Астана: Алапат дауылға ғимараттар себепші ме?

24.05.2018

 

Астанадағы алапат дауыл еліміздің барлық тұрғындарын елең еткізді. Түс ауа болған табиғи апатты елордалықтар әлеуметтік желі арқылы жарыса жариялап жатты. Ауа-райының тосын мінезінен 10 адам зардап шегіп, біреуі ауруханаға жеткізілді. 23 әлеуметтік нысанның дуалдары, шатырлары мен 28 көп пәтерлі  тұрғын үй кешенінің сыртқы қабаты зақымдалды.

Осындай ауа-райы кезінде биік ғимараттарда тұру кәдімгідей қорқыныш туғызады. Алайда, олар мегаполюстердің басты көркі. Адамдар үлкен қалаларды табиғаттың тосын апаттарынан сақтану үшін салған. Алайда, олар бізге қоқыс қалдықтары, нашар экология, түрлі эпидемиялық аурулар сынды көп қатер әкелуде. Олардың қатарын дауыл да толықтырады. Іргесі мықты ғимараттардың да дауылды тоқтатуға күші жетпеуде. Бұған құрылыс сапасынан бөлек, олардың күрделі сәулет құрылысы да себеп болып отыр.

Ғимараттар өте биік

2006 жылы Британияның Лидс қаласында 112 метрлік Бриджоутер Плейс мұнарасы бой көтерді. Ғимаратқа танымал компаниялардың офистері орналастырылды. Алайда, ол жақсы атаққа ие бола қойған жоқ. Ғимараттың айналасында үнемі жел тұрып, адамдарға зардабын тигізіп, көптеген шығын келтірді. 2011 жылы  35 жасар инженер Эдвард Слэни сол жердегі дауылдан қаза тапты. Тергеу қорытындысы бойынша қалалық билік өкілдері желдің жылдамдығы 20 м/с-тан асқан кезде көлік пен велосипедке арналған ғимаратқа жақын жолдарды жауып тастау туралы шешім қабылдады. Жаяу жүргіншілер жолы жабылмағандықтан, адамдар баяғыша желден жарақат алуда.

Бриджуотер Плейс желді өзіне тартып тұратын жалғыз ғимарат емес. 2015 жылы Лондонның City әкімшілік орталығында 160 метрлік Уоки-Токи ғимараты салынды. Қуанышқа орай ол жерде опат болған ешкім жоқ. Алайда БАҚ өкілдері дауыл кезінде мертігіп қалмас үшін бағаналардан ұстанып тұрған адамдардың суретін жиі жариялап тұрады.

Минсктегі А.В. Лыков атындағы «Жылу және зат алмасу» ғылыми орталығындағы зертхана меңгерушісі Андрей Чорный: «Биіктікте желдің жылдамдығы өте тез болады. Ауа массасы ғимаратқа соғылғанда, ол әр жаққа таралады. Ғимарттың бойымен төменге бағытталған желдің жылдамдығы өте қатты болады»,- дейді.

Пішіндері шаршы тәріздес

Кез-келгенге үйдің суретін салып беруді сұрасақ, оның міндетті түрде төртбұрышты, көп терезелі үй салары белгілі. Суретті көлемді қылар болсақ, параллелепипед пайда болады. Андрей Чорныйдың сөзінше, аэродинамика тұрғысынан параллелепипедтің өткізгіштігі өте төмен. Ауа массалары ғимаратты қоршаған кезде, олардың оралымдары пайда болатын «нашар» аумақ қалыптасуы мүмкін. Ағындардың жылдамдығы неғұрлым көп болса, соғұрлым қысым төмен болады. Егер ғимараттың сырты мен ішіндегі қысымның айырмашылығы көп болса, онда оның терезелері шағылуы мүмкін.

«Логикалық тұрғыдан ойлар болсақ, параллелепипед ғимараттардың орнына өткізгіштігі жоғары пішіндегі үйлерді салуымыз керек. Ағындар параллелепипед пішініндегі үймен жанасқанда, ғимараттың өткір жиектерімен өтеді. Соған қарамастан, бүйір қабырғалар мен үйдің артында ағындардың жылдамдығы салыстырмалы түрде төмен болады»,- деп түсіндірді сарапшы.

