Дулат Бижанов: "Бар мәселе – бизнес иелерінің жаңашылдықты мойындамауында"

14.08.2018

 

ІТ технологияның жаңа лебіне ілесе келген көп саланың бірі – интернет-маркетинг. Елімізде кенже дамып жатқан кәсіптің көшін  жастар ілгері сүйреуде. Бүгінгі кейіпкеріміз Дулат Бижанов өз саласының қыр-сырымен бөлісіп, табысының құпиясын ашты.

 

        - Дулат, маркетинг саласына қалай келдіңіз? Білуімізше, Сіз өзге саланың маманысыз?

Мен Халықаралық Ақпараттық Технологиялар Университетіндегі "Ақпараттық жүйелер" мамандығын бітірдім. ІТ саласы менің жеке тұлға болып қалыптасуыма өте қатты ықпал етті. Алайда мен адамдардың өзін-өзі ұстау дағдыларына қызығатынмын. Бәлкім мені маркетингке алып келген де осы қызығушылық шығар? Бірнеше жыл бұрын өмір менің алдыма үлкен таңдау қойды. Мен қандай жағдай болса да, "McKinsey" консалтингтік компанияға жұмысқа орналасуға шешім қабылдадым. Бірнеше ай көлемінде жүйелі дайындалып, 200-дей кейстерді қарап шықсам да, сұқбаттасудан өте алмадым! Бір уақыттарда менің өмірімнің басты арманы осы болса да, дәл қазір біреудің қоластындағы қызметкер болмағаным үшін тағдырыма ризамын! Біраз уақыт өткен соң жеке бизнес бастау жайлы идея келді. Осылайша, мен өзімнің "Decode" агенттігін аштым.

- "Decode-тың" құрылу барысы жайлы айтып өтсеңіз

Қазіргі таңда "Decode" 4 саланың басын біріктіріп отыр. Олар: IT, Digital маркетинг, Инфобизнес және Видеопродакшн. Егер Digital маркетинг саласындағы біздің оқытуымызды алар болсақ, біз ТМД бойынша мұндай курс ашқандардың алғашқысымыз. Бұл курс Қазақстанда әлі профильді Digital оқыту болмаған кезде, "Decode" қызметкерлерін үйрету үшін 2015 жылы ашылған. Бүгінде біздің шәкірттер продакшн және бизнес бастауды қатар үйреніп шығады. Дәл осы – біздің тәлімгерлерімізге бірнеше кейстерде өз білімдерін жетілдіріп қана қоймай, өз компаниясындағы нақты жағдайлар мен проблемалар бойынша кеңес алуға мүмкіндік берді.

 

- Кей оқырмандар үшін интернет-маркетингтің жұмысын түсіну қиындау. Бұл саланың жұмыс істеу барысын қысқаша түсіндіріп өтсеңіз. Сондай-ақ, қандай кедергілерге ұшырасасыздар?

Маркетинг – тауарды жасау және оны қажетті адамдарға сата білу өнері. Көбісі үшін бұл жай ғана жарнама. Алайда ол тек бұл саланың кішкентай бөлігі ғана. Мен мұны сізге қарапайым тілмен ғана түсіндіріп көрейін. 

 

Маркетинг – ешқашан да өлмейтін мамандық. Өйткені, сұраныс пен ұсыныс әрдайым болады.

 

Біз нарық пен тауарға анализ жасаймыз. Мұның бәрі не үшін? Олар нені, кімге және қалай сату керектігін білу үшін жасалады.

Digital marketing – маркетингтегі жаңа бағыт. Олай дейтінім, қазір бәрі ақырындап интернетке көшіп жатыр. Ал, ол басқа кейіпкерлерді керек етеді. Негізінде, мұны интернетке лайықталған дәстүрлі маркетинг түрі деп айтуға болады. Алайда, мұнда да аналитика, креатив пен батылдық жеңіп кетеді. 

 

Кедергілерге келер болсақ, олар әрдайым болады. Мәселен, SMM-де аудиторияның талабына сай контентті анықтай алмауың мүмкін.  

