Адиль Игембердиев: "Бизнесті ең нашар болжамдардан бастаған дұрыс"

14.03.2018

 

Қазақстандағы көп қозғалатын тақырыптардың бірі – білім саласы. Дәлірек айтқанда, білімнің дұрыс берілуі мен жастардың сапалы білімге деген сұранысы. Елдегі білімнің болашағы мен қазақ жастары туралы, кәсіпкерлікті қалай және неден бастау керектігі жайында «Daryn academy» білім беру орталығы мен «Zhastar football» футбол мектебінің негізін салушы, «The Room»  playstation cafe-нің иесі –  Адиль Игембердиев айтып берген болатын.

Кәсіпкерлікке бет бұру үшін 2-курста оқуды тастадым

Адиль, сіз өз жұмысыңызды бүге-шүгесіне дейін білетін жансыз.  Тіпті, «сериялы-кәсіпкер» десек те болады.  Негізгі біліміңіз қандай?

Барлық қарапайым қазақ отбасылары секілді менің де ата-анам мені өздері дұрыс деп тапқан салаға бағыттады. Солай мен медицина саласын таңдап, Назарбаев университетіне (Nazarbayev University) оқуға түстім.  Алайда 2-курста оқуды тастаймын деп шештім. Өйткені бұл сала менікі еместігін түсіндім. Дегенмен бұл уақытта кішігірім жобалармен айналысып, кәсіпкерлікке бет бұру туралы ойланып жүргенмін. Университеттен кеткеннен кейін өз саламды ауыстыру туралы шешім қабылдап, маркетинг саласын байқап көрейін дедім.  Осылайша, Синергия университетінің сырттай оқу бөліміне оқуға түстім.  Дәл осы жерден менің қызметтік жолым басталды. 2014 жылы аталмыш университеттің Қазақстандағы аймақтық өкілеттігінің директоры болып тағайындалдым.  Сол уақытта алғашқы кәсібім playstation cafe-сін аштым.

 

Басқа сала емес дәл playstation ашуыңызға не себеп болды?

Өзім жиі playstation ойнап тұратындықтан, осы саланы жақсы түсінемін. 2014 жылдары әрі кафе, әрі ойын клубы болатын орталықтар аз болатын. Дәл осы ой алғашқы бизнесті осындай бағыттан бастауға түрткі болды. Сол кезде мен Алматыда болатынмын. Ондағы ойын клубтарының атмосферасын айтып өтпеу мүмкін емес. Оңтүстік астанада мұндай жерлер өте көп. Кейін Елордамызға келгенде, бұл саланың түгелімен “бос” екенін түсіндім. Астанада мұндай сипаттағы орындардың саны 3-4-еу ғана еді. Ал сұраныс өте көп болды. Бізде бизнесті бастауға талпыныс пен алғашқы қаражат жеткілікті болатын. Менің қолымда бизнеске құямын деген 600 000 тг болды. Алайда бұл ақша барлығына жете қоймады (қажетті жабдықтар, локация, т.б.). Сол сәтте менің бизнес жолымдағы алғашқы серіктесім кезікті. Ол  менің досым болатын. Бизнес серіктесім бұл жобаға  маған қарағанда көбірек қаражат құйды. Ал мен барлық жауапкершілікті өз мойныма алдым. Түскен пайданы екеуіміз теңдей бөліп отырдық. Алғашқы бизнесім осылай басталған еді.

 

Бизнес бастамаларыңыздың  ішіндегі сәтті шыққан жоба деп қайысын айтар едіңіз?

