Білім мен бизнес. Қазақ жігіті екі бірдей саланы қалай дамытуда?

23.04.2018

 

Еліміздегі ІТ индустрияның дамуына талай білікті маман өз үлестерін қосуда. Көп адамның ішінен дараланып үлгерген Мейіржан Рыскелді сол білікті маманның бірегейі. 5 жастағы балаларды робототехниканың тіліне баулып, жас жеткіншектерді тәрбиелеп жүрген  бүгінгі кейіпкеріміз талай жанға үлгі болары сөзсіз. Сапалы білім мен бизнестегі сәтті бастауы жайлы Мейіржанның өзі айтып берді.

-Мейіржан, ІТ саласын таңдауыңызға не себеп болды?

11-сынып оқып жүрген кезімде досым екеуміз жаңадан ашылған Халықаралық ақпараттық технологиялар университетіндегі бағдарламалау курстарына қатыстық. Ондағы дәрістер менің көңілімнен шықты. Сондықтан да, өз болашағымды ІТ саласымен байланыстырғым келді. Осылайша, аталмыш оқу ордасындағы математикалық және компьютерлік модельдеу мамандығына оқуға түстім.

 

-Математикадан робототехникаға қалай келдіңіз?

Мені робототехникаға досым Рүстем алып келді. Онымен 4-курс оқып жүргенде таныстым. Рүстемнің робототехника саласында 3-4 жылдық тәжірибесі бар. Ол маған қазір жұмыс істеп жатқан «InspireLab» жобасын бастауға идея тастады. Сөйтіп, робототехникадағы еңбек жолым басталып кетті. Негізінен, робототехниканың жартысы бағдарламалау, жартысы конструкциясын жинау. Бұл сала біздің елімізде өте қарқынды даму үстінде. Сол себепті осы салада тер төккім келеді.

 

-6 жастан бастап, балаларды робототехникаға баулып жатыр екенсіздер. Осы жөнінде толығырақ айтып өтсеңіз?

Иә, біз 6 жастан 15 жасқа дейінгі балаларды робототехникаға үйретеміз. Жоғарыда айтып өткен «InspireLab» жобасы осы. 2017 жылы құрылды. Аз уақыт ішінде бірталай жетістіктерге жетіп үлгердік. Шәкірттеріміз де талай биіктерді бағындыруда. Жалпы алғанда бізде 17 топ бар. 17 топта 70 оқушы білім алуда. Жобада 6 адам жұмыс істейді. 3 оқытушы дәріс береді. Сабақтар негізінен түстен кейін. Ал, сенбі күндері таңнан кешке дейін жалғасады. Өйткені, ол күні балалардың бәрі бос, ешқандай сабақ, үйірмелер болмайды.

-Әлі әріп танып үлгермеген  бүлдіршіндерге техниканың тілін үйрету қиынға соғатын шығар?

Иә, оныңыз рас. Біз әу баста 5 жастағы балалардан бастағанбыз. Алайда, кейін мұның қиын екеніне көзіміз жетті. 5 жастағы бала мен 6 жастағы баланың арасы жер мен көктей. Өйткені, олар тәртіпке бағынбайды. Сабақ қызықсыз болса, ойнап кетіп қалады. Өзім ІТ Университетінде сабақ бергендіктен, мұның қаншалықты қиын екенін бір кісідей білемін. Сен ол жастағы балаға тек ақпарат беріп қана қоймай, оны тәрбиелеуің де керек. Оның назарын аударып, көңілін аулауың керек. Бір сөзбен айтқанда оларды өзімізге бағындыру қиын болды. Ал 6 жастағы балалармен жұмыс істеу мүлдем басқаша. Мысалы, балаларды жүзуге 3-4 жастан бастап берсе, робототехникада 6 жас нағыз қолайлы уақыт дер едім. Жалпы, кіші топта сабақтың бәрі ойын түрінде өтеді. Ал үлкен топқа неғұрлым қаталдау қараймыз. Робототехника болса да, біздің курсқа қыздар да келеді. Ұлдармен салыстырғанда олардың саны өте аз. Дегенмен де, балалардың талабы өте жоғары.

 

-Курстың ақысына ата-аналардың көңілі тола ма?

