Қандай заттар 20 жылдан кейін қолданыста болмайды?

28.07.2018

 

Біз кей заттардың күнделікті өмірімізден шығып қалғанын байқамай жатамыз. Мәселен: видеомагнитофон, батырмалы телефон, фильм дискілері ... Бұл бұрындары қалыпты болған заттардың бір парасы ғана. Өткеннен қолданыста қалған теледидардың пульті мен есіктің кілті де көп ұзамай келмеске кетпек. Болашақта тағы неден айырылуымыз мүмкін?

 

Автомобиль айналары

Audi айнасыз көлікті көпшілікке таныстырып үлгерді. Тіпті, оны келер жылдан бастап, сатып ала аласыз. Жақында басқа автомобиль компаниялары да осы жаңашылдыққа көшпек. Барлық көліктерге камера орнатылып, борттық робот қауіп жайлы ескертетін болады.

 

Сондай-ақ, механикалық қорап пен сұйық отын қондырғылары да қолданыстан шығады. Биылдан бастап, Англияның барлық жаңа ғимараттарында электромобильдерді қуаттайтын станциялар пайда болады. Ал, 2035 жылдан бастап планета тұрғындарын экологиялық көлікке отырғызу жоспарлануда.

 

Қашықтық арқылы басқарылатын пульт


Күнделікті өмірімізде «ақылды үй» элементтерімен жиі кездесудеміз. Барлық құрылғыларды бір ғана смартфон немесе планшет арқылы басқаруға болады. Сондықтан, қазіргі пульт те жоғалмақ.

 

Қолма қол ақша мен кредит карталары

TSYS компаниясы 2017 жылы кең таралған төлем түрін анықтады. Олар өткізген зерттеу бойынша, 1000 адамның тек 120-сы ғана қолма-қол ақшамен төлеуді жөн көрген. Қалғандары карта арқылы төлем түрін ыңғайлы деп тапқан. Алайда, олардың да өмірі ұзақ емес секілді. Жақында пайда болатын сағат, смартфон басқа да гаджеттер арқылы төлеу – банк карталарын алмастырары сөзсіз.

 

Одан ертерек Selfie Pay технологиясы арқылы Master Card ноу-хау-ын игере бастаймыз. Бұл арқылы сауда-саттықты бір ғана смартфон жарқылымен төлейміз. Бұл жаңашылдық Европада биылғы жылдың қараша айында енгізілмек. Ал Ресей 2019 жылдың бас кезінде өз тәжірибесінде қолданып көрмек.

 

Кілттер

Енді бір-екі он жылдықтан соң машина мен үйдің кілттерін де ұмыта бастаймыз. Қазір қашықтық арқылы машинаны ашып-жабу таң қаларлық дүние емес. Енді пәтеріңізді смартфонның көмегімен, дауыс беру командасы немесе көз сканері арқылы ашатын күн де алыс емес.


Сымдар

Құлаққап пен қуаттағыш құралдардың сымдары енді қолданушыларды әбігерге түсірмейді. Әйтпесе, қоғамдық көліктерде құлаққаптың оралып қалған сымдарын шешіп, талайымыздың уақытымыз кететін. Енді құрылғыларды радиотолқын немесе Wi-Fi арқылы қуаттайтын боламыз. Осылайша, сымдар да біздің өмірімізден алыстамақ.

 

Шприц/Ине

Бұл жаңашылдықтың жақсы да, жаман да жағы бар. Жақсы жағы – болашақта инеден құтыламыз. Жаманы – олардың орнын «біртүрлі» технология баспақ. Ғалымдар олардың екі түрін ойлап тапты. Біріншісі – жоғары жылдамдықпен терінің астына енетін сұйықтық (реактивті инъекция); екіншісі – адамның ас қорыту жүйесінде еритін, ішінде инесі бар капсула. Қалай боларын болашақ көрсете жатар.

 

Жеткізіп беру қызметі

Соңғы жылдары курьерлердің орнын алмастыру үшін дрондарды тәжірибеде көп қолданып жүр. Біршама мемлекеттерде бұл әдіс танымалдылыққа ие болуда. Сондықтан, ұшатын объект жақын күндері өміріміздің бір бөлшегіне айналса, таңқалудың қажеті жоқ.


Құжаттардағы тұлғаның қолы

Қағаз бастылық екінші орында қалып жатыр. Ал биометрикалық жүйелер күн санап танымал болуда. Қазір смартфондар адамның жүзі арқылы бірнеше қызметті қатар орындауда. «Face ID» жүйесі болашақта құжаттағы қолды да жоқ қылады.

 

Полиэтилен пакеттері


Полиэтилен пакеттерінің ыдырауына көп жыл қажет екені бәріне белгілі. Сондықтан, кей мемлекеттер оны қолдануға қатаң тиым салған. Оның орнына табиғатқа зиян келтірмейтін сөмкелерді пайдалануға кеңес береді.

 

Компьютер тінтуірі


Көз, саусақ, дыбыс арқылы жүзеге асатын технологиялар енді компьютер тінтуірінің де жұмысын тоқтатпақ.

 

Қайталанбас кадрларды клондау

Алмастырылмайтын адамдар болмайды дейміз. Ал, Швейцария банкі басқша ойлайтын секілді. Сондықтан, олар өздерінің бас экономистерін клондап тастады. Даниэль Кальт жасанды интеллект базасында жұмыс істейді. Оның басты мақсаты – қаржы мамандарына көмек көрестіп, клиенттерге кеңес беру.

 

Оны клондау үшін, қаржыгердің әр қимылын қадағалайтын 120 HD камералары орнатылды. Жақында «диджитал Даниэль» өз міндеттеріне кіріседі. Ғалымдар оның түпнұсқадан еш айырмашылығы болмайтынын айтып отыр. Жобаның мақсаты айқын. Болашақта тағы осындай бірнеше қызметкерлердің көшірмесін жасау ойда бар. Ал сіз өз көшірмеңіздің болғанын қалар ма едіңіз?

Назира Қасымбек
  •  2617