“Daryn academy” жобасы мен үшін сәтті шыққан жоба. Бұл бастамамда маған ағам серіктес болды. Синергия университетінде жұмыс істеп жүргенімде мектеп бітірушілер үшін ҰБТ тапсырудың, білім сапасы мен оқуға түсудің қаншалықты маңызды екенін түсіндім.  Бұл өте актуалды мәселе. Мен қаладағы түлектер мен ауыл мектебін бітірушілердің білім сапасын  теңестіру жайлы ойлап жүргенмін. Бізде “ауылдық квота” деген ұғым қалыптасқан. Алайда, бұл мүлдем әділдікке жатпайды. Бәрібір ауылдың аз ұпай жинаған оқушысына қарағанда, қаланың 100-ден жоғары ұпай жинаған оқушысы көп басымдыққа ие болады.  Мүмкіндігі көп баланың (жақсы оқытушысы бар, қосымша сабаққа қатысуға мүмкіндігі бар, мамандандырылған мектепте оқитын) оқуға түсуге де мүмкіндігі зор. Ал бұл тізімге Назарбаев мектебі, КТЛ мен Дарынның оқушыларын қосатын болсақ, әлгі шеңбер одан әрі тарыла түседі.  Ал менің алдымда барлығына тең мүмкіндік сыйлау, қысқа уақыт аралығында сапалы білім беру деген мақсат тұрды. Сонымен қатар, бұл салада бәсекелестік төмен болды. Сол уақытта Астанадағы білім беру орталықталықтарының да саны 3-4-еу ғана болатын. Ондағы ең мықтылардың бірі ретінде “Достық” білім беру орталығы саналды. Бірақ, біз одан да сапалырақ, одан да жақсырақ білім беру орталығын жасай алатынымызды түсіндік. Біздің оқуға деген талпынысты арттыратын стандартқа сай емес жағдай жасағымыз келді. Жай ғана ақталған қабырға мен шатыр емес, жарық әрі кең оқу бөлмелерін жасаймыз деп шештік. Маман таңдау барысында жұмысты аса сақтықпен, ұқыптылықпен жүргіздік. Біз жаңа ғана оқу бітірген жасты емес, өз ісін жетік меңгерген нағыз маманды алуға тырыстық. Осылайша, 2015 жылдың 2 қарашасында жоба өз жұмысын бастады. Орталыққа ат қою да оңай шаруа болмады. Мен Тараз қаласындағы Дарын мектебін бітірдім. Мектебім менің дамып, жетілуіме, дүниеге деген көзқарасымды өзгертуге, өмірімдегі маңызды әрі қызық адамдарды жолықтыруға мүмкіндік берді. Сондықтан, өз мектебімнің құрметіне орталығымызды “Дарын” деп атадық. Қазір 526 бала біздің курс бойынша білім алып жатыр. Аумағы 700 м² шаршы шақырымды  алып жатқан үш кеңсеміз бар.

Бұл жобаның ерекшелігі неде?

Біздің ойымызша, аталмыш жоба болашақта білім беретін  онлайн-платформа ретінде дамитын болады. Басты элементтері ретінде қол жетімді ресурс пен барынша көбірек адамға білім беруді айтуға болады. Яғни, қосымша сабақ алу үшін арнайы ешқайда барудың қажеті болмайды. Бұл онлайн нұсқада, дәлірек айтқанда, визуалды қабылдау жақсы болғандықтан, видеоматериал түрінде жүзеге асырылатын болады. Ал мәтіндік материалдар тек тест пен үй жұмыстарында кездесіп отыратын болады.

 

Шамамен, онлайн-платформа өз жұмысын қашан бастайды?

Жоба дайын. Қазір  инвестиция іздеу үстіндеміз. Жақсы инвестиция табылса, 2018 жылы жобаны халыққа ұсынуды жоспарлап отырмыз.

Қабілетсіз бала болмайды. Біз олардың  бойындағы сол қабілетті ашуға тырысамыз

Өзге жобаларыңызға қатысты нендей жоспарларыңыз бар? Онлайн-платформа іске қосылған соң, басқа жобаларыңызды да өзгеріс күтіп тұр ма?

“Zhastar football club-қа” қатысты айтатын болсақ, біз Астана және Алматы қалаларында орналасқанбыз. Әрқайсысында 200 бала бар. Біз үздіксіз даму үстіндеміз және жоспарлар өте көп. Әрине, елімізде болашақ спортшыларды, нақтырақ, футболшыларды дайындайтын “Қайрат” секілді клубтар бар. Біздің аталған клубтардан басты айырмашылығымыз - біз қандай да бір қабілеті бар баланы ала береміз.  Яғни, футболды енді ғана ойнап бастаған баланы жоғарыда айтылған клубтарға ала қоймайды. Оларда іріктеу өте қатаң жүргізіледі. Менің ойымша кез-келген баланың бойында жүгіру, ойнау секілді қабілет бар. Тек оны дамытуға көмектесу керек. Біздің клубтың басты мақсаты да сол. Балалардың бойындағы қабілеттерін шыңдау. Алдағы үш жылда ауқымымызды кеңейтетін боламыз. Тәлімгерлеріміз өзіміздің клубта ойнап, өздерін одан әрі дамытатындай үлкен клубымызды ашамыз деген ойымыз бар. 

 

Рlaystation cafe-нің бизнесі не болмақ? Сериялы бизнес жүргізе бересіз бе, әлде қандай да бір өзгерістер болады ма?

2018 жылы “Daryn academy-дің” онлайн-платформасы іске қосылғаннан соң, толығымен білім саласына бет бұратын ойым бар. Рlaystation cafe-ні сатып жіберуім де ғажап емес.

