Шетелдерде оқып жүр талай қазақ баласы

26.05.2018

 

Бүгінгі күні мұхит асып, жат жерде талай қазақтың ұлы мен қызы білім алуда. Шекараның ар жағында білімін жетілдіру қазіргі таңда жастарға беріліп отырған үлкен мүмкіндіктердің бірі. Әрине, ондай мүмкіндікті екінің бірі иелене алмасы анық. Өйткені, талап қатал. Бүгінде жастарды шетелдерде оқытатын көптеген бағдарламалар бар. Олардың көшін бастап тұрған – «Болашақ» стипендиясы. Аталмыш бағдарлама бойынша 24 жыл ішінде 11 мыңнан астап түлек білім алған. Бұдан бөлек, «Chevening», “Erasmus”, “Exchange Students”   бағдарламалары да жастардың білімін жетілдіруіне зор мүмкіндік беріп отыр. Біз аталмыш бағдарламалардың стипендиаттарымен сұқбат жүргізіп, шетелде оқу жайлы пікірлерін сұрап көрдік.

 

Меруерт Нұрғазы, «Erasmus Mundus» бағдарламасының магистранты, Лаппеенранта технологиялық университетінің студенті: Мен бұл бағдарлама жайлы 3-курста Ригада («Erasmus+ Студент алмасу» бағдарламасы) оқып жүргенде білдім. Елге келген соң интернет ресурстары арқылы бағдарламамен толыққанды таныстым. «Erasmus-тың» өзінде 150 түрлі бағдарлама бар. Әрқайсының талаптары әртүрлі. Мен өзіме 3 мамандықты таңдадым. Оның бәрі техникаға байланысты салалар. Мен таңдаған бағдарлама бойынша, әр семестрді түрлі мемлекетте оқимын. Мысалы, 1-семестрді Францияда оқыдым. Қазір Финляндияда білімімді жалғастырудамын. Кейінгі семестрді Швецияда оқитын боламын.

Біздің мемлекетке қарағанда Европаның басты ерекшелігі – технологиялардың қарқынды дамуында. Біз мұнда жасаған дүниенің барлығының нәтижесін бірден көре аламыз. Яғни, теориялық білімді практикамен қатар ұштастырамыз. 1-семестрде Францияда оқығанымда, университеттің өзінің лабораториялары болды. Алайда, ол жақта оқу тәртібі өте қатал еді. Таңертеңнен қара кешке дейін университетте сабақ болады, оған қоса жеке тапсырмалар өте көп береді. Ал, Финляндияда болса, студенттерге біраз еркіндік берілген. Семестрге бірнеше үлкен жобалар беріледі. Барлығын өз бос уақытыңызда жасауға тиіссіз, соңғы дедлайнға дейін ешкім қадағаламайды. Дегенмен, уақытыңыздың бәрін тиімді пайдаланып, берілген тапсырмаларды уақытында орындауға тырысасыз. Себебі, жобалар өте ауқымды, бір күнде жасай салатын дүние емес. Оған қоса ғылыми зерттеулерге үлкен мән берілген. Қарап тұрсақ, қазір Қазақстанмен қосқанда бес мемлекетте білім алып, олардың білім жүйесімен етене танысыппын. Соның ішінде маған осы Финляндияның білім беру жүйесі қатты ұнады. Статистикаға сүйенсек те, Финляндияның білім жүйесі әлемдегі ең озық жүйелердің бірі. Бұған ең басты себеп адамдардың жауапкершілігінің өте жоғары деңгейде болуы деп ойлаймын. Мұнда жастар ата-аналарына тәуелді емес. Мамандықты, оқу орнын өздері таңдап, өздері үшін білім алады. Қарап тұрсам, университет базасын есепке алмасақ, олардың үйретіп жатқанының көбісі интернетте бар дүниелер. Бар болғаны, сол жауапкершіліктің жоғары болғанынан студенттер өздері ізденіп, оқудың өздері үшін керектігін терең түсіне біледі. Менің ойымша, біздің елде де жүйені біраз өзгертсек, көп мүмкіндіктерге кенелер едік. Ол үшін, меніңше, жастарға басымдықты көп беру керек сияқты. Өйткені, олардың ойлау деңгейі де, сана-сезімдері де алдыңғы толқыннан мүлдем бөлек. Сондай-ақ, қазіргі заманға, өздері қатарлас жастарға не керек екенін жақсы біледі. Екіншісі, жаңалық енгізуден қорықпау керек. Үнемі бір сарынды өмір сүрсек, артта қаларымыз сөзсіз. Сол себепті дамудың жаңа бағыттарын қарастырып, оны қолданып үйренуіміз керек.

Болашаққа деген жоспар жетерлік. Бірақ онымен бөліскеннен гөрі нәтижесін көрсеткенді құп көремін. Бастысы, осында алған білімімді, тәжірибемді еліміздің дамуы үшін қолданатын боламын.

