердің бәрі менен жас ерекшелігі бойынша үлкен болды. Әрі бірнеше жыл жұмыс істеп, бірнеше жоғарғы оқу орнын тәмамдағандар. Университетті бітіре салып, сондай ортаға түсу, талапқа сай болу – мен үшін кәдімгідей үлкен сынақ болды. Оның үстіне намысқа да тырыстым. Шетте жүргенде бір адам арқылы бүтіндей бір елдің абыройы өлшенеді. Сондықтан да, Қазақстанды барынша жақсы жағынан көрсеткім келді. Екінші семестрді Финляндияда оқып аяқтадым. Бұл жақта білім жүйесі Франциядағыдай қатал емес. Студентке еркіндікті көп береді. Көбінесе, өз-өзіңізбен жұмыс істейсіз. Бұл жақтағы адамдардың ерік-жігері өте жоғары. Үнемі таңертең ерте тұрып, спортпен айналысады, түрлі үйірмелерге қатысып, өз біліктіліктерін әр түрлі салаларда арттырып жүреді. Сенбі-жексенбі болса да, кітапханаға барып, дайындалады. Ешкім оларды қыстамайды. Яғни, әр адам, мейлі оқушы болсын, мейлі студент болсын өз өміріне үлкен жауапкершілікпен қарайды.

 

Өзіңнен-өзің күшті бол. Оқушы кезімде көп мектеп ауыстырдым. Оның себебі оқыту жүйесінің сапасына көңілім толмайтынындығынан. Бастауыш сыныптың өзінде екі білім ордасын өзгерттім. Жоғарғы сыныпта да бірнеше рет мектеп ауыстыруға тура келді. Осылайша, білім беру деңгейі өте жоғары, қаладағы үздік 5 оқу ордасының біріне оқуға түстім. Онда да басында математика сыныбына емес, сурет сыныбына түсуге тура келді. Өйткені, әр бағытқа бөлінген сыныптардағы оқушылар саны 40-тан асатын. Мен оқыған сурет сыныбында 27 бала болды. Сурет салуға деген қабілетім сондағы балалар сияқты болмаса да, өз-өзіме сурет сала алатынымды дәлелдегім келді. Математикадан берілген тапсырмаларды тезірек жасап, уақытымның көп бөлігін сурет салуға арнайтынмын. Ұстаздарым есепке деген зейінімді байқап, 8-сыныпта математика сыныбына ауыстырды. Қарап отырсақ, бейнелеу өнері үлкен талантты қажет етеді. Екінің бірі қылқалам шебері бола алмайды. Талантым болмаса да, бойдағы талабымның арқасында аталмыш өнер түрін аз да болса меңгердім.

 

Назира Қасымбек
  •  2801