ХХІ ғасырдың үздік жазушылары

13.03.2018

 

1. Ферит Орхан Памук  

Орхан Памук – заманауи түрік жазушысы. Бірнеше ұлттық және халықаралық әдеби жүлделердің лауреаты. Әдеби Нобель сыйлығының лауреаты (2006). Тек қана Түркияда емес, шет мемлекеттерге де танымал автордың кітаптары әлемнің 50-ден астам тіліне аударылған. Алғашқы ауқымды туындысы – «Джевдет-бей және оның ұлдары» атты роман-сагасы. Жазушы шығармашылығының басты тақырыптары – шығыс пен батыстың арасындағы ұрыс-керіс, ислам мен христиан діндері арасындағы, дәстүр мен жаңашылдық арасындағы  теке-тірес туралы. Мысалы, 2002 жылы жарыққа шыққан «Қар» атты кітабында Түркиядағы басты тақырып батыстану мен исламизм арасындағы келеңсіздіктер туралы жазылған. Памуктің барлық шығармаларындағы оқиға желісі Стамбулда орын алады. 2005 жылы түрік үкіметі Памукті швейцариялық «Das Magazin» басылымына берген сұхбатындағы: «Түркияда миллион армяндық пен 300 мың күрд өлтірілді. Бірақ ол туралы ешкім айтпайды және мені сол туралы айтқаным үшін жақтырмайды» деген сөзіне бола сотқа берген болатын. Памуктің айтуы бойынша, ол осы сұхбаты жарияланған соң кек алу объектісіне айналған. Сондықтан, елін тастап, шет елге кетуге мәжбүр болды. Алайда, көп ұзамай жабылған жалаға қарамастан еліне оралған.  

2. Сесилия Ахерн

Не бәрі 36 жасар Сесилияның  жазған шығармалары бірден бестселлерге айналады. Жазушы болмас бұрын Сесилия журналистика факультетін бітірген. 21 жасында өзінің алғашқы «P.S. I Love You» атты романын жазады. Аталмыш роман әлемнің 40-тан астам мемлекеттерінде сатылған. 2007 жылы «Warner Bros» және «Wendy Finerman Production» кино компаниялары Сесилияның алғашқы туындысын таспалауға кіріседі. Кітап АҚШ, Англия, Ирландия мен Германия мемлекеттеріндегі үздік бестселлер шығармалардың тізімін бастап тұрды. Соңғы айтылған Германияда 52 апта бойы үздіктер қатарынан түспеді. 2004 жылдың қараша айында екінші кітабы «Where rainbows end»  жарық көреді. Бұл романы да жоғарыда айтылған мемлекеттердегі рейтингтердің бірінші орнын біраз уақыт босатпай тұрады. Бұдан кейін жазған кітаптары да әлемдік деңгейде жоғары бағаланып жүр. Сондай-ақ, Сесилия «Samantha Who?» атты жарты сағаттық комедиялық шоудың негізін қалаушысы әрі продюсері. Сесилия қысқа әңгімелерді көп жазады және оған алатын қаламақысы толығымен қайырымдылыққа жұмсалады. Бүгінде жылына 1-2 кітап жазатын Сесилияның барлық романдарын экраниязациялау құқығы сатылып алынған.

3. Элчин Сафарли

Эльчин Сафарли – қазіргі замандағы Шығыстың ең атақты жазушыларының бірі. «Сладкая соль Босфора» және ресейлік ақпарат құралдары «2008 жылдың жаңалығы» деп тапқан «Туда без обратно» атты бестселлерлердің авторы.  Сафарли – жастар арасындағы көптеген әдеби сайыстардың лауреаты, кәсіби журналист. Ол 12 жасынан бастап жүректі тебірентер әңгімелер жазып, газеттерге жариялап жүрген. Әзірбайжан мемлекеттік университеті, журналистика факультетіне оқуға түсіп, 16 жасынан бастап БАҚ-ның баспасөзінде қызмет атқарады. Соңғы бірнеше жылда тележурналистикамен айналысып, түрік және әзірбайжан телеарналарымен жұмыс істеді. Қазіргі таңда толығымен шығармашылықпен айналысып жүр. «Сладкая соль Босфора» романы әдеби Нобель сыйлығының лауреаты Орхан Памукке ерекше әсер қалдырған. Орхан Памук Сафарли туралы: «Мен бұл жас тұлғамен әңгімелесіп тұрғанда, әлем әдебиетінің болашағы бар екеніне көзім жетеді» деген екен. 2011 жылы Сафарли туралы «Барлығымен оңашада» атты қысқаметражды фильм түсірілді.

4. Джоан Роулинг

Джоан Роулинг жаңа замандағы ең атақты жазушылардың бірегейі. Джоан Кэтлин Роулингтің есімін әлемге танытқан өзінің 1997-2007 жылдар аралғында жазған Гарри Поттер туралы романы болатын. Осы туындысының арқасында Роулинг дүниежүзіндегі ең қаламақысы жоғары авторға айналды. Роулинг жолдасымен айырылысып кеткен соң, қызын алып басқа қалаға қоныс аударады. Ең бірінші мақсаты – Гарри  Поттер туралы романды аяқтап, оны жарыққа шығару болатын. Қызы Джессика ұйықтап жатқанда, романын кафедегі стол мен сөрелерге жазатын болған. Джоан Роулингке Шотландиялық өнер ұжымы кітапты аяқтау үшін грант тағайындайды. Кейін бірнеше бас тартулардан соң, «Гарри Поттер и Философский Камень» кітабын Ұлыбританияның «Блумсбери» баспасына 4000 АҚШ долларына сатып жібереді. Бірнеше айдан соң «Артур А Левин/ Учебная литература» баспасы кітаптың американдық құқығын Роулинг оқуын тастау үшін қомақты ақшаға сатып алады. Бірінші кітабы 1997 жылдың маусым айында Ұлыбританияда жарық көреді. Алғашқы кітап 12,000 фунтстерлинг/ 20000 АҚШ долларын жинайды. 2011 жылы романның соңғы бөлімі жарыққа шықты. Гарри Поттер туралы романның сегіз бөлімі де әлемдегі ең көп оқылатын, ал роман желісі бойынша түсірілген фильмдер ең көп қаражат жинаған картиналар қатарына кіреді. Роулинг Гарри туралы романды өзін нашар сезініп жүргенде, қандай да мақсатқа жету үшін жазғанын айтып жүреді.

 

  •  2608