Әлемдегі ең атақты үлгерімі төмен оқушыларды білесіз бе?

28.09.2018

 

«Оқысаңыз, балалар, шамнан шырақ жағылар.» Бұл Әліппенің алғашқы бетіндегі ағартушы, ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсариннің айтқаны. Оқыған адамның көзі ашық, болашағы жарқын болары хақ. Алайда, бұл оқымағандар тысқары қалып қалады деген сөз емес. Мектептегі бағасы нашар болса да, дарындылығымен халықтың жоғары бағасын алғандар жетерлік. Сонымен, олар кім болды екен?

 

Гимназия оқушысы Антон Чехов бір сыныпты екі рет оқуға мәжбүр болған. Бастауышта ол  география және математикалық сауаттылық пәндері бойынша қиындықтармен кездескен. Ал 5-сыныпқа келгенде, оған грек тілінінен ұстаздары «2» қойған. Дей тұрғанмен, бұл бағалар оның ұлы жазушы болып қалыптасуына кедергі келтірген жоқ.

Уинстон Черчилльдің есте сақтау қабілеті төмен болған. Ол тек өзіне ұнаған сабақтарды ғана оқыған. Сол үшін ол үлгерімді онша маңызды деп есептеген жоқ. Алайда, ол нашар бағалары үшін үнемі жазаланып отырған. Ата-анасы баласының білімді азамат болмағанына алаңдайтын. Бірақ, 1953 жылы Черчилль әдебиет саласы бойынша, Нобель сыйлығының иегері атанды.

Өнертапқыш Томас Эдиссон мектепте 5 ақ-ай оқыған. Осы уақыт ішінде оның мұғалімдері баланы үйде оқыту керек деп кеңес берген. Олардың ойынша, Эдиссон дарынсыз болған. Үйде оның оқуымен анасы айналысты. Бүгінде, Томас Эдиссон жарықтың «жұлдызына» айналды.

Бүгінде есімі жиі аталатын Билл Гейтс нашар оқушылардың қатарында болыпты. Оқуға мүлде қызығушылық танытпаған ол мектептегі сабақтарды керексіз деп санаған. Ата-анасы оны қандай жолмен ынталандырмаса да, оқуға еш зейін танытпапты. Соған қарамастан, оның жетістігін әлем біледі.

Оноре де Бальзак. Есеп бойынша өзінен бірнеше жас үлкен кісіге тұрмысқа шыққан жазушының анасы перзентінің бетіне қарамастан, баланы басқалардың тәрбиесіне бере салған. Кейіннен ол Вандом мектеп-интернатына жөнелтіледі. Бұл жерден тіпті оны демалыс күндері де ешкім алып кетпеген. Бәрінен көңілі қалған бала   тұйықталып, өз әлемінде өмір сүрді. Сабақ кезінде көзін терезеге телмірткен оның сыртқы әлеммен еш шаруасы болмады. Тастай еденге отырып, кітап оқыған Бальзакқа қатты суық тиіп,  ұзақ ұйқыға да кете жаздайды. Ақыры әкесі ауруханадан алып шығып, өз бетінше өмір сүруді айтып, ұлына қолын бір-ақ сілтейді.

Альберт Эйнштейнді ұстаздары мектеп бағдарламасын игеруге қауқарсыз деп санаған. Оған қиындық туғызған пәндердің бірі – физика болған екен! Бүгінде біз оны фотоэлектрлі эффект заңын ашқандығы үшін Нобель сыйлығының иегері ретінде танимыз.

Бұл біз тізіп шыққан таланттардың бір парасы ғана. Мектептегі бестіктер мен екіліктер сіздің өмір жолыңызды айқындамайтынына көзіңізді тағы бір мәрте жеткізген боларсыз? Бұған дипломның түсі де кіреді. Байқасаңыз, мақаладағы алдыңғы 2-3 жолдар жағымсыз болғанымен, соңғы сөйлем адамды әрекет етуге, жеңілмеуге, берілмеуге үйрететіндей. Не нәрсе болсын өзіңізге байланысты!

 

Назира Қасымбек
  •  1523