Бейімбет Майлиннің кешеуілдете тұтқындалуының себебі неде?

31.05.2018

 

Әр жыл сайын көктемнің соңғы күнінде қазақтың маңдайына біткен біртуар азаматтары жайлы толғанамыз. Кешегі Алаш арыстарының қазаққа істеген істері мен еткен еңбектерін айтып ой қозғаймыз. Жылда парақаталатыны сол бір тарих. Жаңарған дерек, сыры ашылған дүние болса, ортаға тастаудан ешкім де тартынбайды. Керісінше, бізге беймәлім төл тарихымыздың тың деректермен толыққаны барша Алаш үшін керек дүние.

 

Үстіміздегі жылы «Қазақстан» РТРК-ның тапсырысымен Мұрат Бидосовтың «Тар заман» көп сериалы кинотуындысы қалың жұртшылыққа жол тартты. Фильмде ұлт зиялылары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовтардан бөлек Нәзір Төреқұлов, Жүсіпбек Аймауытов, Смағұл Сәдуақасов, Мұхамеджан Тынышбаев сынды тарихи тұлғалардың образы көркем суреттелді. Алайда, осы тізімнен қазақ ұлдарының бірі Бейімбет Майлиннің қалыс қалуының себебі неде? Жазушының өз қатарластарынан кеш тұтқындалуына не себеп болған? Аталмыш материалда филолог Тоқтар Бейісқұловтың «Бейімбетті атқан кім?» атты еңбегіндегі тың деректермен бөлісетін боламыз.

 

Бейімбет Майлинді бәріміз  «Шұғаның белгісі», «Күлпәш», «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» секілді әңгімелердің авторы, қала берді Мырқымбай образы арқылы жақсы танимыз. Бұдан бөлек, «Алашорда» сапында болғанынан да хабарсыз емеспіз. Жазушының қазақ киносы тарихындағы алғашқы фильмі «Амангелдіні» түсіруге қатысы болғандығын бірі білсе, енді бірі біле бермейді. Майлиннің дәл осы фильмнің басы-қасында жүруі – оның кешеуілдете тұтқындалуының басты себебі болған. Бұл жайлы филолог өз пікірін білдірді.

«Құрығы ұзын қауіпсіздік коммитетінің жаланып, жұтынып тұрған жан алғыштары ол жерден де тарпа бас салып алып кетер еді. Бір кедергі жасалған, оларға, сірә.»

Оны қаламгер Т.Кәкішевтың қадірлі жазушы Ғ.Мүсіреповпен 1974 жылы 5 шілдеде жазысқан хаттарынан айқын аңғарғанын айтады.

Ғ.Мүсірепов: «...осы мына Қаракәстекте күллі әртістер, «Ленфильмнің» адамдары жаз бойы «Амангелді» фильмін түсіріп жатқан. Бейімбет ұсталардан бір-екі жеті бұрын Мирзоян маған: «Сәкен мен Ілияс ұсталып кетті. Енді, міне, Бейімбет те ұсталайын деп отыр. Материал көп...»,- деп қынжыла айтты. Сонда мен Мирзояннан: «Онда мына фильмді қайтеміз?..»,- деп сұрадым. «Түсіре берсін фильмді. Бір амалы табылар, ол фильм керек қой»,- деді ол («Ескірмейді естілік». «Жазушы», 1994ж., 276-б.).

 Осылайша, Бейімбеттің кеш тұтқындалғанына себепші болған Мирзоян екенін білдік. Алайда, ол да аждаһаның аранынан құтыла алған жоқ.

Бейімбет Майлин Ілиястан 53, Ғаббастан 63, Сәкеннен 12 күннен кейін түрмеге әкетілді. Дәл 6 қазан күні, фильм түсіріліп біткен соң, жазушы түнде үйінен тұтқындалады.

