"Oscar-2017" кезінде орын алған қателікке гаджеттердің қандай қатысы бар?

13.03.2018

 

ХХІ ғасыр –  жаңа технологиялар ғасыры. Адам өмірін жеңілдету мақсатында жасалатын техникалардың күн санап қарқынды дамып жатқаны мәлім. Заманауи құрылғылардың  қатарынан жаныңызға керектің барлығын табуға болады. Солардың бірегейі адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналған – смартфондар.

 

Смартфондарға деген қызығушылық адам бойындағы көптеген жағымсыз эмоциялардың пайда болуына әсер етеді. Олар адамды күйзеліске ұшыратып, тіпті, жүйке жүйесіндегі психикалық ауытқуларға әкеп соқтыруы  мүмкін. Дамыған заманда адамдардың басым көпшілігінде гаджеттерге деген тәуелділік бар. Жалпы, гаджеттердің адамға қалдыратын жағымды әсері жоқтың қасы. Бұл техника түрлеріне тәуелді жандар шектен тыс ашуланшақтығымен ерекшеленеді. Ғалымдардың пайымдауынша, барлық гаджеттер бірдей зиян емес. Тек интернет желісіне қосылатын, үнемі жаңарып отыратындары адамға кері әсерін тигізеді. Өйткені, адамда келген хабарламаны оқу немесе жаңа бағдарламаны пайдалану деген сияқты қызығушылықпен қатар мазасыздық сезімі пайда болады. Американдық зерттеушілер 18 жасқа толмаған  3511 адамға әлеуметтік зерттеу жүргізіп көрген. Нәтижесінде барлығының дерлік телефондарына аса көп көңіл бөлетіндігі және үнемі хабарламалардың жаңарғанын күтіп отыратындықтары анықталған.

Қазіргі таңда қолында телефоны, планшеті немесе басқа да гаджеті бар үш жасар баланы көрсең таңданбайсың. Смартфондар бала психикасына қалай әсер етеді? Дәл осы кезеңдерден бастап баланың психологиясы дамып, өзіндік «мені» қалыптаса бастайды. Иә, технология баланың интеллектуалды дамуын тездетеді. Алайда аталған ақылды құрылғылар баланың өмірге деген көзқарасын мүлде басқаша қалыптастырады. Өйткені, бала санасы ақпаратты бірден сіңіріп алатын қабілетке ие. Ал телефондағы ақпараттың барлығын бірдей дұрыс әрі пайдалы деп айту қиындау. Сонымен қатар, күні-түні телефон экранына үңіліп отыратын бала шамадан тыс тұйық, қоғамнан кішкене алшақтау болады.

 

Адамды гаджеттерге жіпсіз байлап тастаған – әлеуметтік желілер. Ғаламтордағы өмірге шырмалып қалған жандардың ойы шашыраңқы әрі ұқыпсыз болып келеді деген психологтардың тұжырымы бар. Өз теорияларын дәлелдеу үшін психологтар «Оскар-2017» премиясы барысында болған жанжалды мысал етеді. Жүргізушілерге конверт табыстауға жауапты маман «Твиттер» әлеуметтік желісіне беріліп кеткені соншалық, сахнаға мүлдем басқа қағазды беріп жіберген. Артынша өте үлкен жанжал орын алған екен.

 

Әрдайым сергек жүріп, бар шаруаңызды орнымен ұқыпты жасау үшін мамандар ақылды құрылғыларыңызға аз көңіл бөліп, таза ауада, табиғат аясында көптеп серуендеуге кеңес береді.

  •  588