Біздің баға орта бағадан сәл жоғары. Мен біздің курстың өте сапалы білім беретінін айтқым келеді. Яғни, сапа мен баға өзара сай деп айтуға болады. Алайда, ата-аналардың бағаға қарамай, балаларының білім алуына жағдай жасап жатқандығы қуантады. Бұған дәлел кей ата-аналар ақшаны 1-2 апта созып берсе де, балаларының сапалы білім алып шыққанын қалайды. Бірақ біз ата-аналарға мүмкіндігінше көмек көрсетеміз. Көп балалалы отбасыларға, жалғыз басты аналар мен әкелерге, мүгедек жандарға жеңілдік жасаймыз.

«Ата-ана өзінің баласына инвестиция жасау керек. Себебі, ол ақша болашақта бәрібір бірнеше есе қайтады. Материалдық дәрежеде болмаса да, басқа жолмен қайтымы болады.»

-Оқытушылардың педагогикалық білімі қандай деңгейде?

Бірден айтайын ІТ саласында қызмет атқарып жүріп, педагог болу – ол өте қиын. Бұл саладағы мамандар өте жас. Педагогикалық тәжірибе жинап үлгермеген, тіпті, кейбірінің жасы 25-ке әлі жетпегендер. Сол себепті, педагогика мен бағдарламалауды қатар алып жүрген адам мыңға бір немесе миллионға бір. Сондықтан, кез-келген маманға қояр  басты талабымыз бағдарламалаудан хабардар болу керек. Одан кейін әрине, адамгершілік қасиеттерін бағалаймыз. Аталған екі қасиет болған жағдайда, маман өзін педагог ретінде шыңдай алады.

 

-Inspire Lab сіздердің алғашқы жобаларыңыз ба?

Жоқ. Бұған дейін бірнеше жобалармен айналыстым. Соның бірі Nidge студиясы. 2014 жылы құрылған. Басында бұл бағдарламалау курсы болды. Кейін жұмыс жүрмеген соң, біраз тоқтата тұруға тура келді. Біраз уақыттан соң жұмысты қайта жалғастырып, тапсырысқа сайттар мен мобильді қосымшалар жасай бастадық. Одан бөлек, 2017 жылы қазан айында Red Print дейтін жобаның жұмысы басталды. Мұнда біз басып шығару ісін электронды түрге ауыстырдық. Яғни, сізге мысалға, буклет немесе кітапша шығару керек болды делік. Сіз үйден шықпай-ақ, осы бағдарлама арқылы баспахана таңдап, тапсырыс беріп, онлайн төлем жасай аласыз. Яғни, біз бұл жерде көп нәрсені автоматтандырдық.   

 

-Бірнеше жобаны қатар алып жүру қиын емес пе?

Өте қиын. Осы соңғы 1 жыл ішінде тек InspireLab-пен ғана жұмыс істедім. Менің басты мақсатым осы жұмысты жолға қою еді. Негізі, бірнеше істі қатар алып жүру дұрыс емес. Ойда бір ғана нәрсе тұру керек және сонымен ғана жұмыс істеу қажет. Бірнеше жоба болса, адамның ойы да шашыраңқы болады. Физикалық жағынан үлгермей, қуаты да азаяды. Сол себепті қазір барлық жобаларды 1-2 айға тоқтатып, тек біреуімен ғана айналысу ойда бар. Nidge бен RedPrint-ті қайта қолға алғым келіп отыр. Егер қазір қолға алмасам, мұны басқа біреулер пайдаланып кетуі мүмкін.

 

-Жетістіктеріңіз жайлы айта отырсаңыз?

