Әдеби агенттің қаламақысы қанша?

19.01.2018

 

Әдеби агент сөзі әлемнің дамыған елдері үшін таңсық емес. Ол - баспа мен автор арасындағы дәнекер. Автордың құқығын сақтай отырып, оның кітабын әрі қарай таратып, жақсы бағаға сатылуын қамтамасыз етумен айналысады.

 

Әдеби агент қолжазбаны қарап, оның болашағы зор екенін байқаса, бірден іске кіріседі. Олар танымал жазушылармен жұмыс жасауға талпынады. Себебі  жазушы қаламақысының 10-15%-ы әдеби агенттің қалтасына кетеді. ­­Көп жағдайда баспамен байланыс орнатқаны үшін 15%, ал аудару үшін 20% алады. Батыста әдеби агент – кітап бизнесінің ажырамас бөлшегі. Шет мемлекеттерде жазушылардың баспаға өз қолжазбаларын әдеби агенттің көмегінсіз ұсынуы дұрыс емес деп саналады. Автордың міндеті - жазу. Ал кітапты тарату, өткізу, оқырмандармен кездесу ұйымдастыру тікелей әдеби агенттің мойнында. Мысалы, Джоан Роллинг әдеби агенттермен бірлесе жұмыс жасағанының арқасында  «Гарии Поттер» кітабы оған миллиондаған пайда әкелген.

Елімізде әдеби агент туралы түсінік әлі шала. Бақтыгүл Маханбетова  “Bestseller KZ” атауымен отандық бірінші әдеби агенттікті құрған. Әдеби агент қазақ кітаптарын шет елге шығару мақсатында еңбек етіп жүргенін айтады. Мемлекеттен қаржылай көмек берілуі тиіс дейді. Көршілес Ресейге бұл түсінік тек 2000 жылдардың басында пайда болған. Бізбен салыстырғанда, көршілерімізде бұл саланың мамандары баршылық. Ресейлік агенттіктер өз еліндегі баспалармен емес, алыс-жақын шетел баспаларымен жұмыс істеуді құп көреді. Яғни, өз авторларының туындыларын шет елге шығарумен айналысады. Мұндай агенттіктер шет елге шығуды жоспарлап жүрген, Ресейде танымал авторлардың сұранысы бойынша жұмыс істейді. Жас жазушылар мен баспалар арасындағы қарым-қатынасты реттеумен айналысатын агенттіктер бірен-саран.    

Ең алғаш 1875 жылыҰлыбританиядан бастау алған әдеби агент пен агенттіктер біздің елімізге әлі жете қоймады. Қазақ жазушыларының арасында агент пен агенттіктің не екенін, оның қандай қызмет атқаратынын білмей жүргендер жетерлік. Отандық жазушылар бұған рухани жағынан да, қаржылай жағынан да дайын емес. Барлығының үміт артары - мемлекет. Көп қаламгерлеріміз шет елге шығудың ең дұрыс жолы - аударма деп біледі. “Кітаптарымыз әдеби агентсіз де шет елге шығып жатыр”, -  дейтін жазушылармыз консервативті көзқарастарын тез арада өзгерту керек.

  •  1067