Жасөспірімдерді қалай ақша жинап үйретуге болады?

11.08.2018

 

Көбіміз қолдағы қаражатты ұқсатуға келгенде қиналып жатамыз. Бұл біздің бала жастан қаржылық сауатты дұрыс игермегенімізден. Бүгінгі материалымызда балаларға ақшаны қалай қарапайым жолмен үнемдеп үйретуге болатынын айтамыз.

 

Мақсатыңыз болсын

Әр баланың материалдық жағдайға байланысты алғысы келетін заты болады. Мәселен, сөмке, фотоаппарат, қыз бала үшін әшекей, ұлдар үшін ол велосипед болуы мүмкін. Осындай заттар тізімін нақты анықтап, оны қағазға жазып, көрінетін жерге іліп қою керек. Бұл қолдағы қаржыны үнемдеуге септігін тигізеді. Егер балаңыздың ақшасы жетпей жатса, сіз көмек ретінде қалған қаражатты қосатыныңызды айтыңыз.

Жоспар құрыңыз

Балаңыздың мақсаты бар. Енді оның орындалуы үшін жоспар құруды үйретіңіз. Бала: «мақсатыма жету үшін мен не істеу керекпін?» деген сұраққа жауап бере алуы керек. Мәселен, қалаған затына 5 айда қол жеткізу үшін балаңызға әр апта сайын ақшасының белгілі бір бөлігін арнайы «қорға» салып отыруын қадағалаңыз.

 

Қаржының көп бөлігінің қайда кететінін анықтаңыздар

Жасөспірімдер қалталарындағы қаржысын көбінесе, ойын-сауыққа, дәмханаларға жұмсайды. Балаңызбен бірге отырып, бір электросамокат алу үшін қанша пиццадан бас тарту керектігін есептеп көріңіздер. Сондай-ақ, оған әр апта сайын өз бюджетін санап, ақшасының қайда кеткенін бақылауды үйретіңіз. Бала қаржының қайда кетіп жатқанын түсінуі тиіс. Ол өзі үшін бір реттік киноға бару немесе ойлаған затын сатып алу жайлы шешім қабылдау керек. Бастысы, баланың таңдауына шек келтірмеңіз.

 

Ақша жинау құпияларымен бөлісіңіз

Бұл тұста әр адамның өз әдісі бар. Сондай-ақ, бірінікі біріне келе беруі де мүмкін емес. Мәселен, балаға табысының 10%-н алып қалуды үйретіңіз. Немесе шығындарының бәрін жазып отырсын. Бастысы, сіздің міндет: балаға ақша жинау тәсілдерін көрсету.

Акция мен жаппай сатылымдарды бірге қарап жүріңіздер

Бұл болашақта балаға тиімді ұсыныстар іздеуде өз септігін тигізері анық. Дүкен сөрелеріндегі бағаларды бірге салыстырып көріңіздер.

 

Міндетті түрде оны мақтап, сатып алған затын атап өтіңіздер

Бұл оған келер уақытта да көмегін береді. Оның миында ақша жинау процессі мен мақсатқа қол жеткізуді қуанышпен байланыстыратын нейрондық тізбек қалыптасады.

Назира Қасымбек
  •  585