Біз InsipreLab-тың атынан екі сайысқа қатыстық. Біріншісі, «Жас кәсіпкер» сайысы. Біз бір апта бойы «Арман дала» лагерінде болып, жобамызды қорғадық. Сайыс іріктеу, жартылай финал және финал сияқты 3 кезеңнен тұрды. Басында 150 жоба ұсынылды. Соның тек 16-сы ғана финалға өтті. Оның ішінде біздің жоба да болды. «Жас кәсіпкердің» маған ұнағаны онда әртүрлі салаға қатысты жобалардың болуы. Түрлі жоба, түрлі идея. Бұл сайысқа тағы бір робототехникамен байланысты жоба қатысып, 2-орын алды. «Бір ғана сала бойынша марапаттайтын шығар. Бізге жүлде бұйырмады»,- деп отырғанда, 1-орынға лайықты деп біздің команданы хабарлағанда, қуанышымызда шек болмады. Осылайша, 1 млн теңгені жеңіп алдық. Жүлде қорын толықтай жобаны дамытуға жұмсадық. Бізге ол жердегілер көптеген кеңестер, идеялар айтты. Біз қазір солар көрсеткен бағыт бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Әзірге бәрі ойдағыдай.  Екінші қатысқан сайысымыз «Startup battle» деп аталады. Украинаның жобасы. 120-ға жуық жоба өтінім білдерсе, солардың тек 15-і ғана іріктеліп алынды. Сол 15 жобаның бірі InspireLab болды. Біз жобамызды толықтай таныстырып, жетістіктеріміз бен кәсібіміз туралы барлық ақпаратты баяндадық. Соның нәтижесінде 2-орынға ие болдық. Алайда, бұл сайыста ешқандай жүлде қоры болған жоқ. Бұған қатысудағы басты мақсатымыз – өзімізді өзгелермен салыстырып көру және мамандардың бағасын алу болатын.   

«Мен қазіргі жастардан қорқамын. Олар ертең өскенде қандай болмақ?»

-Қазақстандағы робототехниканың дамуы жайлы не айтасыз?

Бұл сала қазір өте қарқынды даму үстінде. Елбасымыз робототехниканың дамуына байланысты бірқатар тапсырмалар жүктеп жатыр. Мектептерде робототехника үйірмелері ашылуда. Сонымен қатар, бұл саланы балалар қазір 6 жастарынан бастап меңгеруде. Мен ертең бұлар 11-сыныпты аяқтағанда қандай болады екен деп қорқамын. Бұл қорқынышым жақсы жағынан, әрине. Өйткені, біздің өзіміз бағдарламалаумен мектеп бітірген соң бір-ақ таныстық. Ал, қазіргі өскелең ұрпақтың болашағы өте жарқын. Бүгінгі талпыныстарына қарап отырып, мен оларға үлкен сенім артамын! Осындай жас таланттар өсіп келе жатқан елдің ІТ саласы жоғары деңгейде болатынына сенімім зор.

Бизнесті 0-ден бастау керек. Бәрі бірінші ретте болып кетпейді.

-Сапалы білімді бизнеспен ұштастыра алуыңыздың сыры неде? Екінің бірі бизнес аша алмайды...

Екінің бірі бизнес аша алмайды. Себебі, олар көп ойланады. Жан-жақтағы проблемалар оларды «ашайын ба, ашпаймын ба» деп мың толғандырады. Сөйтіп жүргенде, уақыт өтіп, жауапкершілік жүгі тіптен ауырлай түседі. Осылайша, өз кәсібін ашу – кей адамдарға арман болып қалады. Кей жандар, ашады. Алайда, одан әрі жұмысты қалай жүргізетінін білмейді. Бұл да бизнесті тоқтатуға себепші болады. Алайда, бизнеспен шыңдап айналысам дейтін адам соңында бәрібір осы саланың тасын өрге домалатады.

 

-Кәсібіңізді ашқанда қателескен тұстарыңыз болды ма?

Иә, әрине. Ең басында мен офис ашып алу керек, сосын жұмыс жоқ, бірақ адам жинап алу керек және үшінші, маркетингпен мүлдем бас қатырып керек емес деп ойлайтынмын. Осы үшеуі менің өз тәжірибемдегі ең үлкен қателігім болды. Бірінші рет бизнес бастағанда офис ашу – ол 90-жылдары қалыптасқан ой. Қазір мен өз қателгімді келесі істерімде қайталамайтын болдым.

 

-Бизнес бастағанда адам қандай 3 басты қасиетке ие болу керек?

Бірінші, адамгершілік қасиетің болу керек. Яғни, сөзінде тұра алатын, айтқаныңды істейтін қасиетке ие болуын шарт. Бизнесте бедел деген нәрсе бар. Егер бір рет мүлт кетсең, оны қалпыңа келтіру – өте қиын. Сосын әр адамға өзіңді қайта дәлелдеуің керек.

