Астана – алты Алаштың орындалған арманы

06.07.2018

 

Көк тіреген зәулім ғимараттары бар алып шаһар бүгінде әлемнің алты құрлығына танымал. Жас қала. Жас та болса, Бас қала. Қазақтың астанасы. Алаштың бағына біткен арайлы Астана. Алып шаһар 20 жыл ішінде адам танымастай өзгерді. Астана кеше қандай еді? Бір мезет 20 жылға артқа шегініс жасайық.

 

1832 жылы Қараөткел шатқалында негізі қаланған Ақмола бекінісі 1863 жылы ресми түрде қала болып бекітілді. 1960 жылы еліміздің барлық тың игеретін облыстарының орталығы болды.

 

Тәуелсіз мемлекет құру және оның жаңа астанасын таңдау бақыты Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа бұйырды. Тұңғыш Президент 1994 жылы 6 шілдеде тәуелсіз Қазақстанның Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы заңға қол қойды. 1998 жылы 10 маусымда жаңа астананың халықаралық тұсаукесері өтті. 

 

Тарихта астанасын ауыстырған елдер аз емес. Бұл сөзімізге  АҚШ, Жапония, Ресей, Австралия, Бразилия сынды әлем елдері мысал бола алады.

«Жаңа астанаға көшу және оны салу туралы ой менде ертеректе, сонау алыстағы  - 1992 жылы туған еді, бірақ мен ол кезде мұны аузымнан шығармадым. Қйткені Қазақстанның экономикасы ойлағанды іске асыруға мүмкіндік бермеді. 1992 жылы Қазақстанның Президенттігіне бүкіл халық болып сайланғаннан кейін мен Ақмолаға келдім. Есілден көлденең тартылған ескі көпірдің ортасында тұрып, өзенге қарадым. Маған қаланың ортасында ағып өзен жатқан болса, қашанда сол ұнайтын. Өзен қалаға ерекше бір көрік береді, мәртебесін көтереді. Мысалы, бізде Жайықтың бойында Атырау, Сырдарияның бойында қызылорда, Тобылдың бойында Қостанай, Ертістің бойында Семей мен Кереку орналасқан. Ал әлемде қаншама Астаналар ылғи өзен жағасына салынған! Санкт-Петербург – Невада, Мәскеу – өзі аттас өзенде, Париж – Сенада, Лондон – Темзада тұр. Оның үстіне Ақмола Қазақстан мен бүкіл Еуразияның орталығына орналасқан». (Н.Ә.Назарбаев)


 

Белгілі блогер, журналист Өркен Кенжебек елорданың Астанаға көшірілуі кездейсоқ емес дегенді айтып, бірнеше салыстырулар жасаған.

«...Қазақияның соңғы төрт астанасының құс ұшпайтын биіктен қарағандағы көрінісі осылай болады екен. Өзі Орынбор орманды, Қызылорда құмды, Алматы таулы, ал Астана далалық аймақтан еді. Енді әрқайсысының арасын түзу сызықпен қосыңызшы, тура қиықша (ромб) көз алдыңызда пайда болады. Ол ол ма, Алаштың түпқазығы, хандар ордасы делінетін Ұлытау осы пішіннің қақ ортасында қалып тұр.  Бұл кездейсоқтық па? Жоқ!  Бұл ғажап ит басына іркіт төгілетін, қой үстіне бозторғай ұялайтын маңғаз өмірді меңзеп тұр ма, білмедім, иісі игілік шығар. Ықтималдық теориясымен тексеретін болсақ та, Орынбор, Қызылорда, Алматыны бәлшебиктердің әу деуімен, Мәскеудің мәу деуімен қойған еді. Астана ғана өз билігіміз өзімізге тигенде таңдап қойғанымыз екен. Қызық, ә?  Бір әріптен бір теңге пайда көрмесе, оқымайтын ұрпақпыз ғой, бұл сұлбадан не пайда деп сұрасаңызшы? Ресейді қараңыз, орыстың ең бір мәйегі шылқып шыққан сегіз қаласын «Алтын сақина» дейді. Сергиев Посад, Переславль, Ярославль дегендей.. картадан қараңызшы, сақина кәдімгі. Қазір танымал туристік бағыт бұл. Үндіні қараңыз, Дели –Джайпұр – Агра секілді әйгілі үш қаланы «Үндінің алтын үшбұрышы» дейді. Картадан қарасаңыз, түсінесіз. Ең танымал туристік бағыт осы. Анда үшбұрыш, мұнда сақина, бізде ромб болсын ал! Ендеше, төрт астанаға апаратын «Қазақстанның алтын ромбы» деген бағыт дап-дайын тұр...» 


