Әлемдегі ерекше футбол алаңдары

06.07.2018

 

Футболды нағыз тартысты спорт қатарына жатқызады. Мұнымен келіспеу мүмкін емес. Тіпті, алаңда доп қуып, қақпаға беттеген ойыншыны көрген көрерменнің делебесі қозып, бір орында әзер отырады. Футболдың қарапайым ережесімен бәріміз таныспыз. Ойын үшін екі команда, доп, қақпа мен алаң болса болды. Бірақ алаңның бәрі сіз бен біз ойлағандай үлкен стадиондарда ғана бола бермейді. Ниет болса, футболды мұз үстінде, шатырда, тіпті, қайықта да ойнауға болады! Бүгін Сіздермен ерекше футбол алаңдары жайлы мәліметпен бөлісеміз.

 

Альпінің биік шыңдарындағы алаң

 

Тау арасында орналасқан ауылдардағы футбол турнирін көру үшін рельстік көлікпен немесе жаяу 2000 метрге көтерілуіңіз керек. Серуенге 45 минут уақыт кетеді. Есесіне, Альпі тауларындағы Гшпон футбол алаңынан футболмен бірге, таңғажайып табиғатты тамашалайсыз!

 

Гренландиядағы мұздық

 

Норвегиялық «Свальбард» мұз жарғыш кемесінің теңізшілері мен ғалымдары үлкен мұз кесегінің үстінде футбол ойнаған. Ойын ақ аюлардың шабуылынан сақтану үшін күзетшілердің бақылауымен өтті.

Лофотен аралы

 

Ойынға деген махаббат табиғи көк шөп көп өсетін оңтүстік ойыншыларында ғана болмайды. Футбол алаңын шалғайдағы ойлы-қырлы Норвегияда орналасқан Лофотен аралында да ұйымдастыруға болады. Бастысы, тегіс жер табылса болғаны.

 

Бразилия ауданындағы жарықтандырылған алаң

 

Сәбилері доппен бірге дүниеге келетін Бразилия ауданының бірінде жаңа стадион ашылған. Ол жүгіріп жүрген ойыншылардан кинетикалық энергия алып, оны жарыққа айналдыратын арнайы панельдермен жарақтандырылған. Осылайша, алаң кешкі уақытта автоматты түрде жарық болады.

 

Ставропольдегі (Ресей Федерациясы) кепкен шөптен жасалған алаң

 

Ресейдегі Красное селосында футбол сүйер тұрғындар маяланған шөптерден алаң жасаған. Сондай-ақ, көрермендер жайғасар орынды да ұмыт қалдырмаған. Алаңға «Зенит-Арена» деп ат та қойған.

Қирап қалған ежелгі Рим ғимараттарының жанындағы арена

 

Римдіктер ежелгі дәуірдегі спорттық қызықтарды ұнатады. Дәстүрлер әлі де сақталған. Бүгінде Итальялықтар кезінде талай тартыстар өткен алаңдарда футбол ойнап жүр. Ал, олардың жанында ежелгі дәуірдің қиратындылары тұр.

 

Сомалидегі бұзылған мектеп ғимаратындағы алаң

 

Мектеп оқушыларының көбісі доп қуып, футбол ойнағанды жақсы көреді. Мұны ешкім жоққа шығара алмас. Бұған сомалилық балалардың қара жердің аппақ шаңын аспанға көтере, футбол ойнағанынан байқауға болады.

 

Жапониядағы супермаркет шатырындағы алаң

 

Жапондықтар үнемі ақылдылығымен және ұқыптылығымен ерекшеленеді. Аз ғана территориясы бар мемлекетке көңіл көтеретін нысандарды ерекше орындарға салуға тура келеді. Сибуя ауданы осылай істеген. Олар ірі супермаркеттің үстіне футбол алаңын салған.

 

Теңіз үстіндегі алаң

 

Теңізге тиіп тұрған Тайланд жұрты да футболды сүйеді. Бұл алаң тұрғындарға сүйікті ойындарын ойнауға еш кедергі келтірмейді.

Жолдардың түйіскен тұсындағы үлкен алаң

 

Қытайлықтар түрлі нәрсе шығаруға бейім. Олар бірнеше жолдың түйіскен жерінде жасыл алаң салған. Алайда, ол биіктіктен өте әдемі көрінеді.

  •  2015