22.01.2018
Музыканың адамды жетістікке жеткізуі мүмкін бе? Оның денсаулығымызға, жүйке жүйемізге ықпалы қаншалықты? Адамға өз ойын жинақтауда музыканың көмегі бар ма? Ендеше, бұл мақаламызда кез келгеннің жүрек құлпын ашатын музыканың адамға қалай әсер ететінін туралы сөз қозғайтын боламыз.
Негізі, бір мәселе төңірегінде ойланып, санадағы сауалдарға жауап іздеп отырғанда музыка тыңдау аса қажет емес. Бұндай сәттерде керісінше, толық тыныштықта жұмыс жасаған абзал. Көпшілігімізде солай емес пе? Дегенмен, кейбір жандарға маңызды шешім қабылдау барысында ойын жинақтау үшін қандай да бір фон қажет болады. Музыкалық дыбыстар оларға әуезді әннен бөлек жұмысқа деген ерекше құлшыныс сыйлайды. Ал 2005 жылы Ұлыбританиялық ғалымдар музыка тыңдап жаттығатын, спортпен шұғылданатын жандардың көрсеткіштері өзгелерге қарағанда 20 %-ға жоғары болады дегенді айтқан. Демек, музыка адам психикасына кейбір спорт шеберлері қолданатын допинг секілді әсер етеді. Тек антидопингтік тесттерге қатыспайды. Ғалымдар спортсмендерге шынығу барысында ырғақты, ал тынығу сәтінде баяу әуендерді тыңдауға кеңес береді. Кеңсе қызметкерлері де жұмыс барысында музыкаға құмартып отырады. Сіздерге сөзі жоқ жәй ғана классикалық әуендерді тыңдаған дұрысырақ.
Музыканың, жақсы әуеннің барлық тіршілік иелеріне жағымды әсер қалдыратынын зерттеушілердің сан мәрте дәлелдегені баршамызға белгілі. Жұмыстан шаршап келіп, сүрініп-жығылғалы тұрған жандардың үйге кіре салып, сүйікті композицияларын қойып жататынын байқаған боларсыз? Бұл күні бойы жұмысқа жұмсаған энергияңызды бойға қайта жинап, көңіл күйді көтереді. Таңертең оянғанда барынша көңілді, ырғақты ән тыңдау кереуетіңізден қарғып тұрып, өз өміріңізді жақсы жағына қарай өзгертуге шабыт сыйлайды. Ал ырғағы бәсең, лирикалық туындылар сабыр сақтауға, тыныштануға, күнделікті өмірдегі қарбаласты бір сәт ұмытуға септігін тигізеді.
Адамға түрлі эмоция сыйлап, жан жақты әсер қалдыратын бірден бір музыканың жанры - классикалық музыка. Осы тақырып туралы жиі айтылады. Ғалымдар бәрінен бұрын классикалық музыканың генилері саналатын Вивальди, Моцарт, Бетховен, Чайковский, Шуберт, Григ, Дебюсси және де Шуман секілді жандардың шығармаларын ерекше атап өтеді. Моцарттың туындылары ақпаратты жылдам қабылдауға, сананың жұмыс қабілетін жақсартуға көмектесетіні дәлелденген. Ал ұйқысыздықтың дауасы ретінде Сибелиус пен Григ және Чайковскийдің композицияларын ерекше атап өтуге болады. Есте сақтау қабілетіңіздің төмендігі қынжылтса Вивальдидың “Жыл мезгілдері” атты шығармасын қайталап тыңдау жақсы әсер етуі мүмкін.
Медицина қызметкерлері классикалық музыкадан бөлек рэп, хард-рок, хэви-метал стиліндегі әуендерді ұзақ тыңдауға тиым салады. Бұл тұжырымды мельбрундық ғалымдар жасаған. Хард-рок шектен тыс, орынсыз агрессияның пайда болуына, рэп жағымсыз эмоцияның қалыптасуына, ал хэви-метал жүйке жүйесіндегі психикалық ауытқуларға әкеп соқтыруы әбден мүмкін.
Блюз, джаз, регги сізді депрессиядан шығаруға көмектеседі. Поп стиліндегі музыка бір жанның көңіл-күйін көтерсе, енді біреуге ұнамауы ғажап емес.
Музыканың адамға әсері ерекше болғандықтан, бұл тәсіл маркетинг саласында да тиімді қолданылып келеді. Байқасаңыз, барлық сауда орталықтары мен дүкендер желісінде міндетті түрде музыка ойнап тұрады. Бұл тұтынушыны дүкенде немесе басқа да сауда орындарындарында ұзағырақ ұстау үшін жасалған айла. Егер ғимаратта адам саны көбейіп кетсе, оларлы асықтыру үшін ырғақты әуен, ал, керісінше, аз болса баяу ән қойылады екен. Міне, мәнді музыка осындай керемет күшке ие...