Әлемдегі сәулеті ерекше ғимараттар

13.03.2018

 

Бұл ғимараттардың авторлары архитектураға қатысты барлық стереотиптерді жоя білді. Ескі не жаңа болса да, құрылымы қиын яки оңай болса, бұл ғимараттар, сөзсіз, әлемдегі ең ерекше сәулет туындылары ретінде саналады.

 

1. Лотос Храмы (Дели, Индия)

1986 жылы салынған бұл храм Индия астанасы Нью-Делиде орналасқан. Пентелиялық ақ мәрмәрдан жасалған ашылған лотос гүлінің бейнесіндегі храм - туристер үшін ең қызықты жерлердің бірі. Индия субконтинентінің басты храмы және қаланың басты мәдени жәдігері. Лотос храмы бірнеше архитектуралық байқаулардың жеңімпазы атанған.

2. Хан Шатыр (Астана, Қазақстан)

Архитектор Норман Фостердің туындысы 2010 жылдың 6 шілдесінде Астана қаласында ашылған. Жалпы аумағы 127 000 м² құрайтын “Хан Шатырдың” әлемдегі ең ірі шатыр екенін бірі білсе, бірі білмес. Шатыр ішінде түрлі сауда, ойын-сауық орталықтары,  супермаркет пен отбасылық парктер бар. Сонымен қатар, , кафе, мейрамхана, кинотеатрлар, спорт залдары, қызметтік офистер мен 700 орындық паркинг орын тепкен. Тіпті, жасанды жағажайы бар аквапарк пен толқын эффектісі бар бассейн де осы жерде. Сондай-ақ, жыл бойына тропикалық климатты қамтамасыз ететін (+35) жағалаулы курорт та бар. Құмды жағалау жылыту жүйесімен жасалаған және жағалау құмы арнайы Мальдив аралдарынан әкелінген екен. Расымен де теңіз немесе мұхит жағасында жүргендей әсер қалдырады.

3. Спиралды орман ғимараты (Дармштадт, Германия)

Дармштадтқа бұл айрықша ғимаратты 2000 жылы австриялық өнертапқыш Фриденсрайх Хундертвассер сыйлаған. Түрлі түске боялған  ертегідегідей ғажайып үйшік әлемге өлшемі мен декоры ұқсамайтын 1048 терезеден қарайды. Кейбір терезелерден шынайы ағаштар өсіп шыққан.

4. Төңкерілген үй (Шимбарк, Польша)

Шатырынан төмен қарай орналасқан бұл үй 1970 жылдардағы социологиялық стильде жасалған. Төңкерілген үйге кіретін есік шатырында орналасқан және барлық келушілер терезе арқылы кіреді. Ал, келген қонақтар үйдің шатырында жүреді. Әлемдегі ең ұзын бүтін тақтайдан жасалған стол да дәл осы үйде орналасқан. Сөзсіз, Гиннестің рекордтар кітабы мұны назарынан тыс қалдыра қоймас. Жоба авторы бұл коммерциялық мақсатта жасалды ма деген сипаттағы сұрақтарға, әрдайым, “жоқ” деп жауап береді. Ғимаратты тамашалауға келетін туристер саны артпаса, кеміген емес.

5. Себет-ғимарат  (Огайо,США)

Аталмыш ғимарат 1997 жылы салынған. Құрылыстың салмағы, шамамен, 8500 тонна болса, тіреуіштерінің салмағы - 150 тонна. Құрылыс барысында 8000 м³ темір бетондар жұмсалған.

6. Хабитат (Монреаль, Канада)

Монреалдағы ерекше тұрғын үй комплексі 1966-1967 жылдары Моше Сафдидің шешімімен жобаланған. Комплекс әлемдегі ең ірі саналатын “Экспо-67” көрмесіне арнайы салынған. Сол кездегі көрменің тақырыбы тұрғын үй ғимараттарының құрлысы болған. “Хабитат 67” осыдан 51 жыл бұрын салынса да, әлі күнге дейін туристердің назарын өзіне ерекше аудартуда.

7. Қисық үй (Сопот, Польша)

Поляктардың Сопот қаласындағы Героев Монте-Кассино көшесінде планетаның ең ерекше үйі - Қисық үй орналасқан (полякша - Krzywy Domek). Бір қарағанда күнге балқып кеткен  немесе оптикалық иллюзия сияқты көрінеді. Аталмыш үй расымен де, қисық және оның бірде-бір түзу бұрышы кездеспейді. 2004 жылы польшалық Шотинсков пен Залевсков атты архитекторлардың жобалауымен жасалған.

8. Шәйнек-ғимарат (Цзянсу, Қытай)

Қытайдағы шәйнек кейпіндегі мәдени көрмелер орталығы Wuxi Wanda Exhibition Center-дің құрылысы 2017 жылы аяқталды. Бұл ғимарат ресми түрде Гиннестің рекордтар кітабына әлемдегі ең биік шәйнек ретінде кіріп үлгерген.

9. НЛО үйлері (Санджи, Тайвань)

Тайваньдағы Санджи атты ерекше қалашық - бос жатқан куроттық комплекс. Мұндағы орналасқан үйлердің формасы ұшатын тәрелкелерге ұқсағандықтан, атын “НЛО үйлері” деп атаған. Қалашық шығыс Азияға әскери борышын өтеуге келетін американдық әскер жауынгерлерге арналған курорт болған. Құрылыс 1978 жылы басталып, 1980 жылы Ю-Чоу дағдарысқа ұшыраған соң тоқтатылды. Қаланы жаңартуға талпынған жандардың әрекеттерінен түк шықпаған. Сонымен қатар, құрылыс жүріп жатқанда бірнеше ірі апаттар болған. Көпшілік бұл жерді әруақтар жайлаған дейді. Сол себептен қала қаңырап бос қалған. Дизайнын финляндиялық Матти Сууронен жасаған.

10. Бәтеңкелер үйі (Пенсильвания, АҚШ)

Пенсильваниядағы (Йорк графтығы) бәтеңкелер үйін полковник әрі едәуір атақты бизнесмен Махлон Н. Хейнц ойлап тапқан. Ол кезде кәсіпкердің қол астында құрамында 40 аяқ киім дүкені кіретін ірі аяқ киім компаниясы бар болатын. Сол шақтарда Хейнцтың жасы 73 еді. Алайда, ол өз бизнесін жақсы көргені соншалық, архитекторға бәтеңке формасындағы ғимарат салуды тапсырған. Бұл 1948 жыл болатын. 1949 жылы аяқ киім кәсіпкерінің арманы жүзеге асып, бәтеңке ғимаратқа қызығып қоя салмай, өзі де сонда көшіп алады. Аталмыш үйдің ұзындығы - 12 м, биіктігі - 8м. Бір қызығы, үйдегі пошта жәшігі де бәтеңке формасында жасалған екен.

  •  1388