Бірінші болып ғарышқа саяхат жасайтын кім?

21.09.2018

 

SpaceX компаниясы BFR ракетасымен алғаш болып айға саяхат жасайтын жер тұрғынының есімін атады. Ол – жапондық миллиардер Юсаку Маэдзава. Көк қағаздың иесі өзімен бірге суретші, музыкант, режиссер мен модельерді апармақ. «dearMoon» деп аталатын арнайы жобаға қатысушылардың есімдері әлі құпия сақталып отыр. Миллиардер Илон Маскпен серіктестік негізіндегі бұл жобасы өнер адамдарына шабыт сыйлап, тамаша дүниелерді өмірге әкелуіне себеп болар деп ойлайды.

 

Егер Пабло Пикассо Айды жақыннан көрер болса, оның картиналары қандай болар еді? Жердің иілуін көрген Джон Леннонның әндері қандай болар еді? Олар ғарышқа аттанса, бүгінгі әлем қандай болар еді?

 

Бір аптаға созылатын сапар 2023 жылға жоспарланып отыр. Ракета Айға 201 км қашықтықта жақындап, Жерге оралады.

 

Бүкіл адамзат тарихында 24 адам Айға сапар шеккен. Олардың бәрі «Аполлон» ғарыштық бағдарламасының қатысушылары. Ғарышкерлер аспан әлеміне 6 рет барған. Соңғы рет «Аполлон-17» бағдарламасы шеңберінде 1972 жылы болды.

20 жасында бизнес әлеміне аяқ басқан жапондық азамат бүгінде Forbes басылымында әлем бойынша 238-орында тұр. Ал Жапонияда 18-орынға табан тірепті. Оның капиталы 2,9 миллиард долларды құрайды. Оның бұл сапар үшін қанша ақы төлегені белгісіз. Алайда, Илон Масктың мәліметінше, бір орын 35 млн доллар тұрады! Басылымдардың жазуынша, бұл – миллиардердің бала кезден бергі арманы екен.

 

Оның сапары жайлы Илон Маск өз пікірін білдірді.

 

Маэдзава – өте қайсар. Біз оның бұл сапар үшін қанша ақша салғанын айта алмаймыз. Біз оны емес, ол бізді таңдады. Сондай-ақ, бұл қауіпті. Ойын емес, көп дайындықты қажет етеді. Біз барлық жағдайдың алдын-алсақ та, бәрінің ойдағыдай шықпауы да мүмкін.

 

 

Назира Қасымбек
  •  4197