Ескірмеген махаббат

15.04.2018

 

Бала кезімізден Жібек пен Төлегеннің, Еңілік пен Кебектің махаббат дастандарына қызығып өстік. Ес біле қолымызға «Махаббат, қызық мол жылдарды» алып, Ербол мен Меңтайдың махаббатын аңсадық. Махаббаттың марғасқаларына айналған жандар қосыла алмады. Шын ғашықтардың бәрі қосылмай өте ме? Жоқ! Шын ғашықтар қосылады.  Бұған біздің бүгінгі кейіпкерлеріміз куә.

Исаев Оңалбек атамыз бен  Клара апамыз махаббат айдыныңда жарты ғасыр бірге қол ұстастып келе жатыр. Ескірмеген махаббат иелері ұлы сезім  жайлы талай дүниені сұқбат барысында әңгімелеп берді.

-Ұлы жолдағы таныстықтарыңыз қалай басталды?

Оңалбек аға: Біз бір ауылда тұрдық. Бала кезімізден бір-бірімізді, отбасымызды танимыз. Қазақта: «Анасын көріп – қызын ал, ыдысын көріп – асын іш» дейтін сөз бар. Клараның анасының қандай екенін бүкіл ауыл біледі. Клараның өзі де ақылына көркі сай болатын. Білімді, қатарластарының алды еді. «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала деп, білетін таныс жердің қызын алғанын дұрыс болады»,- деген үлкендердің де сөзіне құлақ астым. Жүректің қалауы тағы бар. Ақыры, 1969 жылы шаңырақ көтердік.

Клара тәте: Әкем ерте қайтыс болып, бар ауыртпалық анамның мойнына түсті. Менен өзге үйде тағы 5 бала болды. Мен үйдің үлкенімін. Көбіне жауапкершіліктің жүгі маған артылатын. Олардың киімі, оқуы үшін аянбадық. Қатарынан қалмасын деп, шешем екеуміз барынша тырыстық. Осындай жағдайда, отбасымды тастап, алыс жаққа тұрмысқа шығу – мен үшін қиын еді. Оңаш айтып кеткендей, бір-бірімізді жастайымыздан танимыз. Отбасымыз араласып тұрды. Бір-бірімізге деген көңіл де жоқ емес. Осылардың бәрі біздің үй болуымызға себепкер болды.

«Үйлену дегеніміз – өз қалауыңның жартысын азайтып, міндеттеріңді екі есе көбейту деген сөз.»

                                                                                                                                             (А.Шопенгауэр)

-Сіздер үшін махаббат деген не?

Оңалбек аға: Махаббат – ол екі жанның бірін-бірі түсінуі, ұғынысуы. Бұл жерде жақсы көруден де биік тұратын дүние бар. Ол – сыйластық. Мен өзі сөзге жоқ адаммын. Клара 40 жыл мектепте сабақ берді. Қалғанын сол айтсын.

Клара тәте: Махаббат – жаңа Оңаш айтқандай, тек қана жақсы көру емес. Бірін-бірі ұнатқан адамның жүректері қатар соғып тұрады. Олар бірдей ойлайды. Бірге сезеді. Махаббат ортақ қызығушылықтары көп адамдарды біріктіретін күшке ие. Енді мұны әркім әртүрлі түсінеді ғой. Біздің түсінікте – бастысы сыйластық.

 

-Бір-біріңізді түсініспеген кездеріңіз болды ма?

Клара тәте: Әрине, отбасы болған соң, ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Ондай кездері бірі ашу айтқанда, екіншісі басу айта білу керек. Тізгінді тарта білу керек. Өмірдің бір ғана түзу сызықтан тұруы мүмкін емес. Қателесесің, жаңыласың. Бірақ, бастысы ашуды ақылға жеңдіріп, не нәрсені ақылмен шешкен дұрыс. Түсініспеушілік болсын, реніш болсын, қате кімнен кетсе де, әйел бірінші иілу керек. «Бір күн береке кеткен үйден, қырық күн ырыс азаяды» ,-дейді. Сол берекенің, ырыстың ұйытқысы әйел болған соң, көп нәрсе тікелей бізге байланысты.

 

-Сіздердің махаббаттарыңыздың формуласы қандай?

Оңалбек аға: Өзара түсіністік, бір адамдай ойлау және сыйластық.

Клара тәте: Бағанадан бері түсіністікті неше рет қайталап айтып жатырмыз. Бұның өзіндік себебі де бар. Егер, сендер бір-бірлеріңнің жағдайларыңды түсінбесеңдер, махаббат та ұзақ бармасы анық. Бағана 5 бауырым мен анам бар деп айттым ғой. Тұрмысқа шыққан соң да, оларға көмектесіп тұрдық. Мен ойлаймын, егер Оңаштың орнында басқа біреу болса, бауырларыма септігімді тигізе алмас па едім деп. Сондай қиын кездері Оңаш менің жағдайымды түсініп, барынша қолдау көрсетті. Бүгінде, сол бауырларымның біреуі жезделерінің алдын кесіп өтпейді. Ол дегенде бәрі құрақ ұшып тұрады. Міне, екі адамның арасындағы түсіністіктің нәтижесі. Махаббатымыз мығым болсын десеңдер – екі жаққа  бірдей болыңдар. Бір жаққа қарай бүйрек тартып тұру деген болмайды. Қыз деген – екі жайлаудың арасын қосар, елші дейді. Екі жақтың арасын ашпай, керісінше оларды байланыстырып, араларын бекіте түсетін де – қыз бала. Махаббат – екі адамға ортақ дүние болғандықтан, «мендікті» ұмытып, «бізге» көшу де формуланың басты элементі.

