Фильм түсіруде мата қандай рөл ойнайды?

13.03.2018

 

Жыл сайын кино саласы технологиялық жаңа белестерді бағындыруда. Түрлі фантастикалық, шындыққа жанаспайтын фильмдердегі ғимараттардың, планета аралық галактикалардың шынайылығы соншалық, олардың бар екеніне күмәнің де қалмайды. Негізінде, мұның барлығы дизайнерлер мен суретшілердің, т.б. кәсіби мамандардың сапалы жұмысының нәтижесі ғана.

 

Бүгінде, технологияның қарақынды дамып жатқан шағында, түрлі декорацияға көп шығындалудың қажеті жоқ. Барлық мәселелерді хромакейдің (ChromaKey) көмегімен шешуге болады. Яғни, фондарды біріктіру немесе оларды алмастыру арқылы бірнеше кескіндік бейнелерді бір композицияға жинақтайды.  Ендеше хромакейдің тарихына тоқталып өтсек.

Өткен жүз жылдықтың екінші жартысында (1970 ж. бастап) видео түсірілім үшін жасыл және көк түсті экрандарды пайдалану кеңінен тарады. Аталмыш экрандар, көбінесе,  телевизиялық студияларда ауа райы болжамдарын түсіру үшін қажет болған. Жүргізуші бағдарламаны алдымен бір түсті фонда жүргізеді. Кейін хромакейлік фонды түрлі карталармен алмастырып отырған. Бұл жақсы идея болатын, алайда барынша шынайы шығу үшін технологияны одан әрі дамыту қажеттігі пайда болды. Бұл тек бастамасы болатын. Қазіргі хромакейлердің нақтылығы киноиндустрияның дамуы үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, декораторлар, дизайнерлер мен монтажбен айналысатын жандардың жұмысын жеңілдетіп, оған кететін қомақты қаражатты үнемдеуге де мүмкіндік беруде. Хромакеймен жұмыс барсында, көбінде, жасыл (green screen) немесе көк (blue screen) түсті фон пайдаланылады. «Қайсысы сапалы әрі жақсы?» деген сұрақ туындайды. Хромакейдің алғашқы даму сатысында негізгі түс ретінде көк фон пайдаланылатын. 1970 жылдан бастап көк түсті жасыл фон ығыстыра бастады. Мұндай ой “Супермен” фильмін түсіру барысында пайда болған. Суперменнің киімінің көп бөлігі көк түстен тұрғандықтан, басқа фонды пайдалану керек болған. Осылайша Кристофер Рив алғашқылардың бірі болып дәстүрлі blue screen-ді green screen-ге  алмастырды. Сонымен қатар жасыл фонның көкке қарағанда бірнеше артылықшылықтары бар:

- жасыл түсті фонға жарық аз жұмсалады;

- жасыл каналдағы цифрлы камералар көп мөлшерлі пикселмен қамтамасыз етеді;

Жасыл түс киімдерде де мүлдем кездеспейді деуге болады. Дәл қазір өз киіміңізге де назар аударыңызшы. Оқырманның  95 % үстінен жасыл түсті киімді таппасы анық.

Фонды таңдау барысында түсірілім объектісінің киім түсіне баса назар аударған дұрыс. Объектінің киімі мен фонның түсінде сәйкестік болмағаны абзал. Себебі видеоредактормен жұмыс барысында фонмен қоса адам киімінің кейбір бөліктері өшіп, адам денесі жылтырай бастауы мүмкін. Сондықтан актер немесе тележүргізушілерге костюм таңдау барысында фонмен түстес киімнен алшақ болуға тырысады. Бұл - басты кемшілік. Алайда, кейде дәл фонға сай түстерді арнайы қолданып жататын кездер болады. Мысалы, атақты Гарри Поттер фильміндегі көрінбейтін мантиямен болған сахнаны жасыл түсті материалдың көмегімен түсірген. Жасыл түсті материал өңдеу барысында өшіп, қажетті эффектіні береді екен.

Хромакейдің көмегімен өндірістік үдерісті барынша арзандатуға, тездетуге және бірнеше объектілерді біріктіріп, өмірде жоқ, адам санасына сыйғысыз ғажайып дүниелерді жасап шығаруға болады.

  •  825