Шахмат ойынына тыйым салған кім?

09.06.2018

 

Қазір алдыңғы толқынның дені жасөспірімдер мен балаларға түрлі видео-ойындардың қауіптілігін айтып, дабыл қағуда. Олардың сөзінше, графикалық туынды жастардың психологиясына кері әсер етіп, ойлау деңгейін тежейтін көрінеді. Талай баланың денсаулығы жастайынан құртылғанын ескерер болсақ, шынымен де аталмыш ойындардың қауіптілігі жоғары. Сондай-ақ, оған тоқтау салуға тырысқан қоғамның да жан айқайы орынды. Ал Сіз осыдан бірнеше ғасыр бұрын жоғары шенділер  шахмат ойынына дәл осылай тоқтау салуға тырысқанын білесіз бе? Оған тіпті бірнеше себептер де болған екен. Адамның ой-санасын дамытатын ойын ол уақытта неге бағаланбады?

1061 жылы Остия епископы ІІ Александр Папасына Флоренция епископының ақылға сыймайтын әрекеттерін айтып, ашумен хат жазады. Оның сөзінше, айыпталушы кешкі уақытын шахмат ойнаумен өткізіп, қылмыс істеген. Сондықтан да, басшылар шіркеулерде мұндай ойынды құп көрмейтіндіктен  шахмат ойнауға тыйым салған.

 

Ресейдің православиялық шіркеулері шахматпен өте қатты күресті. Өйткені, олар оны құмар ойындардың қатарына жатқызған. Сонымен қатар, шахматта ойыншы келесі қадамды қандай фигурамен жүретіндігін анықтау үшін кубикті лақтыратын әдіс те болған. Ойынның атағы әлемде дүркіреп тұрса да, шіркеу басшылары үшін ол масқара көрінді.

 

Бұған қарсы болған тек шіркеу қызметкерлері ғана емес. Ғылыми бірлестіктер де шахматты ұнатқан жоқ. ХІХ ғасырдың орта тұсында Европа мен Америкада аталмыш ойынға деген қызығушылық жоғарылады. Бір жағынан Американың негізін қалаушылар арасында танымалдылыққа ие болса, енді бір жағынан АҚШ ойыншылары Европада жеңіске жетті. Алайда, бұл  «Scientific American» ғылыми журналының қызметкерлеріне ұнай қойған жоқ.

1859 жылы олар шахматты қаралайтын мақала жазды. Авторлардың сөзінше, аталмыш ойын жастардың санасы мен тәнін дегредацияға ұшыратады. Олар бұл ойынды ойнап, уақыттарын құр өткізіп  жүрген кей әріптестері үшін кешірім сұрады. Сондай-ақ, бұл ұлттың интеллектісінің төмендеуінің басты белгісі екендігін жеткізді.

 

Олар үшін интеллект шахматта ешқандай рөл ойнамады. Тіпті, Наполеонның өзі ойын кезінде бақташысынан жеңіліп қалатын. Ал, Шекспир, Мильтон сияқты ұлы тұлғалар баға жетпес уақыттарын ойын үшін қиғылары келмеді.

Журналда шахмат әлемінде биікке көтерілгендер дарынды жандар делінген. Алайда, олар өзге салаларда қабілетсіз келетіндігін айтқан. Мақала авторлары мәнсіз ойынға ешқандай ақтау жоқ деп ұққан. Олардың шахмат ойыншылары көшеге шығып, таза ауамен тыныстап, гимнастикамен айналысу керек деп ұққан. Ол заманда шахмат ойнау – құр босқа уақыт өткізумен теңестірілген. Ал, ойнау қабілетін  жақсы қасиет қатарына мүлдем жатқызбаған.

Ол уақыттан бері талай заман өзгерді. Қазір бұл ойын әлем бойынша жоғары бағаланады. Аталмыш ойын арқылы еліміздің атын әлемге танытып жүрген қыздарымыз жетерлік.

 

Жансая Әбдімәлік – шахматтан 20 жасқа дейінгі жастар арасында әлем чемпионы (2017), Әйелдер арасындағы гроссмейстер (2014ж.), әйелдер арасындағы халықаралық шебер (2017)

                                             

Айша Закирова – 8 жасқа дейінгі балалар арасында әлем чемпионы

                                                

Динара Сәдуақасова – халықаралық гроссмейстер (2012), шахматтан 20 жасқа дейінгі жастар арасында әлем чемпионы (2016ж.)

                                                                                                                               

Әсел Серікбай – шахматтан 15 жасқа дейінгі оқушылар арасында әлем чемпионы

                                               

                                                   

*1966 жылдан бастап, жыл сайын шілде айының 20-да  шахмат күні халықаралық дәрежеде атап өтіледі

Назира Қасымбек
  •  1063