Кітап олимпиадасы туралы білесіз бе?

22.01.2018

 

Әлемдегі ең алғашқы кітап жәрмеңкесі ХҮ ғасырда Германияда пайда болған. Бүгінде дүние жүзі бойынша ең ірі әрі ең ықпалды кітап жәрмеңкесі деп Франкфурт пен Лондон кітап жәрмеңкесін айтуға болады. Ресей кітап палатасының соңғы жүргізген зерттеулерінің нәтижесі бойынша әлемнің 86 мемлекетіндегі 300 кітап көрмелері мен жәрмеңкелерінің тең жартысы Еуропада екен. Ал ең ірі экспозициялар Германия, Италия және де Англияға тиесілі. Ендеше ең ірі деп саналатын жәрмеңкелерге қысқаша тоқталып өтейік.

 

1. Франкфурт кітап жәрмеңкесі (Frankfurter Bushmesse)

Аталмыш жәрмеңке әлемдегі ең ірі  кітап жәрмеңкесі болып саналады. Жәрмеңке негізінің қалануы алғашқы кітап типографиясының негізін салушы Иоганн Гутенбергпен байланысты. Иоганн Гутенберг баспа машинасын Франкфуртқа көрші орналасқан Майнц қаласында ойлап тапқан. Сол кезеңнен бастап Франкфурт кітап басудың Германиядағы және Европадағы орталығына айналды. Жәрмеңкенің жаңаша тарихы 1948 жылы басталды деуге болады. Дәл сол жылдан бастап неміс қаласы  Майндағы Франкфуртта жыл сайын қазан айының орта тұсында кітап жәрмеңкесі өткізіледі. Спортшылар үшін Олимпиаданың маңызы қаншалықты болса, кітап ісі мен баспа саласындағы жандар үшін де Франкфурт жәрмеңкесінің маңызды өте зор. Жыл сайын бес күнге созылатын жәрмеңкеге әлемнің 106 мемлекетінен 7384 қатысушы келеді. 3200 түрлі іс-шаралар өткізіліп, 280 000 қонақ келеді. Жыл сайын бір мемлекет кітап Олимпиадасының құрметті қонағы болады. Бұл жәрмеңкеге атақты кітаптарды басу құқығын иелену үшін, типографиялық инновациямен танысу үшін, түрлі келісімшарттарға отырып, әлемдік кітаптың болашағы туралы сөз қозғау үшін жиналады. Франкфурт кітап жәрмеңкесі – кітап баспа ісіндегі жаңа тенденциялармен танысып, нарықтағы жаңалықтармен бөлісетін, әлемдік кітап ісінің қалай дамып жатқанын бақылап, бағамдап, мол тәжірибе алып кететін орын. Аталмыш жәрмеңкеден отандық баспалар да қалмауға тырысады.

2. Лейпциг кітап жәрмеңкесі (Leipziger Bushmesse)

Жыл сайын наурыз айының ортасында ұйымдастырылатын, үлкендігі жағынан дүниежүзіндегі екінші кітап жәрмеңкесі. Ең алғаш Лейпциг жәрмеңкесі ХҮІІ ғасырда пайда болған. Ал ХҮІІІ ғасырда Германияның кітап астанасы болып жарияланды. Жәрмеңкеге шамамен 38 мемлекттен 2100 экспоненттер қатысады. Франкфурт жәрмеңкесінің мақсаты максималды қаржылай табыс табуға мүмкіндік туғызу болса, Лейпциг жәрмеңкесі автор мен оқырманды барынша жақындастыруға, тілдестіруге, пікір алмастыруға тырысады. Франкфурттан басты айырмашылығы да осы болып отыр. Бұл жерде дәрістер оқылып, қоғамдық пікірталастар жүргізіліп, жазушылармен және суретшілермен кездесулер ұйымдастырылады. Сонымен қатар, аталмыш кітап жәрмеңкесі дәстүрлі түрде көктемгі «Лейпциг оқулары» атты әдебиет фестивалімен қатар өткізіледі.

 

3. Болон балалар кітап жәрмеңкесі  (Fiera del Libro per Ragazzi)

1963 жылдан бері Болоньеде (Италия) жыл сайын сәуір айының басында өткізіледі.   Бұл жәрмеңке балалар кітабымен айналысатын мамандарға арналған. Болондық жәрмеңкеде балалар әдебиетінің болашағы туралы сөз қозғап, әлемдік мәселелерді шешу үшін баспагерлер, жазушылар, иллюстраторлар мен әдеби агенттер жолығады. Сондай-ақ, балалар әдебиеті нарығындағы соңғы тенденцияларды талқылап, жаңа байланыстар орнатады. Үш күнге созылатын жәрмеңкеде дәрістер оқылып, дебаттар жүргізіледі, кездесулер ұйымдастырылып, марапаттау кештері болады. Бұл балалар әдебиетімен айналысатын жандар үшін  әлемдік деңгейдегі ең маңызды шара ретінде саналады.

 

4. Лондон кітап жәрмеңкесі (The London Book Fair)

Әлемдік баспа ұйымының басты форумы.  Жәрмеңке ең алғаш рет 1971 жылы ұйымдастырылды. Жыл сайын көмтем мезгілінде дүниенің түкпір-түкпірінен баспагерлерді, кітап саудагерлерін, кітапханашылар мен басқа да әлемдік кітап нарығындағы қызметкерлерді жинайтын бұл шараның да маңызы зор. 2017 жылы 46-шы рет ұйымдастырылған жәрмеңкенің  құрметті қонағы Польша мемлекеті болды. 

5. Париж кітап салоны (Salon du Livre)

Жыл сайын Paris Porte de Versailles көрмелер орталығында, наурыз айында өтетін ең ірі кітап форумы. 1981 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Бұл жерге де баспа саласына қатысты барлық мамандар жаңа технологиялармен танысып, талқыға салып, тәжірибе жинап кетуге келеді.

 

6. BookExpo America (BEA)

1947 жылдан бері Нью-Йоркте өткізіліп келе жатқан америкалық ең ірі кітап жәрмеңкесіне жыл сайын баспагерлер мен кітап саудагерлері, жазушылар мен кітапханашылар қатысады. Бұған дейін ВЕА-ді Чикаго, Лос-Анджелес және Вашигтон қабылдаған. 2009 жылдан бастап Нью-Йорк АҚШ-тың кітап басу астанасы болып жарияланып,  баспагерлер мен оқырмандардың тұрақты кезедесетін орны болып тағайындалды.

 

7. Халықаралық Мәскеу кітап көрме-жәрмеңкесі (ММКВЯ)

Жыл сайын күзде ВДНХ аумағында халықаралық деңгейде өткізілетін Ресейдің ежелгі ірі кітап форумы. Жәрмеңке 1977 жылы «Книга на службе мира и прогресса» деген лозунгпен (кейіннен ұранына айналды) ашылған болатын.

Кітап көрмелері –  өз өнімдерін таныстыруға талпынып жүрген баспагерлерге ғана емес сонымен қатар, оқырмандарға да жаңа кітап түрлерін тауып, ассортиментпен танысуға мүмкіндік беретін жер.

  •  2179