Сен құрметте оны

09.05.2018

 

Соғыс – перзентін анасынан, әкесін баласынан айырған зор қасірет. Адамзатқа қауіп төнген тұста, халқын алапат оттан құтқару үшін талай ерлер атқа қонды. Талайының денесі белгісіз мекенде жер жастанды. Жеңіс сағатын жақындатқандардың саны күн санап азаюда. Бейбіт күннің ұландарына жүктелер басты міндет – тірі тарих иелерін барынша құрметтеп, көкке көтеру. ХХІ ғасырдың тұрғындары ІІ дүниежүзілік соғыстың куәгерлерін көрген жалғыз ұрпақ болып қала бермек. Бүгінде қатарлары сиреген ардагерлермен сұқбаттасып, талай нәрсені түртіп, көңілге тоқып алуға барынша тырысудамыз. Соғыс басталғанда небәрі 11 жаста болған бүгінгі кейіпкеріміз Төлеген ата бүгінде тоқсанға толып отыр. 11 жасынан бастап, тылда еңбек етіп, майдан даласындағылар үшін аянбай тер төкті. Мал бағып, шөп шапты. Егістікпен айналысты. Ол кезде ойын баласы болса да, соғыс тауқыметін өзгелермен бірдей көрді. Уақытқа ешкім де қарсы келе алмайды екен. Бұған мен ардагермен сұқбаттасқанда тағы бір мәрте көз жеткіздім. Көп нәрсе айтуға дәрмені жетпей, атай көз алдымда көп уһіледі. Ең соңында жанары жасқа толып: «Енді соғысты ешкімге көрсетпесін»,- деді. Екі көзімді мөлтілдете, мен де сұқбатты осы жерден тоқтаттым. Олар бізге бейбіт күнді сыйлады. Бүгінгі күн үшін біз оларға мәңгілік қарыздармыз. Төстеріне қанша медаль жапсырсақ та, қанша гүл шоғын табыстасақ та, олардың бір күндік қиналған сәттерін өтей алмаспыз. Қарыздармыз....мәңгілік.

 

Осы тұста есіме Әбу Сәрсенбаевтың мына бір өлең шумақтары түсіп отыр.

Сен құрметте оны!

Түсіндің, бе, қарағым?
Ол ақшаға сатқан жоқ,
Тізеден кесіп аяғын.
Еріккеннен ұстап та жүрген жоқ,
Қолтықтағы ұзын таяғын.
Кеше елге қатер төнгенде
Ол жауға қарсы шапты,
Бізді жалмамақ болған ажалды
Өр кеудесімен қақты.
Ол арыстанша алысты,
Өлім соққысын өз үлесіне алды.
Денесін оқ пәршелесе де
Ел намысын қорғап қалды.
Сен құрметте оны!
Түсіндің бе, қарағым?
Сенің келешегің үшін берді ол
Азаттық, жолында аяғын!

 

Біреу аяқтан айрылды. Енді бірінің жанарын мәңгілік қара түнек басты. Не десек те, олардың тірі оралғанына талайы қуанды. Әкесінің иісін сағынған баласының қуанышы неге тұрарлық?! Ал, әкесінен айрылғандар ше..? Үйінен тірі аттандырып, қара қағазды құшқан аналардың зарын кім тыңдамақ?

Қалай сені жұбатам, аңыра, Ана,
Сау қайт деп тәңіріңе жалын, Ана.
Мына отырған иеміз құласа егер,
Саған жар, әке бізге табыла ма?
... Жалынған ғазиз Анам, сұрап қалған,
Жоғалды сол бетімен бірақ та арман.
Сенбеймін әкең өлді дегенге мен,
Себебі ол үйімізден тірі аттанған...

 

Мұқағалидың бұл өлеңі талай жанды зар илеткені сөзсіз. Болашақ үшін бірі бауыр еті баласын қиды. Енді бірі өз өмірін тәрк етті. Бейбіт күннің ұландары кешегінің батырларын ешқашан ұмытпайды. Олардың ерлігі ұрпағына өнеге болып қала бермек. Мәңгілік құрметке лайық жандар...

  •  2001