 

Демек, сіздің ойыңызша болашақ бәрібір білімге байланысты ғой?

Сөзсіз. Айтып өткенімдей, мектептегі бәсекелестік өте жоғары. Бітірушілердің барлығы мықты және грант үшін талас күннен-күнге арту үстінде. Жоғарғы сынып оқушылары түрлі альтернативті жолдарды іздейді.  Сондықтан білім саласы әлі де өзекті. Сондай-ақ, бүгінде адам бойындағы тұлғалық қасиеттерді дамытуға сұраныс жоғары. Біздің академияда сапалы білім беріп қана қоймай, баланың бойындағы жеке қасиеттерін дамытуға көмек береді. Біз түрлі семинарлар, тренингтер мен шеберлік сағаттарын өткізіп отырамыз. Айта кететіні, аталмыш семинарларға қалаған адам келе алады.

 

Балаларға тренинг өткізу қаншалықты қиын? Олардың оқуға, білім алуға деген қызығушылықтары қандай?

Мен 9-11 сынып оқушыларымен жұмыс жасаймын. Иә, қызығушылық бәрінде бар. Нақтырақ айтқанда, жақсы оқу мен грантқа деген қызығушылық. Тек балалардың  30%-ы ғана не істеп жүргендерін түсінеді. Білім алуға ерекше құлшыныспен келеді. Өз өмірлеріне деген жауапкершіліктері жоғары, өмірден не қажет екенін жақсы біледі.  Қалған  70%-ы көп нәрсенің байыбына барып үлгермегендер. Көбінесе, алдыңғы айтылған 30%-ы  жақсы жетістіктерге жетіп, тұлғалық қасиеттерін дамытуға аса ерекше мән береді.  

Еліміздегі білім деңгейі туралы, алдағы 5 жыл көлемінде болатын өзгерістер мен мәселелер туралы не айта аласыз?

Қазақстандағы білім туралы айтарда, көптеген факторларды ескерген жөн. Туындап отырған мәселелердің шешімін таппасақ, алдағы 5 жылдағы Қазақстанның білімі өте қиын жағдайда болмақ. Ең маңызды мәселе - оқытушылар құрамы. Бүгінгі мұғалімдердің  90%-ға жуығы жас мамандар. Сондай-ақ, олардың тең жартысы бұл мамандыққа жүрек қалауымен емес, грант үшін немесе басқа да себептермен келгендер.  Ал қалған 10%-ы жасы келген, кеңестік заманнан бері қызмет етіп келе жатқан, нағыз білімнің не екенін білетін жандар. Бар мәселе міне осыда. Кез-келген жақсы жабдықталған мектеп мықты мамансыз ақсайтыны белгілі. Егер мән беріп қарасаңыз, барлық жақсы мұғалімдер қалалық лицейлер мен гимназияларда. Ауылдағы мектептің жақсы мамандарын да жоғары жалақы ұсынып, қалаға шақыртып алады. Сондықтан, ауылда білім деңгейі төмен.  Бұл - қалыпты жағдай. Өйткені, нарықтық заманда өмір сүріп жатырмыз.  Біріншісінен қалыс қалмайтын екінші мәселе - оқу материалдары. Мектепте оқу құралдары мен әдістемелер жетіспейді. Тіпті, кейде, ҰБТ-ге арналған сынама кітапшаларын сұрап, біздің академияға да хабарласаласып жатады. Қарапайым ауыл мектептерінде сынама тест жүргізуге арналған кітаптар жоқ. Ал техникалық жабдықтау жағы жақсы. Тек материал мен техникалық жабдықтауды қатар ұстап тұру қиындау.  Министрлік осындай дүниелерге көңіл бөліп, білім ошақтарын қажетті дүниелермен қамтамасыз ету керек. Келесі бір мәселе мектептердің жағдайы шығар. Жоғарыда айтып өткенімдей, білім беретін орындардың барлығы талапқа сай болу керек. Дәл осы аталған мәселелердің шешімін табуға тиіспіз. Олай болмаған жағдайда, алдағы бес жылда барлығын қайта қалпына келтіру қиынға соғуы мүмкін. 

 

Демек, сіз жақсы білімнің негізін қалаушы - ұстаз деп түсінесіз. Академияңызда ұстаздарды дайындау жоспарда жоқ па?

Ұстаздық құрам - ең маңыздысы деп айтып өттім. Ұстаздың жеке тұлғалық қасиеттері мен кәсібилігі маңызды. Біз жоғарғы сынып оқушыларымен жұмысымызды жалғастыра береміз. Ал ұстаздарды дайындау жайында әзірге ойлану керек.