Екінші, дұрыс ойлау білуің керек. Мысалы, кәсіпкер белгілі бір іске ақша салады. Алайда, ол сол салаға деген сұраныс бар ма, тиімді ме деген сұрақтарға жауап іздемейді. Осылайша, дұрыс ойламағандықтан, дұрыс емес тұжырым құрады. Сондықтан, адам жан-жақты, дұрыс ойлап, барлық проблеманы көріп, сараптай алу керек. Кей адамдар, қиындықтармен бетпе-бет келе алмай, ішкілікке салынып кетеді, өз-өздерін тастап жібереді.

Үшінші, аналитик бола білуіңіз керек. Қазіргі уақытта не болып жатыр және адамдарға не керек? Осыны білсеңіз және осыны іске асыра алсаңыз – бұл сіздің үшінші жақсы қасиетіңіз болар еді.

-Бизнесті қанша ақшамен бастаған дұрыс? Жалпы, бизнесте ақша қаншалықты маңызды?

Ақша – маңызды емес. Ең алдымен сізде, кәсіпкерлік қабілет болу керек. Егер, 1 тиыннан 2 тиын құрасатыра алмасаңыз, онда кәсібіңізде қиындықтар туындауы мүмкін. Бизнесте жоқтан бар жасауыңыз қажет. Сол себепті ең алғашқы капитал – ол сіздің бастағалы отырған салаңызға байланысты. Мысалы, сіз интернет дүкен ашар болсаңыз, оған уақыт пен ІТ мамандары ғана қажет. Ал, егер үлкен зауыт ашар болсаңыз, онда, әрине, инвестиция керек. Бірақ, мен бизнесті үлкен инвестициямен бастау дұрыс емес деп есептеймін. Өйткені, бір ғана кішкентай қателік миллиардтаған қаржыны зая кетіруі мүмкін.  Ал егер қаржы соммасы аз болса, мысалы, 100 мың, миллион теңге күйіп кетсе, бұл қорқатын жағдай емес. Сіз ондай ақшамен тәуекелге бара аласыз. Сол себепті, егер адамның бизнесте тәжірибесі болмаса, қай салада аз тәуекелге баруға болады соны есептеген дұрыс деп ойлаймын.

 

-Бизнесіңізді дамыту үшін қандай кітаптар оқисыз?

Бизнеске қатысты ең алғашқы оқыған кітабым «Бедный папа, богатый папа» болды. Осы кітаптан соң қаржылық сауатым ашыла түсті. Ақшаны қалай, қай жаққа жұмсау керек дейтін дүниелерді түсіне бастадым. Одан кейін «Монах, который продал свой феррари», «Самый богатый человек в Вавилоне» сынды кітаптардан  алғашқы базаны алдым деп айтуға толық негіз бар. Осыдан барып, кәсіби кітаптарды оқи бастадым. Соның бірі «Настольная книга основателя» деп аталады. Ол анықтамалық кітап сияқты. Соған қарап, бағыт ала аласың.

 

-Бизнесте құлдыраған сәттеріңіз болды ма?

Иә, болды. Ондай қиындықтармен «Nidge» студиясында жұмыс істеп жүргенде кездестім. Бізге клиенттермен жұмыс істеу өте қиын болды. Себебі, олар біздің жұмысты түсінбеді, еңбекті бағаламады. Яғни, олар ақшасын төледік деп бізден көп нәрсені талап ететін болды. Осы екі кезде мен өзіме таңдау жасау керектігімді түсіндім. Не қызмет бағасын көтеремін, не бұл бизнестен кетемін деп шештім. Мені көптеген ІТ компаниялар жоғары лауазымды қызметтерге шақырды. Басында біраз уақыт жұмыс істеп, кейін өз бизнесімді ашамын деген ой болды. Жаңа қызметте 1 аптадай өзімді байқап көрдім. Алайда, біреудің қол астында жұмыс істей алмайтынымды түсіндім. Себебі,  өзімнің идеяларым да жетеді. Мен басқа біреудің ойлағанын іске асырғым келмеді. Ақыр соңында қаншалықты қиын болса да, өз ісіммен айналысам деп өз-өзіме уәде бердім. Мен егер өзіңе ұнамайтын іспен айналыссаң, өміріңнің мәні кетеді деп ойлаймын.

