Клиптік ойлау жүйесі. Психологиялық соққы.

12.07.2018

 

«Клиптік ойлау жүйесі» ұғымы ХІХ ғасырда пайда болды. Бұл – әлемді бүтіндей емес, тізбектелген, бөлшектенген қалыпта қабылдау дегенді білдіреді. Аталмыш терминді америкалық философ, футуролог, әлеуметтанушы Элвин Тоффлер енгізді. Бұл ұғым ерте заманнан бері журналистикада қолданылып келеді. Аталған салада «төңкерілген пирамида» деген ұғым бар. Мұның басты мақсаты кез-келген ақпарат тақырыпты оқығаннан-ақ түсінікті болу керек. Негізгі мәліметтер қысқаша лид деп аталатын бөлікте беріледі. Ал, ары қарайғы мәтінді оқу оқырманның өз еркінде. Мінеки, бір ғана сала ұғымы бүгінде бүтіндей бір ғасырдың айшықты мәселесіне айналып отыр.

Клиптік ойлау жүйесіндегі ақпараттар бір-бірімен логикалық жағынан байланыспайды. Әрқайсысы үзік-үзік бейнелер көрсетеді. Мәселен, күнде көретін әншілердің клипі, жарнамалар, лозунгтар, сондай-ақ, фильм  трейлерлерін атауға болады.  Ғаламтор қарыштап дамып, күн  сайын құбылған заманда ақпараттар ағыны өте көп. Сондықтан, оның бәрін бірдей қабылдау миға салмақ салады. Бұдан барып, белгілі бір оқиғаға немесе жаңалыққа қатысты ойды жинақтау қиынға соғады. Бұл өз кезегінде ақпаратқа анализ жасауға кедергі келтіреді. Өйткені, ой шашыраңқы. Сондай-ақ, бізге ұзақ уақыт бір ғана тақырыпта әңгіме айту қиын. Олай дейтініміз, қайта-қайта ой бөлініп, тақырыптар ауыса береді. Бұл клиптік ойлау жүйесіндегі кемшіліктің бірі. Оны ары қарай қазбалар болсақ, тағы талай минустарды көруге болады. Байқасаңыздар, қазіргі балалардың қабылдауы нашар. Ғалымдар олардың бұл қабілеті 80-жылғы оқушылармен салыстырғанда әлдеқайда төмен екендігін айтады. Кітап, газет-журнал оқу ойды тиянақтауға көмектеседі. Қазір мұндай құндылықтарды ешкім қолына көп алмайтындықтан, ақпараттарды сараптау қабілеті төмендеп барады. Жалғыз бұл емес. Балалар өз ойын жеткізуден қалған. Оқыған кітабын, я болмаса көрген филімін ұғынықты тілде айта алмайды. Сонымен қатар, кез-келген сұраққа жауап алу кезінде Google-дің көмегіне жүгінеді. Тіпті, жастар арасында «Google-дан сұра» деген тіркестер де қалыптасып қалған.

Қазір жаңалықтар бұқаралық ақпарат құралдарынан бөлек, әлеуметтік желі арқылы да таралуда. Бұл да ойды жинақтап, ақпараттарды сараптауға кедергі келтіреді.

 

Аналитикалық ойлау жүйесі төмен адамның ой-санасын жаулау да өте оңай. Біз өзімізге ұсынылған өнімді сараптап, оған анализ жасай алмасақ, маркетологтар мен жарнама қызметкерлерi керексіз затты лезде өткізіп жібере алады.

Алайда, кей зерттеушілер бұған ғаламторды емес, теледидарды кінәлауда. Өйткені, мағынасы жоқ жарнамалық роликтер адам санасына едәуір әсер ететінін айтады. Бірақ, жарнама арқылы табыс тауып отырған ақпарат құралдарының барын ескерсек, қысқа роликтердің бүгін-ертең көк жәшіктен түсуі күдік туғызады. Байқар болсақ, теледидарда 5 минут музыка берілсе, 5 минут жарнама. Радиода 3 минут жаңалық оқылса, 5 минут жарнама. Газет-журналдарда көзді бірден тартатын қызылды-жасылды қысқа-қысқа жарнамалар көп. Ғаламторға кіргенде экранның бір бұрышында «мені оқышы» дейтін тағы сансыз жарнамаға тап боласыз. Олар ұзақ емес. Сөйлемдері аз. Ақпараттары қысқа. Бірақ айтар ештеңкесі жоқ.  Мінеки, жалғыз жарнама клиптік ойлау жүйесі арқылы адам санасын осылайша оңай улауда.

 

Аталмыш ойлау жүйесінің бір жақсы жағы бір мезетте бірнеше тапсырманы қатар орындау қабілеттілігінде. Бірақ, дәрігерлер бұл мидың шарашап, қызметінің бұзылуына әкеп соғады дейді. Бір уақытта бірнеше істі қатар тыңдырған бәрімізге жақсы. Бірақ сапа мен денсаулық басты орында болу керек екені айтпаса да түсінікті.

 

«Клиптік ойлау жүйесі» фильмі

2014 жылы сәуірде режиссер Сергей Краустың «Клиптік ойлау жүйесі» атты деректі фильмі көпке ұсынылды. Алайда, картина қоғам пікірін екіге бөлді. Бірі сандырақ десе, екіншілері  табысты болудың басты сыры көрсетілген дегенді айтты.

 

Клиптік ойлау жүйесі – заманауи қоғамның асқынған дерті ме? Әлде қауіп пе?

 

Мұнымен күрес жолы қандай? Әрине, ол адамның өз қолында. Үнемі өзін-өзі дамытып, мүмкіндігінше көп оқып, аналитикалық ой қабілетін шыңдауға тиіс. Сонымен қатар, түрлі дебаттар мен ой-талқыларға қатысу да артық етпейді.

 

 

  •  4577