5 ай бойы тергеу абақтысында жатып, теперіш көрген Майлинге Қылмыстық Кодекстің 319 және 320-баптарын басшылыққа ала отырып, КСРО Жоғарғы Соты әскери алқасының көшпелі сессиясы үкім шығарды. Бейімбет Жармағамбетұлы Майлинді ең жоғарғы қылмыстық жаза – ату жазасына кесіп, жеке заттарын тәркілеуге бұйырды.

Қазақ КСР Ішкі істер халық комиссары, Мемлекеттік қауіпсіздігінің 1-рангалы комиссары Ж.Реденске: «Атуға кесілгендердің үкімін орындауға нұсқау беруіңізді сұраймын» деп хат жолдаған Горячевтың сұранысы тез арада қанағаттандырылып, бір күнде 37 адам атылды.

Демограф-ғалым Мақаш Тәтімовтың есептеуінше, КСРО Жоғарғы Соты әскери алқасының Алматы қаласында 1938 жылдың ақпан-наурыз айларында өткен көшпелі сессиясының үкімі бойынша, 25 ақпаннан 13 наурызға дейінгі аралықта 631 адам атылған екен. Олардың қатарында Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Л.И.Мирзоян, екінші хатшысы С.Нұрпейісов, Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы О.Исаев та болды.

 

Орындалмаған аманат

Бейімбет атылған 46 күннен соң, жары Гүлжамал 1938 жылы 13 сәуір күні тұтқындалады. Жазушының жары өзіне аманаттаған екі тапсырмасын да орындай алмады. Сақта деп берген қолжабаларына да, көзжазба деген балаларын да ие бола алмады. Гүлжамал РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-бабы бойынша сегіз жылға кесіліп, «АЛЖИРГЕ» жіберіледі.

Ол жерде А.Байтұрсыновтың жұбайы – Бадрисафа, Т.Рысқұловтың жары – Әзиза, С.Меңдешовтың жары –Рәзия, С.Асфендияровтың жары – Рәбиға, Т.Жүргеновтың жары – Дәмеш, Ұ.Құлымбетовтың жары – Әйіш, С.Есқараевтың жары – Мәрия, Қ.Тәштитовтың жары – Сағадат, С.Қожановтың жары –Күләндам, І.Қабыловтың жары – Айша, С.Сәдуақасовтың жары – Елизавета, М.Жұмабаевтың жары – Зылиха сынды ел аналары болды.

Сегіз жылын толықтай өтеп шыққан Гүлжамал балаларын бауырына басып, тіршіліктерін жалғастырады. Алайда, «халық жауының баласы» деген атақ жазушының ұрпақтарына күн бермейді. Осындай желеумен оқуға түсе алмаған Гүлсімге Ғ.Мүсірепов, С.Қожамқұлов жәрдем жасайды. Бұл – олардың Бейімбетке деген асқан құрметінің белгісі еді.

1957 жылы араға 19 жыл салып, публицист, жазушы, драматург Бейітбет Майлин ақталды.

Болашаққа сенгендер

Әлихан Бөкейханов Ахмет пен Міржақыпқа жазған хатыңда: «..Алда әлі күнді көре білетін ұрпақ келеді! Сол күнді көретін ұрпақ сендерді еске алатын болады. Бізді ризашылықпен, үлкен құрметпен еске алатын болады! Өкінбеңдер! Күрес жолына түскендеріңе өкінбеңдер!» дейді.

Олар бүгінгі заман үшін өз жандарын азаттық жолында тәрк етті. Артыңа өшпестей мұра қалдырған ұлт ардақтылары жүрегі «қазақ» деп соққан әрбір Алаш азаматының санасында мәңгілікке жаңғырмақ! Бүгінгі ұрпаққа олардың алдындағы қарызын өтеу тым қиынға түспек. Уақыт алға жылжыған сайын, біз олардан алыстап барамыз. Бастысы, бізге қалдырған ұлы мұрасын алыстатып алмасақ болғаны...

 

  •  2780