-Сіздердің ойларыңызша неге қазір қоғамда ажырасу көп?

Клара тәте: Қазір жастар қиыншылыққа шыдамайды. Бәрі бірден бола салса дейді. Отбасы болған соң барлығының бірден оралып кетуі мүмкін емес. Жастар осыны түсінбейді. Ата-енемен бірге тұрғылары келмейді. Келіннің басты міндеті – ата-енеге қызмет қылу. Әр үйдің өзіндік ережелері бар. Енесінің айтқанын жақтыртпай, қырың көзбен қарайтын келіндер көп қазір. Ене – жау емес. Ол керісінше бәрі жақсы болсын деп істейді. Ал, оны кей келіндер мүлдем басқаша қабылдайды...

Мен келін боп түскенде үйдегі 11-адам болдым. Соның бәріне шыдадық. «Төркіні жақынның төсегі жиналмас» дейтін сөз болса да, үйге аз баратынмын. Енемнің қолында 25 жыл бірге тұрдық. Кейін өзі рұқсатын беріп, бөлек шығарды. Қазір жастардың шыдамсыздығынан, өз-өздерін ойлап, ажырасуы салдарынан ортада бала қалып кетіп жатыр. Баланың толыққанды отбасында тәрбиеленгені дұрыс. Қазақта айтады ғой: «Әкесі жоқ – жартылай жетім, шешесі жоқ – шын жетім» деп. Уақытша қиындыққа бола, балаға жетімдіктің дәмін сездірмеңдер деп айтқым келеді.

 

-Қызғану махаббаттың белгісі ме?

Оңалбек аға: Жоқ! Қызғаныш – ол сенімсіздіктің белгісі. Жарыңды жақсы көресің бе, онда оған сенім арта білуің керек.

 

-Сезім жүре пайда бола ма? әлде бір көргенде махаббат оты тұтана ма?

Клара тәте: Екеуі де болуы мүмкін. Бірақ, негізінен махаббат, сезім – уақыт өте пайда болатын құбылыстар. Барлығы уақытқа тікелей байланысты.

 

-Махаббат мәңгілік пе? әлде уақыт өте сыйластыққа айнала ма?

Клара тәте: Уақыт өте сыйластыққа айналады. Қыз бен жігіт кездегі өліп-өшіп тұратын махаббат суиды. Оның орнын өмірге келген балалар басады. Әйел мен ері бүтіндей бір адамға айналған шақта, махаббаттан бөлек, сыйластық үлкен маңызға ие болады. Ең соңында бір жастыққа бірге бас қойып жүрген жарыңнан артық жақын адамды таппайсын. Бір-біріңе сырларын белгілі, жасырғандарын болмаса, сыйластыққа жетер нәрсе жоқ.

«...Рас екен айтатыны халықтың

Жақсы әйелдің күйеуі үлкен баласы.»

                      Қонысбай Әбіл, ақын.

-Жас отбасылар мен жастарға айтар қандай ақыл-кеңестеріңіз бар?

Оңалбек аға: Үй болу деген – жауапкершілік жүгі ауырлады деген сөз. «Ер азығы – түзде» дейді. Жігіт қашан да отбасының қамын ойлап, соларды асырауы керек. Балаларының дұрыс тәрбиеленіп, дұрыс жетілуіне жағдай жасауы шарт. Бастысы, бағана айтқандай, «мен» деп емес, «біз» деп өмір сүріп үйрену керек.

Клара тәте: Үйдің түтінін түз шығару – әйелдің тікелей міндеті. Еріне қабақ шытпай, тамағын беріп, бар жағдайын жасау тағы әйелге келіп тіреледі. Екі жақтағы үлкендерді сыйлап, соларға қызмет ете білулері керек. Салт-дәстүр, жөн-жоралғыларды да ұмытпай, көненің көзін жаңғыртып отыруы қажет. Үй болу деген – екі жартының бір бүтін болуы деген сөз ғой. Ойлап қарасақ. Сондықтан, не нәрсені ақыл таразысына салып, сараптай білген дұрыс. Шыдамдылық пен төзімділік танытуы керек. Қиындықтың бәрін екеу ара бірге жеңсе, ертеңгі күні нағыз бақыттың не екенін өздері түсінетін болады.

P.S. Бұл заманда 50 жыл тұрмақ, 50 күн бірге тұра алмайтын жастар көп. Бүгінгі кейіпкерлеріміз іргесі берік отбасы құру жолында талай жанға үлгі болары хақ. Махаббаттың парқына жетпей жүрген кей жастарға ұлы сезімнің талай құпия сырларын ашқандай болды. 50 жыл қол ұстасқан бүгінгінің Қыз Жібегі мен Төлегені 2 қыз бен 1 ұлдың ата-анасы. 2 немеренің бағыт беріп, ақыл айтар атасы мен әжесі. Үлкен әулеттің мәуелі бәйтерегі. 

  •  1034