Бизнесте дұрыс ақша жасау жолдары

04.06.2018

 

Бизнесті банкротқа ұшыратпай, ақшаны орнымен қолдануды екінің бірі біле бермейді. Бірі шығын мөлшерін дұрыс есептемесе, енді бірі қаржылық жоспарды дұрыс құра алмайды. Бұл бизнесті банкротқа әкеп соғатын басты факторлар. Қаржы мамандары кәсіпті құлдыратпаудың бірнеше жолын ұсынып отыр.

Жеке қаражатыңыз бен жұмыс қаржысын ажырата біліңіз

Асан есімді азамат өзінің шағын дүкенін ашты делік. Ол кассадағы қалған ақшаларды кіріс деп ойлап жүрді. Осылайша, компанияға келер шығынды есептеместен, кассадағы қаржыны жеке басының қажеттілігіне  жұмсады. Ақша кейде жарнамаға, кейде тауарға жетіспеді. Осының салдарынан қызметкерлерге жалақыны кешіктіру, бөліп төлеу сынды мәселелер әдетке айнала бастады.  Кейде біреуден қарыз алып, келесі айда сол қарызды жауып отыруға тура келді. Бұл жағдай 3 айға созылды. Сосын Асанның кәсібі банкротқа ұшырады. Бұндағы басты қателік жеке бастың қажеттілігін бизнестің ақшасынан ажыратпау болды. Бизнестің басында өзіңіз тұрғандықтан, сіз – бас директорсыз. Сондықтан, өзіңізге жалақы тағайындай білуіңіз керек.

 

Кірісті дұрыс есептеңіз

Көбісі кіріс мөлшерін айдың соңында есептейді. Кассада қанша бар, сонша менің тапқаным деп жүреді. Шындығында, кіріс – айдың соңында кассада қалған ақша емес.

Кірісті атқарылған жұмыс нәтижесі бойынша есептеу керек. Клиенттің алдын-ала  төлеген ақшасы әлі сіздікі емес. Келісімге толықтай отырып, құжаттың бәріне қол қойған соң барып, қаражатты меншіктей берсеңіз болады.

Сондай-ақ, жалпы соммадан салық, операциялық шығындарды алып тастаңыз. Содан қалғанын кіріс деп айтуға толық негіз бар.

Ақшаның бағытын дұрыс бақылай біліңіз

Кірісті есептедіңіз. Ақшаны алдыңыз. Ал келесі аптада қызметкерлердің жалақысын беруге ақша жоқ. Кассада қаржы жетіспеушілігі орын алды. Мұндай әрекеттер болмас үшін ақшаның бағытын бір ай бұрын есептеп отырыңыз. Ол үшін төлем күнтізбесін пайдалансаңыз болады (платёжный календарь). Жоспарлап отырған шығыныңыз бен шотыңызға түсетін ақшаны енгізіңіз. Осылайша, қай уақытта қаржы тапшылығы болатынын бірден біле аласыз.

 

Бизнестің дамуына ақша қалдырыңыз

Кірісті есептедіңіз, қаржының бағытын жоспарладыңыз. Енді қалған қаражатты ала беруге болатын шығар? Бірақ, сәл күте тұруға тура келеді. Соңғы бір қадам қалды. Бизнестің ары қарай дамуына ақша керек. Сіз үш жағдай бойынша ақшаны кейінге қалдыра аласыз:

1. Бәрін өзіңізге қалдырасыз. Бизнеске инвестиция салмайсыз. Яғни, оның одан да кең қанат жайып, дамуын қаламасаңыз, бұл жоспарыңыз ақылға қонымды. Кәсібіңіз бір орында тұра береді, ал сіз өз рахатыңызға өмір сүресіз. Алайда, табыс көзі азайып, компанияның банкротқа ұшырау қатері болуы мүмкін.

2. Бәрін бизнестің дамуына саласыз. Тіпті жеке жиғаныңызды да инвестицияға салуыңыз мүмкін. Осылайша, сіз табысты кәсіп иесіне айнала аласыз. Алайда, оған көп уақыт керек.

3. Компромисс. Мұндай стратегия жеке бастың қызығушылығымен қатар компанияның дамуын қатар ойлауға мүмкіндік береді. Кәсіпкерлер 50% дамуға, 50% жеке бастың қажеттілігіне деп бөледі. Алайда барлығы өзіңізге байланысты.

Бастысы өзіңізге нарыққа сай жалақы тағайындаңыз. Кірісті есептеп, ақшаның бағытын дұрыс бақылаңыз. Сондай-ақ, бизнестің дамуына да ақша қалдыруды ұмытпағайсыз!

  •  2211