Вампир: Өмір ме? Өлім бе?

20.06.2018

 

ХХІ ғасыр жастарының көпшілігі Стефани Майердің «Сумерки» романын сүйіп оқиды, әр филімін асқан қызығушылықпен тамашалайды. Ондағы талай ерекше қасиеттердің иесі Эдвардқа ғашық болмаған қыз кемде-кем шығар? Суреті талай қабырғада ілінген Эдвард көптің көкейіне шын өмірде қансорғыштар бар ма? деген сұрақты іркілтіп қойды.
 

Ғалымдар ойдан шығарылған образ иелері тек кітап беттерінде ғана емес, шынайы өмірде де кездесетіндерін айтады. Адам кейпіндегі қансорғыштар (вампирлер) өте сирек кездесетін порфирия ауруына шалдыққандар. Бұл тұқым қуалайтын дерт. Оның басты белгісі – организм қызыл қан жасушаларын (эритроцит) бөліп шығара алмайды. Бұл дертпен ауыратын науқастардың терілері өте нашар пигменттелгендіктен, оларға күнде көп жүруге болмайды. Күн сәулесінің әсерінен олардың тері қабаты күйіп, қою қызыл реңкке боялады. Күн сәулесі ваннасын (солярий) қабылдағаннан кейін, терінің сыртқы қабаты жұқарып, жара мен тыртық пайда болады. Сондай-ақ, науқастардың ауыз, ерін және тіс жиегіндегі терілері өте құрғақ болып келеді. Сондықтан, олардың ауыздары мен тістері қансырап тұрғандай болады. Мұндай сырқат белгілерінен соң адамның шындап қансорғышқа ұқсайтыны рас қой.
 

Порфирия дертінен бөлек, адамдар Ренфилд синдромымен де ұшырасып жатады. Бұл індетпен ауыратындардың қанға тәбеттері ашылып тұрады. Мұндай жағдайда олар үшін адам мен жануардың қанында айырмашылық болмайды.


ХХІ ғасырда ренфилд дертімен бірнеше адам тіркелген. Оның бірі Германия азаматы – Петер Кюртен. Ол өз әйелін өлтіріп, қанын ішкен.
Аталмыш сырқатқа шалдыққандардың суретіне қарар болсаңыз, келісті түр-келбетті ешкімнен кездестірмесіңіз анық. Олардың бейнесі фильмдегі психикалық ауытқушылығы бар адам өлтірушілерге көптеп келіңкірейді.

 

Бүгінде киноиндустрияда аталған образ иелеріне қатысты түсірілген түрлі жанрдағы фильмдер мен сериалдарды көп көреміз. Аталмыш туындылар жасөспірімдердің санасын улап жатқаны айтпаса да түсінікті. Тек оларды теледидар мен компьютер экрандарына телміртіп қойған фильмнің құдіреттілігі неде дейсің?

Назира Қасымбек
  •  2990