Адиль, біз тек жақсы жетістер туралы айтып отырмыз. Ал, өміріңізде fackup-тар болды ма? 

Әрине, онсыз болады ма? Ең алғашқысы Play station кафені ашқан кезде болды. Біздің бүкіл техникамызды ұрлап кетті. Одан кейін таныстарымыздан, достарымыздан көмек сұрап, барлығын қайта орнына келтірдік. Тура 2 апта жұмысымыз тоқтап тұрды. Келесі сәтсіздік те алғашқы бизнесіммен байланысты болды. Айтқанымдай, бұл бизнесті досымыз екеуіміз бастадық. Барлығы тек “джентельмендік келісімшарт” арқылы жүзеге асып отырды. Алайда, бұл әрекетіме кейін өкініп қалдым. Сондай-ақ, “Daryn academy” білім беру орталығын ашқанда да қиындықтарға тап болдық. Жоба өз жұмысын бастағанда біз дұрыс жоспар құрмағанымызды түсіндік. Олай деуімнің себебі, оқушылар жазда ҰБТ-ге дайындалмайды екен. Осылайша екі айымыз  босқа өтті. Әрине, біз кейін барлығын қалпына келтірдік. Бастысы, мұндай сәттерден сабақ алып, нәтиже шығара білу керек. Қазір барлығы сапалы әрі қауіпсіз болу үшін келісімшарттарды, тіпті күзетті де өзім бақылап отырамын.

 

Осындай сәттерде шабытты қайдан аласыз? Жалпы, сізді не шабыттандырады?

Міне, дәл осы сұрақты маған жиі қояды. Мені өз мінезім, өзімнің ішкі ерік-жігерім шабыттандырады, күш сыйлайды дер едім.

 

Сынға қалай қарайсыз?

Сын өзіме қатысты әрі орынды болса жақсы қабылдаймын. Тіпті, қуанамын деуге болады. Егер де жасап жатқан жұмысым мен жобаларымды сынайтын болса, қабылдай алмаймын.

 

Демек, сіз өз жобаларыңызды сөзсіз сәтті шыққан деп есептейсіз ғой?

Егер бұл сұрақ маған бір жыл бұрын қойылса, “иә” деп жауап берер едім. Алайда, үздіксіз даму жұмыстың маңыздылығы мен сапасын арттыра түсіретінін ұқтым.

 

Жас кәсіпкердің қандай қиындықтарға соқтығысуы мүмкін?

Ең бірінші жасына байланысты шектеулік деп білемін.  Бұл мен үшін өте қиынға соқты. Себебі, серіктестердің барлығы 20-21 жасар жігітке сеніммен қарамай, ниетімді тұрақсыздыққа балайтын. Түрлі айла-тәсілдер қолдануға тура келді (күлді). Барлық серіктестерге: “жаныңда үлкен адамдар бар деп” ойласын деген оймен өзімізді менеджер деп немесе басқаша таныстыратынбыз. Жұмысымыз солай жүретін. Сол кездегі жастық жалын мен белсенділік болмағанда, Zhastar football клубы болмас та еді.  Кез келген тәжірибеде қателіктер әрдайым болады.

Жас кәсіпкерлерге өз тәжірибеңізден тағы қандай кеңес бере аласыз?

Ең біріншісі және ең бастысы өзің түсінетін, кішкене де болса байланысың бар саладан бастаған дұрыс.  Өзің істей алатындай көрінетінді емес, нақты істей алатынды жасау керек. Егер де, күйіп кетсек ше? Міне, осы егер де сөзі барлық белестер мен жеңілістерді сараптай алатындай болу керек.  Үнемі өз орныңды біліп, сапаға ерекше көңіл бөліп, барлығын жан-тәніңмен жасаған жөн.

 

Қателіктерден қорқудың қажеті жоқ, олар үнемі болады. Бастысы, сол қателіктен қандай сабақ алғандығыңыз. Сонымен қатар, бизнесті ең нашар болжамдардан бастаған дұрыс.

 

Өмірді өзгертуге қабілетті деп қайсы кітапты атар едіңіз?

Джек Лондонның  “Мартин Иден” кітабын айтар едім.  Кітап ерік-жігері мен күші, рухы мықты, ешқашан берілмейтін адам туралы.  Әрине, ол соңында қайтыс болады (күлді). Алайда ол маңызды емес. Басты мәні: өз-өздеріңізді дамытыңыздар, алға талпыныңыздар және ешқашан өз-өздеріңізді тастамаңыздар.

 

Сұхбатыңызға рақмет!

  •  3673