Отбасылық бизнестің ақыры

26.09.2018

 

Бизнесте бәрінің таза болуы мүмкін емес. Бұған ерлі-зайыпты Генри Фройнд пен жары Оливтің кәсібін мысалға алуға болады. Олар бәрін «таза» істегені соншалық, тіпті инвесторлардың өздері компанияға жүз мың долларлап ақша салған. Сонымен олар немен айналысты?

 

Ерлі-зайыпты екеу 1883 жылы Нью-Йоркте фирмаларының негізін қалады. Бұлардың қалаға келгенге дейінгі өткен өмірлері тұрғындар үшін жұмбақ болды. Тіпті, олардың жасы, азаматтығы, бұрынғы кәсібі жайлы ешкім ештеңе айта алмады. Алайда, олар өздерімен бірге қант өнеркәсібін алға жылжытар үлкен машина әкелді.

 

Аталмыш машина қантты тазартумен айналысты. Ол уақытта бұл процесс 10 АҚШ доллары тұратын. Фройнд өз машинасының мұны 80 центке жасайтынын айтты. Алайда, ол үшін оған қант зауытын салуға көмектесетін инвесторлар керек деп мәлімдеді.

 

Бірақ, оны алғашқы зауыт кері қайтарды. Өйткені, ол машинасы жайлы толыққанды дұрыс мәлімет бере алған жоқ.

 

Көп ұзамай Фройндтың ұсынысын қабылдайтындар табылды. Алайда, оның машинаны ешкімге көрсетпеу туралы шарты болды.

 

Инвесторлар үлкен матамен жабылған техниканы тек сыртынан ғана көре алды. Ал, қантты өзгертуге келгенде, тіпті, бөлмеде ешкімді қалдырған жоқ. Аяқталған жұмыстың нәтижесін көрген инвесторлар өте қатты таңқалды. Олардың көз алдында сапасы жоғары қатты, тазартылған аппақ қант жатты.

1883 жылы қантты қайта өндейтін компания акцияларын 100 АҚШ долларына сата бастады. Сатып алушылар Америка мен Англиядан табылып жатты. Ал одан түскен ақшалар үлкен машинаның салынуына жіберілді-мыс.

 

Осылайша, Фройнд машинаны тек құрылысы біткен соң ғана көрсетемін деген желеумен көпті алдап жүрді. Ал ол уақытта акцияның құны 625 долларға жетті.

1888 жылы компания иесі ауыр сырқаттан көз жұмды. Зайыбы мен балалары оның жұмысын ары қарай жалғастырды. Алайда, олар инвесторлардан көп сомма талап ете бастағанда, салымшылар да істе бір шикіліктің барын түсінді. Оның жары заңгерлердің көмегіне жүгінді. Бірақ инвесторлардың ойлағаны басқа еді.

 

Олар бөлмеге баса-көктеп кіріп, тонналап жатқан тазартылмаған (шикі) қантты көрді. Шын мәнінде «зауытта өндіріліп жатқан» кристалл қораппен басқа жақтан әкелініп жатты. Ал, жыр болған өндіріс машинасы жайлы сөз де болған жоқ.

 

Осыдан кейін компания банкрот болды. Ал Олив Фройнд пен ата-анасы жазаланды. Сондай-ақ, олардың Чикагода да осындай кәсіппен айналысқаны белгілі болды. Ең қызығы, кәсіпкердің жары мен анасы ұзақ мерзімді жазадан сытылып шықты. Ал өгей әкесі 10 жылға Синг-Сингтегі қатаң режимдегі колонияға қамалды.

 

Осылайша, Фройндтардың бизнесіне нүкте қойылды.

Назира Қасымбек
  •  1658