Адам орнын алмастырғандар

13.03.2018

 

Біз қиялдағы түрлі идеялардың шындыққа айналатын дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Технологиямен қатар робот саласы да қарқында дамуда. Осы саладағы бәсекелес фирмалар күн  сайын адамға көмек көрсететін, өзге планеталарды зерттеп, тірі ағзаларға еліктейтін ұқсас роботтардың жаңа модельдерін ойлап табуда. Олардың қайсысы жақсы екенін дөп басып айту қиынырақ. Себебі, барлығының өзіндік атқаратын қызметі мен ерекшелігі бар және әрқайсысы өз ісінің шебері.

 

1. WheeMe – израильдік DreamBots компаниясы жасап шығарған әлемдегі ең алғашқы массаж жасайтын робот. Үлкендігі адам алақанынан аспайтын роботтың салмағы бар болғаны 240 грамм. Соған қарамастан, адам денесінде құламай еркін қозғала алады. Роботтың құлап кетпеуіне күрделі сенсорлық жүйе жауап береді.

2. «Кьориосити» - үлкендігі орташа автокөліктен аспайтын бұл роботты 2011 жылдың 26 қарашасында NASA ұйымы Марсқа жіберген болатын. Аталмыш роботтың арнайы Гейл кратерін зерттеуге арналған автономды химиялық лабораториясы бар. Бұл NASA-ның ең ұзақ пайдаланған және ең қымбат тұратын жобасы. NASA бұл робот үшін 2,5 млрд доллар қаржысы мен 10 жыл уақытын жұмсаған екен.

3. Titan – немістің KUKA Robotics фирмасы жасап шығарған, Гинестің рекордтар кітабына енген планетаның ең мықты роботтарының бірі. Titan 6,5 метр қашықтыққа 1 тоннаға дейінгі салмақтағы қозғалтқыштарды, кеме мен ұшақ бөліктерін тасылмалдай алады. Кейде осындай бірнеше ауыр салмақтағы бөлшектерді біріктіре алады.

4. KeepOn – 2007 жылы Хидеки Кодзима ойлап тапқан, кішігірім билейтін ойыншық. Бұл робот терең аутизмді балалардың әлеуметтік қабілеттерін қалыптастырып, қозғалыс координациясын үйрету мақсатында жасалған.

5. I-Sobot – 16 см және салмағы 340 грамды құрайтын адамға ұқсас әлемдегі ең кішкентай роботтардың бірі. Жапонияның экономика, сауда және өндіріс министрлігінің «2008 жылдың үздік роботы» марапатын жеңіп алған. I-Sobot жүреді, «ауадағы гитарада» ойнап, 200 түрлі қимыл-әрекеттер жасай алады. Пультпен және дыбыстық тәсілмен басқарылады.

6. Pleo – Калеб Чангтың жағдайды бақылай алатын, оқытып, түрлі эмоциялар көрсететін ойыншық динозавры. Мықты сенсорының арқасында, Pleo түстер мен олардың реңін ажыратады, тіпті, тамақ пен дәріні де сезеді. Сонымен қатар, тамақтану мен ұйықтау сияқты функцияларды суреттей алады.

7. PackBot – 2001 жылы америкалық iROBOT компаниясы ойлап тапқан роботтар сериясы. Иран мен Ауғанстанда ақпарат жинап, миналарды іздеу үшін және құрылғыларды жеткізу үшін пайдаланылған. PackBot-тың жылдамдығы 14 км\сағ. Оны қашықтан басқарады немесе өздігінен, GPS-тің көмегімен қозғала алады.

8. BigDog – Boston Dynamics өндірген, ойлы-қырлы жерлерде еркін қозғалатын, әскери тапсырмаларды орындау мақсатында қолданылатын ерекше робот. Оның салмағы –110 кг құраса, биіктігі – 80 см. BigDog кез келген жерде сағатына 6,5 км-ді, 150 кг салмақты жүкпен бағындыра алады. LIDAR оптикалық жүйесі мен стереолық көру қабілеті арқылы жолды да тауып бара алады.

9. Stanley – Стэнфорд университеті мен Volkswagen компаниясы бірігіп жасаған бұл автомобиль пилотсыз басқарылады. 2005 жылы DAPRA сайысында 2 млн доллар жүлдені жеңіп алған, әлемдегі ең үздік пилотсыз автокөлік болып табылады. Stanley 212 км-лік сынақ трассасын орташа жылдамдықпен (30 км/сағ) 7 сағатта жүріп өткен. Мұны ландшафтты анықтайтын Sick AG LIDAR мен  GPS-навигатордың көмегімен жүзеге асырған.

10. Shaft – 2013 жылы DAPRA сайысында таныстырылған Google-дың роботы. Ол құтқару жұмыстарын жүргізу үшін өндірілген.  Ауыр жүктерді көтеріп, бұрғылау аппаратының көмегімен вентильдер мен есік тұтқаларын бұрай алады. Мұндай функцияларды жасайтын роботтар өте аз. Жаңа өндірістік өзгерістерге байланысты Shaft жылдам әрі әсерлі қозғала алды.

  

  •  2550