Мекенінен қайтқан тырналар ...

25.08.2018

 

Әне-міне дегенше, оқу маусымы басталар күн де жақындап қалды. Талай түлек үшін биылғы оқу жылының маңызы зор. Өйткені, оларға үлкен өмірдің есігі ашылды. Туған өлке, ыстық ұя мен ата-анадан жырақтап, басқа қала, жат ортаға аяқ басты. Алдыңғы толқын үшін олардың жағдайы таныс. Бәрі өз білгендерімен бөлісіп, керек-ау дейтін кеңестерін құлақтарына құйып әлек. Әр адам өмірде өз жолын таба білу керек. Ол үшін қиындық, кедергілердің бәріне қарсы тұрар күштің иесі болып қалыптасуы шарт. Әйтпегенде, үлкен жолда бағытын жоғалтып, адасып қалады.

 

Біз бүгін ғалым, филология ғылымдарының докторы Немат Келімбетовтың  ұлына жазған хатынан үзінді беріп отырмыз. Енді ғана студент атанып жатқан ұл-қыздардың жанына жігер отын сыйлап, сәуле шашар деген сенімдеміз.

 

«..Бүркіт көп өмір сүреді, бірақ ол өзінің ұзақ өмірінде ұяда жатқан балапанын небәрі бір рет қана ұшырып үйретеді. Енді ғана темір қанат болып келе жатқан балапанын бүркіт тістеп алған күйінде көз жетпес аспан тұңғиығына самғап ұшып шығады да, кенет аузындағы балапанын төмен қарата лақтырып жібереді. Әлі бір рет те қанат жазып, ұшып көрмеген өз балапанын аямайды екен – ау деп қаласың.

                                                             
Бірақ қас – қағым сәтте әлсіз қанаттарын ашуға шамасы келмей, жерге қарай құлдырап бара жатқан балапаны соңынан ана бүркіт құйындай ағып келеді. Егер балапан жерге жақындағанша қанатын аша алмаса, онда ана бүркіт шүйіліп кеп оны қағып алады да, қайтадан биік шың басындағы өз ұясына апарып қояды. Бірақ ана қыран шексіз аспан әлемінде өз күш – қуатымен бірден самғап кете алмаған темір қанат балапанына қайта мойын бұрып қарамайды екен. Енді әлгі балапан өзінің жер бауырлап жүретін жылан емес, аспан әлемінде құйындап ұшатын қыран екенін тек өз қайратымен, ерік – жігерімен ғана дәлелдей алады.


Егер оған рухы жетпей қалса, онда қайырымсыз қанаттарына қарғыс айтып, үн – түнсіз мына жарық дүниемен мәңгілікке қоштасады екен... Өмір сүргің келсе – өз бетіңмен тіршілік етуді қазірден бастап үйрен. Өмір аспанында өз қанатымен ұша алатын қыран екеніңді балапан кезіңде көрсет. Мен сені сақалың шыққанша сүйрей бермеймін. Жетелеген ит ауға жарамайды. Өз әрекетіңді өзің жаса...»

 

Сәттілік серігіңізге айналсын, талапты жас!

Назира Қасымбек
  •  1620