Бұл сәулетшілердің қисынсыз фантазияларынан емес, аэродинамикалық қиындықтардан болып отыр. Мәселен, Дубайдағы Бурдж-Халифа мұнарасы өзінің 828 метрлік биіктігінен 10 есеге дейін кеміген. Күрделі дизайн желге қарсы келіп, ауа массаларын бірнеше бөлікке бөледі. Бұл өз кезегінде ғимараттың маңындағы жаяу жүргіншілерді ғана емес, өзін де қорғай алады.

 

Ғимараттар тым жақын орналасқан

Дубай – биік ғимараттардың саны бойынша рекорд орнатушы. Қалада 1339 сәулет туындылары болса, соның 548-і көк тіреген мұнаралар

 

Тек жалғыз ғана биік үй ауа массаларына қарсы тұра алады. Бір-біріне жақын орналасқан ғимараттарда желдің жылдамдығы екі есе артады. Егер желдің жылдамдығы 10-15 м/с болды десек, жақын орналасқан ғимараттарда бұл үлкен дауылға айналуы мүмкін.

Бұған жарқын мысал ретінде Британиядағы Феррибридж қаласында 1965 жылы ЖЭС-да болған апатты айтуға болады. 1 қараша күні жел тұрып, оның жылдамдығы 38 м/с-ке жеткен. Бұл аймақтарда желдің жиі соғуына байланысты мұнаралардың бәрі өте берік тұрғызылған. Соған қарамастан, 8 мұнараның 3-еуі құлап, қалған 5-еуі қиратылған. 

«Алайда, құрылысшылар желдің бағытын дұрыс ескермесе, мықты деген ғимараттың өзі дауылға қарсы келе алмайды. Желдің кез-келген жерде соғуы қалыпты. Алайда, бізді алаңдататыны басқа мәселе. Жоғарыда айтылған себептер ескерілместен сәулет құрылысы жалғасатын болса, не болмақпыз?» ,-деп сөзін қорытындылады Андрей Чорный.

 

Ғимараттардың құрылысы өте күрделі

Басты мәселе ғимараттың биіктігіне қарап, оның ауа массаларына қаншалықты төтеп бере алатынын айту өте қиын. Тіпті, сәулет құрылысы өте қарапайым ғимараттардың өзінде бұл күрделі жағдай. Желдің бағыттары мен өзге де физикалық құбылыстарды есептеу – мүмкін емес. «Нақты нәтижеге қол жеткізу үшін ғимараттарды  атмосфераның сыртқы қабаты қалыптасатын арнайы ландшафтық типтегі жел туннелдерінде сынап көру керек» дегенді айтады Санкт-Петербургтегі ғылым орталығының жетекшісі Сергей Соловьев. 

 

Не істеу керек?

Мамандардың сөзінше, ең қарапайым деген әдістерді қолдана бастағанымыз дұрыс. Негізінде, параллелепипед өте мықты. Алайда, бұл аэродинамика жағынан өте нашар таңдау. Құрылысшы бәрібір кәдімгі «төртбұрышты» үй салғысы келсе, тым болмағанда шатыры тегіс болу керек.

Егер жоғарыда айтылғандардың бірі де ескерілмесе, ғимараттарды қорғаныс элементтері арқылы сақтап қалуға болады. 2016 жылы Лидс қаласының билік өкілдері Бриджуотер Плейс мұнарасының айналасына ауа массаларына соққы беретін арнайы экрандар орнатты. Жұмыс 903 000 фунтқа бағаланды.

Андрей Чорный: «Ғимараттардың жанына ағаш отырғызу керек. Олар желді өткізбейді. Алайда, бір емес, бірнеше көшет отырғызған маңызды. Егер, ол ғимараттан биік болса, тіпті жақсы. Онда ол қорғаныс экраны ретінде жұмыс істейді. Бірақ ағаштар кәрі болса, олар үлкен жылдамдықтағы желге қарсы тұра алмайды»,-дейді.

 

Кез-келген қаладағы зәулім ғимараттардың құрылысы күн өткен сайын артып келеді. Алайда, бұл ғалымдарды тоқтатқан жоқ. Олар ауа массаларына қалай төтеп беру жолдарын әлі де зерттеу үстінде. Алайда, қазіргі жағдайдалардың көпшілігіне құрылыс жұмысының сапасы себеп болып отыр.

  •  1425