«Facial recognition» технологиясына қарсы алгоритм пайда болды

08.06.2018

 

Дамыған елдердің барлығы кеңінен қолданып жүрген «Facial recognition» технологиясы өзінің жемісін беріп келеді. Алайда, кез-келген жағдайдың екі жағы барын ескерсек, аталмыш технологияның кемшін тұстары да көзге ілініп жатыр.

Адамның жеке өміріне бас сұғушылық жиілеп кеткен соң, жүйенің жұмысын бұзатын алгоритм ойлап табылды. Ол машина жасау негізінде құрылған. Яғни, болашақта өзін-өзі жетілдіруге толықтай негіз бар. Жүйені құруда ғалымдар бір-біріне қарсы екі жасанды интеллекті пайдаланған. Бірі бет-жүзді анықтауға жұмыс істесе, екіншісі керісінше оны бұзуға тырысқан. "Қарусыз соғыстың" нәтижесінде ерекше фильтр жасалды. Ол суреттегі пиксельдер айырмашылығын адам көзі байқамайтындай етеді. Осылайша жүйе жұмыс істемей қалады. Әзірге бұл тек суреттерге қарсы жұмыс істейді. Құрылғының авторы  профессор Пархам Аараби осыған байланысты өз пікірін білдірді.

 

Қазір нейрондық жүйе алгоритімі өте  қатты дамуда. Адамның бір ғана суреті арқылы бірнеше мәліметтерге қол жеткізуге болады. Сондықтан, бұл үлкен проблемаға айналуда.

 

Жүйе авторы мұны 600 адамға, түрлі этнос өкілдерімен қатар әйелдер мен ерлерге қатар сынап көрген. Соның нәтижесінде жүйенің адамның бет-жүзін тануды 0,5%-ға төмендету қабілетіне ие екендігі анықталды. Бұл ғана емес. Зерттеу кезінде тағы бірнеше пайдалы деректер анықталды.  Жүйе адамның бет-жүзін тануда кедергі жасап қана қоймай, оның терісінің түсі, жынысы, мимикасын да анықтауға кедергі жасайды.

 

Бүгінде Ресейде бет-жүзді тану технологиясы банк саласында қарқынды қолданылуда. Өткен жылы Ресейлік "Открытие" банкі Open Garage технологиялы бренді аясында «Открытие.Переводы» деп аталатын мобильді қосымша жасап шығарған. Мұнда ақша аударғалы отырған клиенттің есеп-шоты мен аты-жөнін жазудың орнына бар болғаны суретін енгізсеңіз болғаны. Одан кейін аударуға тиіс қаржы мөлшері мен карта түрін таңдайсыз.

Аталмыш технология, сондай-ақ, Ресей метроларына да орнатылған. Қала бойынша пилоттық жобаның құны 30 млн рубльге шыққан.

 

Біздің еліміз де бұл жүйеге ақырындап аяқ басуда

Республикамызда орнатылған 3 мың бейнебақылау камераларының 526-сы адамның бет-жүзін тану қабілетіне ие. Мамандардың сөзінше, алдағы уақытта олардың санын арттыру көзделіп отыр. Павлодарлық мектептердің бірі бұл жүйені өз тәжірибелерінде қолдануда. Оқушылар мектепке кіргенде арнайы құрылғы оларды бет-жүздері арқылы қабылдап, ішке кіргізеді. Бала құрылғыдан өткен соң, оның ата-анасына баласының мектепке кіргендігі жайлы хабарлама түседі. Сабақ аяқталғанда да дәл осылай болады. Бұл оқушылардың қауіпсіздігі үшін жасалып отырған сақтық шарасы дейді мекеме басшылары.

 

Технологияның тез қарқынмен дамып жатқан заманында тек өзімізге пайдалы жағын дұрыс мақсатта қолдана білгеніміз дұрыс.

  •  2033