13.06.2018
12 маусымда жергілікті уақыт бойынша сағат 9-да АҚШ президенті Дональд Трамп пен Корей Халық Демократиялық Республикасының төрағасы Ким Чен Ын Сингапурдың Сентос аралында кездесті. Мемлекет басшыларының тарихтағы алғашқы басқосуы Сapella қонақ үйінде өтті. Екі президент қос мемлекеттің тулары қатар қойылған қызыл кілемде қол алысып, жылы шыраймен амандасты.
Дональд Трамп Ким Чен Ынмен бұрын-сонды болмаған кездесуін күтілген нәтижеден әлдеқайда жақсырақ болғанын айтады. Сондай-ақ, ол Солтүстік Корей елінің басшысын Ақ Үйге шақыруға толықтай дайын екенін жеткізді. Екі ел басшылары Корей түбегін ядролық қарусыздандыру құжатына қол қойды. Алайда, Трамп құжаттағы толық ақпараттарды құпия сақтап қалды. Ондағы мәліметтерді БАҚ-на арналған брифингте егжей-тегжейлі баяндайтынын жеткізді.
Ким Чен Ын: «Екі ел басшысы өткенді артта қалдыруға шешім қабылдады. Әлем үлкен өзгерістерді күтіп тұр» дегенді айтты.
Трамп Киммен «арнайы байланыс» орнатқанының нәтижесінде қарусыздандыру процессі тезірек жүзеге асатынын алға тартты. Құжатта уақыт шеңбері белгіленбеген. Алайда екі ел басшылары міндеттемелердің тезірек орындалуын қадағалайтынын тілге тиек етті. Сондай-ақ, АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Майк Пампео мен КХДР жоғары деңгейдегі лауазымды тұлғасы арасындағы келіссөздердің тез арада өту жайы да талқыланды. Сонымен қатар, құжатта ел президенттері жан-жақты, терең және шынайы пікір алмасқаны туралы айтылған.
Трамп КХДР қауіпсіздігін қамтамасыз етуге кепілдік берді. Өз кезегінде Ким Чен Ын да Корей түбегінің толықтай ядролық қарусыздануына байланысты өзін тұрақты және табанды ұстанымның иесі екенін растады.
Құжатта басты төрт мәселе көрсетілген:
1. АҚШ пен Солтүстік Корея екі ел халықтарының бейбітшілігі мен гүлденуі мақсатында жаңа қарым-қатынастар құруға міндеттеледі;
2. АҚШ пен КХДР Корей түбегінде тұрақты және бейбіт өмірдің қалыптасуына бар күштерін салады;
3. 2018 жылдың 27 сәуіріндегі Панмунджома Декларациясына сай Солтүстік Корея Корей түбегін толықтай ядролық қарусыздандыруға міндеттеледі;
4. 1950-1953 жылдары Корей соғысы кезінде қаза тапқан және хабарсыз кеткен америкалық әскерлерді іздестіруге келісті;
Әлем не дейді..?
Қытай Үкіметінің бас дипломаты, мемлекеттік кеңесші Ван И қос тараптың келіссөздерін қолдайтынын айтты.
«Екі ел басшылары қиындықтарды артқа тастап, түбекті толық ядролық қарусыздандыруға қол жеткізеді деген сенімдеміз. Сондай-ақ, бейбіт өмірдің тұрақтанатынына үміттіміз».
Ұлыбританияның Сыртқы Істер Министрі Джонсон Борис те бүгінгі қос мемлекеттің шешімі тұрақтылық пен бейбіт өмірге жасалған алғашқы қадамдардың бірі деді.
Ресей Федерациясының Сыртқы Істер Министрі Сергей Лавров кездесудің позитивті болғанын айтты. Сондай-ақ, ол құжатты көретін уақытты асыға күтетінін мәлімдеді.
Сонымен қатар, Қытай БҰҰ-на егер Пхеньян дипломатиялық келіссөздерді сәтті орындайтын болса, Солтүстік Кореяға қатысты санкцияны тоқтату мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Келіссөздердің дайындығына белсене қатысқан Жапония Премьер-Министрі Синдзо Абэ Ким басшыға ядролық қарусыздандыруға жасаған қадамын толықтай құптайтынын айтты.
Екі елдің ортақ шешіміне Индияның Сыртқы Істер Министрі де қуанышты екенін жеткізді.
Халықаралық Атом Энергия Агенттігінің Бас директоры Юкия Амано ХАЭА екі ел презденттері арасындағы келіссөз нәтижесінің жүзеге асуын өз бақылауында ұстайтынын айтты.
Оңтүстік Корея Президенті: «70 жыл бөлініп, бір-біріне дұшпан көзімен қарап келген қос мемлекеттің ортақ шешіміне сену қиын. Алайда, Корей түбегін қарусыздандыу қуантарлық жағдай» деді.
Трамп қорытынды сөзінде Ким Чен Ынның Солтүстік Корей елі атынан лайықты келіссөзші болғанын айтты. Бәрінен бұрын АҚШ президентін не таңқалдырды деген журналистер сұрағына ол:
«Ким дара тұлға және өте ақылды. Бұл оның бойындағы ғажап үйлесім. Сондай-ақ, ол өз елін сондай сүйеді. Біз кездесуде бір-біріміз жайлы, екі ел жайлы талай нәрсені білдік» деп жауап берді.
«Біз көп уақытты бірге өткіздік. Мұндай сәттердің көп болатынына сенемін.»
Екі мемлекет басшылары есікті жауып қойып тек қана аудармашылардың қатысуымен жеке өздері 40 минут әңгімелесті. Қос тараптың ресми өкілдері дүйсенбі күні іскерлік келіссөздер өткізді.
«Біз бұрын-сонды болмаған қарым-қатынас орнаттық. Бұл – бүгінгі күннің басты жетістігі.» (Дональд Трамп)
Трамп өзімен мемлекеттік хатшы Майк Помпеоны, Ұлттық Қауіпсіздік жөніндегі кеңесші Джон Болтонды, Ақ Үйдің штаб басшысы Джона Келлиді ертіп келді. Кимнің делегациясында Сыртқы Істер Министрі Ри Йонг Хо, Қорғаныс Министрі Но Кван Чол және саммиттегі келіссөздердің сәтті өтуінде маңызды рөл атқарған көмекшісі Ким Ён Чол болды. Сондай-ақ, делегацияның құрамында Кимнің қарындасы Ким Ё Чжон да төбе көрсетті. Ол Оңтүстік Кореяда өткен Қысқы олимпиада ойындарына Пхеньян құрамасын бастап барғанда өзін өте жақсы қырынан көрсете білді.
Екі ел президенттерінің кездесуі 1985 жылғы Женевадағы Рональд Рейган мен Михайл Горбачевтың жүздесуін еске салды. Енді әлем Ким Чен Ынға Ақ Үй иесі қашан шақырту жіберетіндігіне көз тігіп отыр.
Тарихта қалар сәтті АҚШ-тың бұқаралық ақпарат құралдары жіті бақылап отырды. Корей Халық Демократиялық Республикасы саяси ақпараттарды қатаң бақылауда ұстайтындықтан, маңызды оқиғалардың талайын тұрғындарынан жасырып отырады.