26.06.2018
Моцарт әлемнің маңдайалды композиторларының бірі. Оның музыкасы адамның жанына жылылық сыйлап қана қоймай, зияткерлік деңгейдің көтерілуіне де әсер етеді. АҚШ пен Болгария ғалымдары осындай қорытындыға келіп отыр.
Зерттеуге қатысқан адамдардың бәрі Моцарттың шығармасын тыңдаған. Кейін олардың музыка тыңдағанға дейінгі және одан кейінгі IQ деңгейі салыстырылды. Зерттеу нәтижесі бойынша ғалымдар орташа коэффициенттің 8-10 пунктке дейін көтерілуі үшін 10 минут музыка тыңдау жеткілікті деген қорытындыға келді.
Үздік нәтижелер альцгеймер дертіне шалдыққандардан да байқалған. Вольфгангтың классикалық әуендері эпилепсия сынды ауыр сырқатқа шалдыққандарға да оң нәтижесін берген. К448 сонатасы аталмыш аурулардың азаюына ықпал еткен.
Америкалық ғалым әрі профессор Джон Дженкинс неврологиялық ауруға шалдыққандарға күніне 10 минут Моцарттың әуендерін тыңдатқан. Осыдан соң науқастар өздерін жақсы сезініп, қол-аяқтарын сәл де болсын басқара алатын қабілетке ие болған.
Швед ауруханаларында әйелдердің босанар алдында Вольфгангтың музыкасын қосып қояды. Дәрігерлер бұл әдіс шақалақты өлімнен аман алып қалады деген сенімде.
Мамандардың айтуынша, аталмыш әуен көңіл-күйді серпілтіп, сөйлеу мен есту қабілетін жақсартады. Егер тамақтану кезінде композитордың шығармасын тыңдайтын болсаңыз, онда ас қорыту жүйесі де қалыпқа келеді.
Моцарттың шығармасына табынушылардың бірі ретінде әлемге әйгілі дәрігер Альфред Томатисті атауға болады. Дәл осы кісі күн сайын Вольфгангтың классикалық әуендерін тыңдату арқылы Жерар Депардьенің есту қабілетін қалпына келтірген. Аталмыш терапеяның арқасында актер құлағындағы мүкістіктен арылып, кекештену мен есте сақтау қабілетіндегі қиындықтарды біржолата ұмытқан.
Канадада ерекше квартет жол-көлік оқиғаларын азайту мақсатында Моцарттың әуендерін ойнап, қайырымдылық көрсетеді.