Франция құрамасы футболдан әлем чемпионы

16.07.2018

 

1 айға созылған футболдан әлем чемпионаты Францияның жеңісімен аяқталды. Ақтық сында Хорватиямен кездескен құрама 4:2 есебімен мундиальдің екі дүркін жеңімпазы атанды. Осыған дейін аталмыш елдің құрамасы 1998 жылы алғаш рет чемпиондық атаққа қол жеткізген.

 

Ойын басталысымен қос құрама бірден шабуылға көшті. Әлем чемпионатының финалында алғаш рет автогол соғылды. Оның авторы хорватиялық Марио Манджукич болды. Ойынның 18-минутында ол өз қақпасына гол соғып алды. Осылайша ашылған ойын есебін Хорватия ойыншысы Иван Перишич теңестірді. Ойынның бірінші таймы пенальтиден салынған гол есебінен Францияның пайдасына шешілді. Гол авторы Антуан Гризманн. Үзілістен кейін француз ойыншылары Поль Погба мен Килиан Мбаппе қақпаны дәл көздеп, құраманы алға шығарды. Есепті жақындатуға тырысқан хорватиялықтар 69-минутта қарсыластың қақпасына гол соқты. Финалдық кезеңнің алғашқы есебін ашқан Манджукич 21-чемпионаттың соңғы добын да өзі тепті. 4:2 есебімен Француздықтар алтынды қанжығаларына байласа, бірінші рет финалға шыққан Хорватия құрамасы 2-орынды місе тұтты. Мамандар мұның өзі олар үшін үлкен тарихи жетістік екенін айтты.

 

Аталмыш құраманың капитаны Лука Модрич биылғы чемпионаттың Үздік Футболшысы атанып, «Алтын допқа» ие болды. «Күміс допты» Бельгия капитаны Эден Азар еншілесе, Франция шабуылшысы Антуан Гризманн «Қола доптың» иегері атанды. Франциялық 19 жасар ойыншы Килиан Мбаппе «Ең үздік жас ойыншы» ретінде танылды. Ол чемпионат бойынша 4 гол соғып, оның біреуін финалдық кезеңде хорватияның қақпасына кіргізді. Англия құрамасының ойыншысы Харри Кэйн «Үздік шабуылшы» атанды. Ол турнир барысында 6 гол соққан. Үздік қақпашыға берілетін «Алтын қолғапты» бельгиялық Тибо Куртуа қанжығасына байлады. 26 жасар қақпашы әлем чемпионатындағы 7 матчта өз қақпасына 6 гол жіберіп алса, қалған 27 допты өткізбеген. Бельгия құрамасы Англияға есе жібермей 2:0 есебімен биылғы чемпионаттың қола жүлдегерлері атанды.

                    Лука Модрич. Үздік Футболшы

       Килиан Мбаппе. Ең үздік жас ойыншы

               Тибо Куртуа. "Алтын қолғап" иегері

                     Харри Кэйн. Үздік шабуылшы

 

32 құрама қатысқан теңбіл доп додасы биыл алғаш рет Ресей жерінде өткізілді. Төрт жылда бір болатын чемпионат 11 қаланың 12 футбол алаңында ойналды. Финалдық кезең Мәскеудің «Лужники» стадионында болды. Алаң иелері 1/4 финалда Хорватияға есе жіберіп, жарыс жолынан шығып қалды.

 

Биылғы мундиаль Исландия және Панама құрамасы үшін дебюттық ойын болды. Футбол жанкүйерлері енді 2022 жылы Катарда өтетін Әлем Чемпионатын тағатсыздана күтері анық.

  •  1779