Қалталы кәсіпкерлердің сараң болатыны рас па?

14.07.2018

 

Ингвар Кампрад әйгілі IKEA жиһаз және үй заттарын сататын дүкеннің негізін қалаушы. Ол фирмасын 17 жасында тіркеп, 4 жылдан соң сатумен айналысқан. Дүкен атауына тоқталар болсақ, бірнеше мағынаға ие екендігін көреміз.

  • IK – компания иесінің аты мен тегінің алғашқы әріптері;

  • E – отбасылық фирма деп аталатын «Elmtaryd» сөзінің алғашқы әріпі;

  • A – Agunnaryd. Бұл фирмаға жақын орналасқан шағын қыстақтың атауы.

 

Бұл атау біреудің қызғанышын келтірсе, енді біреуіне жылылық сыйлар ұғым. Өйткені, аталмыш атаумен талай адам етене таныс.

Үнемшілдік пен құпиялық

 

Сату жұмыстары басталғанға дейін Кампрад компаниядағы жалғыз қызметкер болған. Ол жұмысшылар жалдауға шығынданғысы келмегендіктен, туыстарының көмегіне жүгінген. Ингвар өзін үнемшіл адамның қатарына жатқызады. Журналистермен болған әңгімесінің бірінде ол қырық жылға жуық жұмыс орындығын ауыстырмағанын айтқан. Болашақ миллиардер арзан базарлардан киініп, 20 жыл көлігін де ауыстырмаған. Ұшақтарға билетті тек эконом-классқа ғана алған. Мұның бәрі оның қол астындағыларға үнемдеуді үйрету үшін жасалған шара еді. 1976 жылы ірі Швециялық кәсіпкерлердің ортасына түскен Кампрад салығы көп елден кетуге бел буған. 2014 жылға дейін Швейцария тұрғыны болған миллиардер өз бизнесін балаларына табыстаған соң отанына қайта оралған. Кәсіпкер шотындағы ақша мөлшерін де ешкімге айтпаған. Сондай-ақ, журналистерге берген сұқбатында да өзі жайлы мәліметтерді құпия ұстаған. Алайда, айтар әңгімесі үшін оған ақы төленсе, аз-кем ақпарат беретін.

 

Әлсіздігі

 

Қымбат киім мен салық мөлшері оған үлкен кедергі болса да, өзі үшін қымбат емес боп көрінетін ішімдіктен еш уақытта бас тартпаған. Кәсіпкердің айтуынша, ащы суға құмарлық бірнеше ондаған жыл оның ізіне түскен. Ішімдік қабылдаған күннің өзінде-ақ ол жоспар бойынша әрекет ететін. Мастық пен ішімдіктің мөлшері дәрігермен алдын-ала жоспарланатын. Кәсіпкер ащы суға құмарлық оған ақша әкелетін іске кедергі болмау керек деп ойлаған.

 

Жанжалдар мен отбасы


 

Кампрад түрлі келеңсіздіктерге тап бола отырып, олардан шығу жолдарын да білді. 1960 жылы ол өз бизнесінің жартысын Польшаға аударып жіберді. Оның бұл әрекеті Швеция жұртына ұнай қойған жоқ. Алайда, ол бұрынғысынша өз кәсібін жалғастыра берді.

 

Ингвардың Пәкістанда кәмелетке толмағандарды жұмысқа тартуы тағы бір жанжалдың өрістеуіне әкеп соқты. Сондай-ақ, экологтарда материалдың сапасына қатысты дау туындай бастады. Алайда, негативтің бәрін жарнама ретінде пайдалану идеясы тауарға деген сұранысты одан сайын арттырды.

 

Кампрад табысы мен қызметі талай кәсіпкерлер мен экономистердің таңданысын туғызды. Алайда, оның отбасына дөрекі, ішімдікке құмар, сараң адаммен бір шаңырақ астында тұру оңайға соқпаған.

 

Ингвар – төрт баланың әкесі. Алғашқы некесінде ол бір қыз асырап алған. Ал екінші некесінен үш ұлы бар. Оның бар мұрасы соларға қалған. Алайда, ол қызының жағдайын да ұмытқан жоқ. «Қамқор әке» қызымен 300 000 долларлық келісім-шартқа отырған. Кәсіпкердің ойынша, әйел адам кәсіпті дөңгелетіп, оны дамытуға қабілетсіз.

 

Жомарттық

 

Кампрадтың сараңдығын алмастырған дүние де болды. Ол 36 миллиард долларды құраған қайырымдлық қорына жомарттық танытқан. Кәсіпкер интерьер дизайны мен сәулет саласын дамыту бағытында жұмыс істеді. Бірақ бұл жерде де қауесет болды. Аталмыш қор компанияны салық пен банкроттан сақтап отырған.

 

Кампрад сатуға деген құмарлық оның бойындағы ерекше қасиет болғандығын мойындайды. Жастайынан сауда-саттыққа жақын болған. Ұстаған балығын, орманнан жинаған жидектерін сатқан. Оқушы кезінде сағат, тағы басқа ұсақ-түйектерді саудалаған. Шетелдерден арзан тауарларға тапсырыс беріп, оларды өз өлкесінде үш есе қымбаттатып сатқан.

 

Көп айтылмаған деректер

 

Ингвардың сөздік қорында «сыйлау, тегін» деген сөз болмаған. Швед кәсіпкері өмірдегі басты мақсат – капитал деп ұққан. Сондықтан, ол барынша ақша жинаған. Кәсіпкерлік ортасының кеңеюі үшін жастайынан пошта арқылы жарнамалар жіберген. Оны Екінші дүниежүзілік соғыс мүлдем алаңдатпаған. Сол үшін де өз кәсібімен емін-еркін айналысуға ешкім кедергі келтірген жоқ.

1942 жылы ол 16 жасқа толғанда ұлтшылдар партиясының қатарына қабылданған. Оның міндеті инвесторлар мен жаңа мүшелер іздеу болатын.

 

Алайда, кәсіпкер ұлтшылдарды қолдағанын бірден мойындай қойған жоқ. Тек айғақтар мен бұлтартпас дәлелдер ғана оны жастықтың қателігі ретінде мойындата білді. Швед қоғамына осы да жеткілікті еді. Бұдан соң оны ешкім мазалаған емес. Алайда, ол шетелдік қызметкерлеріне емес, жерлестеріне көп сенім артатыны жөнінде қауесеттер болған.

 

Табысты кәсіпкер Ингвар Кампрад биылғы жылдың 27 қаңтарында көз жұмды. Талай жанға өз саласының үздігі болып көрінсе де, адам ретінде кімнің есінде қалай қалғаны белгісіз. Тек, көпшіліктің көкейіне «табысты кәсіпкерлердің сараң болатыны рас па?» деген күмәнды сұрақты тастап кетті.

  •  1796