17.07.2018
Кез-келген адам жол сөмкесін жинап алып, теңіздің жағасына яки у-шудан алыс жасыл қырат жаққа кетуді қалайды. Алайда, оның жолын бөгер жалғыз нәрсе бар. Ол – қаржы тапшылығы. Қаражаттың жеткіліксіз мөлшерде болуы көптің қолын байлайды. Тіпті, шетелді былай қойғанда, ел ішіндегі өзен-көлдерде демалу өте қымбат. Мұндайда не істеуге болады? Бұл тығырықтан сытылып шығып, демалысыңызды естен кетпейтіндей етіп ұйымдастыруға мүмкіндік бар!
Бір күндік сапар
Ұзақ уақыт саяхаттау кезіндегі алар әсерді бір күндік сапардан да табуға болады. Тек мына бір нәрсені ескергеніңіз абзал. Барар жеріңіз алыс болмасын. Бір-екі сағаттың ішінде жетіп, кешкілікте қонатын жер іздеп жүрмеңіз. Мұндай мекендерге көбінесе, табиғи парктер, тарихи жерлер мен ерекше сәулет ескерткіштері бар орындар мысал бола алады. Шарын шатқалы, Есік қорғаны, Тамғалы тас секілді орындарға күнбе-күн барып, өзіңізге тамаша демалыс сыйлауға әбден болады! Мұндай сапарлар әдетте «дәлме-дәл саяхат» деп те аталады.
Пәтер ауыстыру. Каучсерфинг.
Бір қарағанда қызық көрінуі мүмкін. Бірақ демалудың осыдан үнемдісін таппайсыз. Бұл жердегі басты құндылық – жан тыныштығы. Үйдегі күйбең-тіршілікті ұмытып, аяқты аспанға көтерер нағыз таптырмас орын. https://swap-house.com/ru/host/kazakhstan/almaty/ http://www.obmendomami.ru/ http://dream-travel-love.com/ru/ Осы сайттар арқылы керек қалаңыздан, өз таңдауыңыз бойынша жалға пәтер ала аласыз.
Маусымдық емес демалыс
Таңдауыңыз түскен мемлекетке немесе қалаға адам аз, маусым жабылған кезде барыңыз. Мәселен, Париждегі Эйфель мұнарасына қараша айында кезексіз көтерілуге болады. Әрі көз тартарлық мұнара жылдың қай кезінде болсын өте әдемі көрінеді емес пе? Жанға жылылық сыйлар дәмханалар үшін жаз бен қыстың айырмашылығы жоқ. Прагадағы Карлов көпірі де қай маусымда болмасын әсемдігін жоғалтқан емес.
Кариб аралдарын жел енді көтерілген күз мезгілінде көру – өте тамаша! Вьетнамдық демалыс аймақтары жауын-шашын кезінде де көріктілігін жоғалтпайды. Көріп тұрғандарыңыздай, мәселе мезгілде емес. Бар болғаны тыңғылықты дайындалып, көретін жерлеріңіздің сол маусымдада ашық тұратынына көз жеткізіп, жақсы жолсерік ертіп алсаңыз жетіп жатыр.
Топтық саяхат
Жалғыз өзіңіз пәтер жалдасаңыз, бір жағынан қымбат, екінші жағынан зерігетініңіз сөзсіз. Неғұрлым адам көп болса, пәтер жалдау да соғұрлым жеңілге түседі. Сауда-саттық, ас дайындау, мейрамханадан тамақ ішу де біршама қалтаға салмақ салмайды. Ең бастысы, қызық, думанды, ұзақ уақыт есте сақталар керемет сәттердің иесіне айналасыз.
«Бәрі ішінде» қызметінен аулақ болу
Кейбір сәтте «бәрі ішінде» қызметін бастан-аяқ қарап шыққан жөн. Оның ішінде сізге керек емес қызмет түрлері де болуы мүмкін.
Кемеде саяхаттау
Бұл демалыстың түрі – жолға, жатын орынға, көңіл көтеру мен тамаққа қаражатты үнемдеуі мүмкін. Алайда, маусым қызған шақта, әсте бұлай бола қоймасы анық.
Қайткенмен де, таңдау еркі өзіңізде. Демалыстың басты мақсаты – ақша шашу емес. Шетелге шығу да демалудың жазылмаған заңына енген жоқ. Бастысы, жаныңыз тыныштық табатын жер болса болды. Кейде отбасымен қала сыртындағы пикниктің өзін ешбір Анталья, Дубайдың алмастыра алмасы анық.