Адамнан айнымайтын 5 үздік робот

01.08.2018

 

Адамзат робот жасау мүмкіндігі пайда болған күннен бастап, бұл салада талай жетістікке жетуде. Жасанды интеллект жасау – бүгінде компьютер инженерлері мен ІТ мамандарының басты мақсаты. Бұған жасалған қадамдардың нақты екенін айтуға болады. Өйткені, төмендегі адам орнын алмастырушылар олардың жеткен үлкен жетістігі.

 

1. София

Бұл танымал эмоциялық робот доктор Дэвид Хэнсонның «қызы». Ол жарыққа шыға салысымен Cosmopolitan және Elle сынды журналдардың басты бетіне шығып, әлемдік БАҚ-ты жауалап алды. София бірнеше тілде сөйлеп, адамдармен диалог құра алады.

Танымал робот шілде айының басында біздің де елге ат басын тіреді. Жібек Жолы елдері қалаларының мэрлер форумында сөз сөйлеп, жұртты тағы бір мәрте таңқалдырған еді. Ол өз сөзінде әсем Астанамыздың сәулет өнері ерекше баурағанын айтып, тағы да келетінін жеткізді.

 

2. Юнко Чихира

Бұл – Toshiba компаниясының өнімі. Үш тілде сөйлей алатын қабілетке ие. Сондай-ақ, Юнко бетіндегі қозғалмалы датчиктер арқылы өзінің эмоциясын білдіре алады. Қазір оның арнайы міндеті де бар. Ол Токиодағы туристік ақпараттық орталықта келушілерді қарсы алады. Адамдар онымен пернетақтаның көмегімен сөйлесу мүмкіндігіне ие.

 

3. Эрика

Роботты адаммен сөйлескенде шынай болуға үйрету күрделі жұмыстың бірі. Оны жүзеге асыру үшін жасанды интеллект әңгімелесушінің эмоциясын анықтап, соған қарай логикалық жауап әзірлеуі тиіс. Эрика үшін бұл қиын болса да, онымен сөйлесуге болады. Оған қоса, ол сізді түрлі эмоция және мимика арқылы қуанта алады.

 

4. Geminoid DK

Аталмыш робот Ольборг Университетінің оқытушысы Хенрик Шарфтың көшірмесі. Оның басты ерекшелігі – гиперреалистігінде. Оны жасау үшін 200 мың АҚШ доллары жұмсалған. Роботтың басты мақсаты – адамның эмоционалды жауабын зерттеу.

 

5. Надин

Бұл жасанды интеллект те адамның көшірмесі. Оны Женева Университетінде жұмыс істейтін Нади Магненат Тальманға ұқсатып жасаған. Надин өте эмоционалды. Ол күле алады, мұңайып, таңғалуды біледі. Сондай-ақ, қабақ та шыта алады. Осының арқасында онымен әңгімелесу өте қызық. Сөйлесу барысында ол үнемі көзге қарап тұрады.

 

P.S. Өткен материалдарымыздың бірінде кей компаниялардың мықты кадрларды жоғалтпас үшін клондау әдісін қолданатынын жазған болатынбыз. Осылайша, жасанды интеллект базасында жұмыс істейтін адамдардың көшірмесі пайда болмақ.

 

Назира Қасымбек
  •  442