Зульфия Темірғалиева, «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты, Кардиф университетінің магистрант студенті:  Мен бұрыннан шетелде білім алып жатқан қазақстандық жастарға қызығатынмын. Шет тілін меңгеріп, өзге мемлекетте білім алу менің бала кезден бергі арманым еді. Мен 28 жасымда ағылшын тілін меңгеріп, «Болашақ» бағдарламасына құжаттарымды тапсырдым. Стипендиаттардың тізімінен өзімнің аты-жөнімді көргендегі сезімімді сөзбен айтып жеткізе алмаспын. Мен бакалаврды Қазақстандағы университеттердің бірінде «журналистика» мамандығы бойынша аяқтадым. Ал, магистратураны «қоғаммен байланыс» мамандығы бойынша Британия университетінде жаластырып жатырмын. Бір байқағаным, Қазақстанда теориялық білімге көп мән береді екен. Біз сессия кезінде қазақ журналистикасының тарихы дейтін сабақтардың бәрін теория жүзінде тапсырдық. Британияда керісінше. Практикаға басымдық берілген. Сондай-ақ, біздің елде емтихан тапсырудың бір ғана түрі таңдалады. Мысалы, не ауызша, не жазбаша. Мына жақта бір сабақтан үш түрлі емтихан тапсыру міндеттелген. Сондай-ақ, өзіндік жұмыстарды да көп береді. Бұл – уақытты тиімді пайдаланып үйренуге де өз әсерін тигізеді. Бұл жақта студенттердің білім алуына көптеген жағдай жасалған. Кітапханалардың барлығы тәулік бойы жұмыс істейді. Сондай-ақ, ол жердің бәрі үнемі студенттерге толы болады.

Шетелде оқудың басты ерекшелігі – бізде жоқ базамен білім алу. Олар бізден едәуір көш ілгері болғандықтан, білім беру тәсілдері де мүлдем басқаша. Яғни, сен шетелде оқу арқылы өз біліміңді тереңдету үшін көптеген мүмкіндіктерге ие боласың. Сондай-ақ, тағы бір артықшылығы – ағылшын тілін меңгеру. Енді бұл тілдің маңыздылығын айтып отырудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Бастысы, кез-келген адам бұл тіл болашақтың тілі екенін түсінсе деймін. Одан кейін, әрине, әр елден жиналған адамдар, түрлі мәдениет, түрлі көзқарас. Мұның барлығы көзқарастың өзгеруіне, дүниетанымның кеңеюіне ықпал етеді.

Мен осында алған білімімді өз елімнің даму жолында қолданғым келеді. Қазір PR саласына қатысты тәжірибе жинақтаудамын. Кейін өзге фирмаларға PR стратегиялар бойынша көмек беретін жеке компаниямды ашқым келеді.

 

Айгерім Төлеуханова «Chevening» бағдарламасы бойынша Лондон экономика және саяси ғылымдар мектебінің магистрант студенті:  Бұл стипендия Ұлыбритания үкіметінің ұсынған гранты. Оны иелену үшін сіздің бойыңызда ең алдымен көшбасшылық қасиет болу керек. Сондай-ақ, өз еліңіздің дамуына үлкен өзгерістер енгізе алатындай дәрежеде болуыңыз қажет. Сондай-ақ, басқа шетелдік талаптар бойынша, ағылшын тілін жоғары деңгейде меңгеруіңіз шарт. Англиядағы білім ең алдымен, сапасымен ерекшеленеді. Мұнда студенттер шынымен күні бойы басын көтермей оқиды. Барлығына сыни көзқараспен қарайды. Біз жақтағы студенттердің көбінің білімі жаттанды. Мен Ұлыбританиядағы ғана емес, әлемдегі ең үздік университеттердің бірінде білім алып жатырмын. Сондықтан, ол менің мансап жолында өсуіме көмектеседі әрі үлкен мүмкіндіктер береді.

P.S. Қазақтың бас ақыны Абай: «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген ғана нәрселермен озады. Онан басқа нәрселермен оздым ғой деудің бәрі ақымақтық», - дегенді айтқан. Бүгінгі мақаламызға арқау болған қазақ жастары қатарластарынан озық шығып, еліміздің көшін алға сүйреу үшін шетелде білім алуда. Олардың білімге деген құштарлығы, Отанға деген сүйіспеншілігі замандастарына үлгі болады деген сенімдеміз. Бой жарыстыратын емес, ой жарыстыратын заманда өмір сүріп жатқанымызды қазақтың қаршадай қыздары тағы бір мәрте еске салғандай болды. Ел мәртебесін асқақтатар білімді жастарымыздың қатары көп болғай!

  •  3410