«Адам үшін бірінші байлық – денсаулық. Ал екінші басты құндылық – білім»

-Өміріңізді өзгерткен 3 үлкен оқиға

Ең бірінші оқиға ол – 9-сыныпта қала мектебіне ауысып келгенім. Бұған ауылдағы білім сапасының төмендегені себеп болды. Сол уақытта мені мына бір сұрақ қатты ойландырды. Егер мен қалған 3 жылымды осы ауылда өткізер болсам, ҰБТ-ны қалай тапсырамын деген күдік пайда болды. Қала мектебіне ауысу жайлы шешімімді ата-анам да қолдады. Ақыры, Алматыдағы О.Жәутіков атындағы Республикалық физмат мектебіне түсуге бекіндім. Алайда, 1 балл жетпей, №39-мектепке қабылдандым. Осы мектеп мені қатты өзгертті. Мен түрлі адамдармен кездестім. Осылайша, салыстырмалы түрде анализ жасай бастадым. Өзімді өзгерттім. Қандай адамдармен, қандай ортада жүргім келетінін, бәрін осы мектеп қабырғасында түсіндім. Бұлай ойымды өзгертуге осындағы ұстаздарым мен директорым себепші болды. Адам үшін бірінші байлық – денсаулық. Ал екінші басты құндылық – білім. Осы екі нәрсені ұстана отырып, менің оқуға деген талпынысым одан әрі ашыла түсті.

Менің өзгеруіме себепші болған екінші оқиға – 1-курстағы Америкаға бару туралы арманым еді. Work&Travel бағдарламасына құжат жинап жүргенімде, қазақ жігіттерінің Бостондағы жарылысқа қатысы бар деген ақпарат жарияланады. Соның себебінен бізде көптеген қиындықтар туындады. Маған өте қатты қиын болды. Сол сәтте маған ата-анам демеу болды. Әкем: «Балам, Америкаға барып қара жұмыс істеп қайтесің? Егер барғын келсе, Америкалықтар сенің қол астыңда жұмыс істейтіндей мақсатқа ұмтыл»,- деді. Әкемнің сол сөзі мені қатты жігерлендірді. Маған күш берді. Осы оқиғадан соң: «Мен Америкаға не турист ретінде барамын, не үлкен компанияның беделді қызметкері ретінде барамын»,- деп өз-өзіме уәде бердім. Бұдан өзге басқа себеп бойынша Америкаға аттап басқым келген жоқ. Бұйырса, осы жазда Құрама Штаттарға жолым түсер деп отырмын.

Мені өзгерткен үшінші оқиға – университетте сабақ берген кезім. Себебі, студент оқытушының жағдайын мүлдем түсінбейді. Бәрін басқаша қабылдайды. Бұл жағдайлардың бәрін оқытушы болғанда басқа қырынан қабылдадым. Шынында да, оқытушы әрбір студенттің білім дәрежесі мен тәртібінің қаншалықты деңгейде екенін біліп тұрады. Маған әр студентті жеке тануым үшін екі апта жеткілікті болды. Және мұғалімді алдау мүмкін еместігін де айтқым келеді. Сондай-ақ, баға сұрап келетін студенттер де болады. Білімі жетіп тұрған студентке 90 балл қойсам, 85 балл алған студент: «Ағай, тағы 5 балл қосып беріңізші» деп келіп тұрады. «Оның саған қарағанда білімі жоғары, неге мен саған онымен бірдей балл қоюым керек?» дегенді олар түсінбейді. Осылайша, студенттерден көңілім қала бастады. Иә, оларды түсінемін. Тез-тез бітіріп, диплом алғылары келеді. Дәл осы тұжырымды студенттердің 80%-ы ойлайды. Ал қалған 20%-ы оқу үшін жүргендер. ІТ Университетінде сабақ берген жылдарым менің өзгеруіме себеп болды. Өйткені, студенттердің алдында, әріптестердің ортасында өзіңді басқаша ұстап үйренесің. 1 жылдың ішінде мен көптеген тәжірибе жинадым. Талай нәрсеге куә болдым.

 

-Оқытушылықтан не себепті кеттіңіз?

1 жылдық тәжірибе маған жеткілікті болды. Ол жерде жүріп, өз білімімді одан ары тереңдету қажет екенін түсіндім. Егер мен профессор болсам, өзімнің білгенімнің бәрін студенттерге айтып берер едім. Алайда, менің білімім тек бакалавр деңгейінде ғана болды. Мен өзімді сабақ бере алмайтын мұғалімнің қатарына жатқызбаймын. Бірақ, бәрі салыстырмалы түрде. Менің білгенім МІТ, Стэнфорд университетінің оқытушыларымен салыстыруға да келмейді. Сол себепті сабақ беруді тоқтаттым. Болашақта оқытушылыққа келермін. Оның бәрін Құдай біледі. Бірақ дәл қазір өзімді бизнес саласында дамытқым келеді.

