Мүлдем керегі жоқ  гаджеттер

28.08.2018

 

Өміріңізді 180С-қа өзгертіп жіберетін технологиялар жайлы қаншалықты жиі естисіз? Аз дегенде айына бір рет құлағыңыз шалуы мүмкін. Саны көп гаджеттердің сапасынан бұрын, қолданысқа тигізер пайдасы жайлы сөз еткеніміз дұрыс секілді. Сонымен, қай гаджеттердің болғанынан болмағаны дұрыс?      

 

Ақылды шаңышқы

Төмендегі видеоға зер салып, мәтінді оқымас бұрын оның қандай қызмет атқаратыны жайлы ойланып көріңізші. Бәлкім, тағамның құрамын анықтар? Әлде  тамақты ыдысыңызға өзі салып бере ме? Қызығы, екі болжам да оның құзыретіне кірмейді. Ол сіздің тамақты ішу жылдамдығыңызды тексереді. Адамдар өте тез тамақтанады дейді. Сондықтан, ол сізге жылдамдықты баяулату жайлы нұсқау береді. Егер, «ережені» бұзсаңыз, арнайы жарығы жанады. Оны смартфонмен басқаруға болатындықтан, өз жетістігіңізді де көре аласыз.

 

Навигатор кеудеше

Бұл Google Maps пен 2Gis-тің рөлін атқармақ. Сіз қайта-қайта телефонға үңілмес үшін, жарық диодтары мен датчиктер бұрылу кезінде немесе бағытты өзгертетін уақытта вибрация береді. Алайда, дәл осы тұста бір сұрақ туындайды. Өндірушілер халықтың денесін қауіпке тігіп жүруді қаламайтынын ойлады ма екен?

 

Ақылды тіс щеткасы

Тісіңізді дұрыс тазалап жүрсіз бе? Ақылды тіс щеткасы да смарт шаңышқы тәрізді қызмет атқарады. Ол сіздің тісіңізді тазарту ұзақтығын тексеріп, бірнеше кеңестермен бөліседі. Сондай-ақ, мұны ойлап тапқандар өз нәтижеңізді стоматологыңыз бен достарыңызға жіберу керектігін айтады. 5 минут айна алдында тісін тазартып тұрғанын ешкім де көпке жария қылғысы келмейтін шығар?

 

Лазері бар қайшы

Аталмыш гаджеттің атқарар функциясына тоқталсақ. Қайшыға арнайы лазер орнатылған. Ол сіздің кез-келген нәрсені түзу кесуіңіз үшін жұмыс істейді. Бәлкім, бұл көз мөлшері жоқ адамдар үшін тиімді шығар. Дегенмен де, сіз қайшының бағытын сәл өзгертсеңіз, лазер де қиыс кетеді. Ал, енді бұл құрылғының керек, керек емесін өзіңіз шешіп көріңіз.

 

 

 

 

Назира Қасымбек
  •  2433