 

Контент

Уақыттың жетіспеуі, жобаны түсінбеу, сайтты, блогты немесе әлеуметтік желідегі парақшаны сапалы материалдармен қамтамасыз етуге кедергі келтіреді. 

 

Таргетті жарнама – шығыны көп болса да, интернет-маркетингтің маңызды құралы. Мұнда сегментті аудиторияны анықтауда оп-оңай шатысуың мүмкін. Оған қоса, жарнамаға кетер бюджетті де жоғалтуын ықтимал.

 

- Тұтынушылар арасында жарнаманың қай түрі сұранысқа ие? Маркетингтегі соңғы трендтерге тоқтала отырсаңыз.

Тренд өте көп. Мен сізге ең маңызды 3-еуін атап өтейін. 

 

1. Сторителлинг – бұл ақпаратты қандай да бір сюжет, тарих арқылы беру. Мұнда да адамның эмоциясын зерттей отыра, өте жақсы әсер беруіміз мүмкін.

 

2. Халық видео-контентті көп бағалайтын болды. Өйткені, қандай да бір ақпаратты визуалды түрде қабылдау өте жеңіл. Бұл тұста компанияға креатив өте керек. 

3. Чат-бот – көп танымалдылық жинауда. Ол адамдардың міндетін жеңілдетіп, виртуалды көмекшіге айналды. Адам қазір жалқауланып бара жатқандықтан, бұл функция олар үшін өте тиімді. 

- Қазақстанда онлайн-маркетинг қалай дамуда? Қандай қиыншылықтар бар?

Қазақстан үшін интернет-маркетинг тың дүние. Әрі соңғы жылдары ғана қолданыла бастады. Интернет арқылы тауарды алға жылжыту деңгейі өсіп келеді. Негізінде, қазір шағын және орта бизнестегілер  сайттың яки Instagram-ның көп сатылым әкелетінін түсінді. Сондықтан, қазір көбісі блогрелердің кеңесіне құлақ асып, солардың кәсібилігіне жүгінеді. 

 

Біз кездесетін қиындықтың бірі – бизнес иелерінің жаңашылдықты мойындамауы. Олар өзгеру қажеттілігін түсінеді, алайда, жаңа нәрседен қорқатындай.

 

- Бұл сала бойынша бәсекелестік бар ма?

Иә, әрине.

 

- Бір жарнама процессі қанша уақытты алуы мүмкін?

Бәрі мұнымен айналысатын адамға байланысты. Егер идея мен оның жүзеге асырылуы үшін ресурс болса, бұл жарты-ақ күннің ісі.

 

- Өзіңізді мотиватормын деп есептейсіз бе?

Шынын айтқанда, мен өзімді мотиватор ретінде көрмеймін! Әркімнің өз мотивациясы болуы керек. Өйткені, әркімнің мақсат-мүддесі бөлек. Алдыңызға мақсат қойыңыз және соның соңынан еріңіз. Бар құпия осында.

 

- Сіздің ойыңызша, кез-келген адам бизнес бастауға қабілетті ме?

Жоқ!

-Маркетолог болу деген ...

Нарықтың әрбір өзгерісіне бейімделе білу!

 

-Кейінгі толқынға берер кеңесіңіз?

Ұйқыны доғару керек! Мен оқудан қолы бос кезде, түк істемей отыратын студенттерді түсінбеймін.

 

Қазір өзіңнің жеке кәсібіңді бастауға мүмкіндік деген жетеді. Бар болғаны тұрып, істеу керек.

 

Тәжірибе жетіспей ме? Онда біреудің қол астынан бастауға намыстанба! Нарықты зерттеп, ортаңды таныған соң өз ағысыңа қиналмастан қосыласың. "Алма піс. Аузыма түс" деген болмайды. Бұл өмірде әркім өзі үшін тырмысу керек.

 

Сұқбатыңызға рақмет!

Назира Қасымбек
  •  2882