Үндістан 2022 жылы ғарышқа адам жібермекші

18.08.2018

 

Бұл жаңалық жайлы Елдің Премьер-министрі Нарендра Моди хабарлады. Үндістан ғарыштық зерттеу ұйымының мәлімдеуінше, бұл тек олардың ғана емес, тұтастай мемлекеттің миссиясы болмақ.

Бұл міндетті орындамас бұрын, агенттік екі пилотсыз сынаманы іске қоспақ. Осыдан соң ISRO (Indian Space Research Organisation) үш адамнан тұратын экипажды жерге жақын орбитаға жібермек. Алдын-ала болжамдарға сәйкес, бұл 5-7 күн уақытты алады. Мұны орындау үшін Geosynchronous Satellite Launch Vehicle Mark III (GSLV Mk III) тасымалдаушы- ауыр ракета қолданылады.

 

 

Үндістан ғарыштық ғылым саласында үнемі ілгері болатын. 2022 жылы ел тәуелсіздігіне 75 жыл толар шақта, осынау міндетті жүзеге асыратынымыз жайлы хабарлағаныма шексіз қуаныштымын. Біз Үндістан азаматын бұл мерзімнен ертерек те жіберуіміз ықтимал. Үнді қызы немесе ұлы қолына үшжолақты түсті ұстап, ғарышқа аттанады, - деді Премьер-министр.

 

Сондай-ақ, ол отандық ғалымдар мен инженерлердің ғарышты игерудегі жаңа технологиялар жолындағы жұмыстарын жоғары бағалады.

 

Біздің ғалымдарымыз мақтауға әбден лайық. Олар ғарышқа 100-ге тарта серік жіберді. Марс миссиясын да сәтті орындады.

 

Елдің NDTV ақпарат агенттігі 2014 жылы ISRO-ның CARE (Crew Module Atmospheric Re-entry Experiment) пилоттық модуль прототипін сынамадан сәтті өткізгенін мәлімдеді. Ол GSLV Mk III тасымалдаушы-ракетасының көмегімен жүзеге асқан. Осы жылдың шілде айында агенттік (ISRO) іске қосу кезіндегі төтенше жағдайларды қолданыстан ойдағыдай өткізді. Ақпарат құралдарының хабарлауынша, зерттеу ұйымы бүгінде ғарыштық құралдар және скафандрлер ойлап табумен қатар, ғарышкерлерін тамақтандыру бойынша да бірқатар жұмыстар жүргізуде.

Қазіргі таңда елдің ең ауқымды жобасы ретінде Айға жіберілген автоматтандырылған планетааралық «Чандраян-2» станциясын айтуға болады. Бұл Айды игеру бағдарламасы бойынша 2008 жылы басталған «Чандраян-1» үнді аппаратының жалғасы. «Чандраян-2» миссиясы аясында Айды орбитадан бақылау жоспарлануда. Бұдан бөлек, шағын луноход пен Айдағы топырақ үлгілерін жинап, талдау көзделіп отыр. Соңғы ақпараттарға сәйкес, аталмыш миссия 2019 жылға ауыстырылды.

Назира Қасымбек
  •  1900