Деректерге сүйенер болсақ, Арқа төсіне көшіп келген жылдары Астанадағы тұрғындар саны 300 500 болса, бұл көрсеткіш жиырма жылда 730 072 адамға өскен. Бүгінде қала тұрғындарының саны 1 млн 30 577-ге жетіп, Астана ірі мегаполистің бірі болды. Алып шаһар осы уақытта халықаралық маңызы бар түрлі форумдар, конгрестер мен өзге де іс-шаралар өтетін Еуразия кеңістігінің орталығына айналды. Бас қалада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері, Астана экономикалық форумы мен өзге де маңызды оқиғалар тұрақты түрде өтеді. ЕҚЫҰ-на төрағалық етіп, VII Қысқы Азия ойындарының спортшылары мен қонақтарын қабылдады. Өткен жылы «EXPO-2017» халықаралық көрмесін абыроймен өткізді. 2-3 шілде аралығында өткен Мэрлер форумында Жібек жолы бойы қалаларының альянсына мүше болады.

Қазір  Астана қаласында төрт аудан бар. Олардың қатарына Алматы, Сарыарқа, Есіл және биыл құрылған Байқоңыр ауданы кіреді. Халық ең тығыз қоныстанған аудан – Алматы. Мұнда халықтың 44%-і тұрады. Одан кейінгі орындағы Сарыарқа ауданыда 37,3%-і, ал Есіл ауданында 18,7%-і қоныстанған. Статистика комитетінің мәліметінше, қала  халқының басым бөлігі қазақтардан құралған. Яғни мұнда тұрғындардың 78,2%-і тұрады. Қаладағы орыстардың үлесі 18,4 %, украиндер 1,4 %, татарлар 1,1%, өзбектер 1%, немістер 0,9% және тағы басқа ұлттар мекен етеді.

 

ҚЫЗЫҚ ЕКЕН...

Еліміздегі статистика комитетінің хабарлауынша, 25 тұрғынға Астана деген есім қойылған. 30 адам Бәйтерек деген есіммен аталса, 43 тұрғынға Байтерек деп азан шақырып, ат қойыпты. Жақында ғана Қызылорда облысында Нұрпрезидент есімді сәби дүниеге келді.


Астана – бабалар арманы. Тарихқа үңілсек, бұл идея бұрын да көтерілген. Бұған Әлихан Бөкейхановтың «Григорий Николаевич Потанин» атты мақаласында анық көзімізді жеткізе аламыз.

«Қазақты автономия қылсақ, Қараөткел – Алаштың ортасы, сонда университет салып, қазақтың ұл-қызын оқытсақ «Қозы Көрпеш – Баянды» шығарған, Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақыпты тапқан қазақтың кім екенін Еуропа сонда білер еді-ау».

Кешегі бабалардың көкейін тілгілеген үлкен мәселе бүгінде өз шешімін тапты. Алаш ұрпақтары – Кенесарының табаны тиген, Әлихандар арман еткен, тәуелсіз Қазақстанда бой көтерген әсем қала Астананың тұрғындары. Дәл бүгін 20 жасқа толған Бас қала – тағдыр мен уақыттың қазаққа жасаған басты сыйы.

  •  743