-Сізді не нәрсе жігерлендіреді?

Шынын айтқанда, Қазақстанның жағдайы басқалармен салыстырғанда төмен. Алайда, мен өз елімнің Сингапур, Швейцария, Жаңа Зеландия тұрғындары сияқты  өз ақшасына емін-еркін, шалқып-тасып өмір сүре алатындай дәрежеде болғанын қалаймын. Және осы үшін қызмет етемін.  Google, Facebook сынды әлемдік деңгейдегі компаниялар құрып, Қазақстанға ақша әкелгім келеді. Бизнес арқылы ел экономикасын дамытқым келеді. Мені жігерлендіретін, жұмыс істеуге құлшынысымды арттыратын осылар.

 

-Қазақстанда ІТ саласының дамуы үшін не жетіспейді?

Қазір бұл сала соңғы 3 жылмен салыстырғанда біршама даму үстінде. Бүгінде интернет қолданушыларының да саны артып жатыр. Яғни, сұраныс көбейсе, көптеген ІТ жобалар да жасалар еді. Алайда, ІТ-дің Қазақстанда кеш дамуының бір себебі – халық санының аздығы. 16 млн деген ІТ үшін өте төмен көрсеткіш. Оның ішінде интернетті қолданбайтын 8 миллионын алып тастасақ, 8 миллион қолданушы қалады. Оның 1%-ы, яғни, 80 мың адам сіздің жобаңызды қолданар болса, бұл өте тиімсіз. ІТ-дің Қазақстанда дамымауының басты себебі осы. Мысалы, Ресейде қолданушылар саны да, мамандар саны да жеткілікті. Себебі, Украина, Ресей халқы Кеңес Одағы кезінде криптография оқыған. Ал қазақстандықтар ол уақытта мал шарушылығын игерген. Кезінде криптографияны меңгерген Ресей мамандары қазір Яндекс сияқты үлкен компанияларды басқарып отыр. Біздің өзге мемлекеттерден бір саты төмен тұруымыз сондықтан. Алайда, біздің қазіргі буынның білімі мен кәсібилігіне қарап, 10-15 жылдың ішінде алдынғы қатарлы мемлекеттердің дәрежесіне жететінімізге сенемін. Бастысы, балаларға дұрыс бағыт беруіміз керек!

«Мені екі нәрсе жетілдіреді. Бірі – кітап, екіншісі – кәсіби тұрғыдан ізденіс»

-Өз-өзіңізді қалай жетілдіресіз?

Көбінесе, кітап оқимын. Екінші, өзімнің салам бойынша кәсіби тұрғыдан дамып отыруға тырысамын. Түрлі ғылыми, ІТ жобаларды үйренсем, өз салама қатысты жаңа дүние игерсем, шексіз қуанамын. Себебі, жаңа нәрсе үйрендім, білетін дүнием толықты.

 

-ІТ саласынан бөлек хоббіңіз бар ма?

Қазір хоббимен айналысуға уақыт болмай жатыр. Студенттік кезімдегі хоббиім бағдарлама жасап, үйрену болатын. Ал, қазір бизнесті, бағдарламалауды бәрін бірге алып жүру физикалық жағынан қиын. Қазіргі хоббиім – математика саласына жақын. Data science деп аталады. Берілген ақпараттарға қарап, тұжырым жасау. Қазір осы ғылыммен айналысу ұнап жүр.

 

-Бизнеске қатысты жоспарларыңызбен бөлісе отырсаңыз

Ең бірінші Nidge студиясының жұмысын жалғастыру. Екінші, бәсекеге қабілетті команда жасақтап, RedPrint жобасын қолға алу. Бұдан бөлек UpSite интернет дүкенінің де жұмыстарын жолға қою – басты жоспарымыздың бірі. Тағы бір халықаралық жоба бар. Бұл туралы кейінірек айтамын. Бастысы, аталған 3 жобаның жұмысын нақты жолға қою.

 

Сұқбатыңыз үшін көп рақмет!

 

  •  1924