×

Қазақстандағы білім мен оның болашағы туралы көзқарас және ол туралы ғана емес: Әділ Игембердиевпен сұхбат

22.01.2018

 

Қазақстандағы көп қозғалатын тақырыптардың бірі – білім. Дәлірек айтқанда, білімнің дұрыс берілуі мен жастардың сапалы білімге деген сұранысы. Елдегі білімнің болашағы мен қазақ жастары туралы, кәсіпкерлікті қалай және неден бастау керектігі жайында «Daryn academy» білім беру орталығы мен «Zhastar football» футбол мектебінің негізін салушы, «The Room»  playstation cafe-нің иесі –  Әділ Игембердиев айтып берген болатын.

  • Әділ, сіз өз жұмысыңызды бүге-шүгесіне дейін білетін жансыз.  Тіпті «сериялы-кәсіпкер» десек те болады.  Негізгі біліміңіз қандай?

Барлық қарапайым қазақ отбасылары секілді менің де ата-анам мені өздері дұрыс деп тапқан салаға бағыттады. Солай мен медицина саласын таңдап, Назарбаев университетіне (Nazarbayev University) оқуға түстім.  Алайда екі жылдан кейін, яғни, 2-курста, оқуды тастаймын деп шештім. Басты себеп – менің ісім еместігін түсіну.  Дегенмен бұл уақытта кішігірім жобалармен айналысып, кәсіпкерлікке бет бұру туралы ойланып жүргенмін. Университеттен кеткеннен кейін, өз саламды ауыстыру туралы шешім қабылдап, маркетинг саласын байқап көрейін дедім.  Осылайша Синергия университетінің сырттай оқу бөліміне оқуға түстім.  Дәл осы жерден менің қызметтік жолым басталып, 2014 жылы Қазақстандағы аймақтық өкілеттігінің директоры болып тағайындалдым.  Сол уақытта жеке кәсібімді дамытуға кірістім, нақтырақ, playstation cafe-сін аштым.

  • Иә, білуімізше, playstation cafe сіздің алғашқы жобаңыз. Неге playstation? Неге жай ғана кофехана немесе басқа бағыттағы  дүние емес?

Өзім жиі playstation ойнап тұратындықтан, осы саланы жақсы түсінемін. Сол уақытта, яғни 2014 жылдары әрі кафе, әрі ойын клубы болатын орталықтар аз болатын. Дәл осы ой алғашқы бизнесті осындай бағыттан бастауға түрткі болды. Сол кезде мен Алматыда болатынмын және Алматыдағы ойын клубтарының афмосферасын айтып өтпеу мүмкін емес. Алматыда ойын клубтары мен сол сипаттағы жерлер айтарлықтай көп. Кейін Елордамызға келгенде, бұл саланың түгелімен “бос” екенін түсіндім. Астанада мұндай сипаттағы орындардың саны 3-4 ғана еді. Ал сұраныс өте көп болды. Бұл 2014 жылдың көктем мезгілі еді және бизнесті бастауға талпыныс пен алғашқы қаражат жеткілікті болатын. Менің қолымда бизнеске құямын деген 600 000 тг болды. Алайда бұл ақша барлығына жетпейтін (қажетті жабдықтар, локация, т.б.). Сол сәтте менің өмірдегі ең алғашқы серіктесім пайда бола кетті. Ол - досым. Досым маған қарағанда көбірек қаражат құйды. Ал мен барлық жауапкершілікті өз мойныма алдым. Түскен пайданы екеуіміз теңдей бөліп отырдық. Менің алғашқы бизнесім осылай басталды.

-  Байқағанымыздай, Playstation cafe-сі болашақ жобаларыңызды жүзеге асыруда жақсы бастама болды. Алайда өз жобаларыңыздың қайсысымен ерекше мақтанасыз?

  • Меніңше,  ол  -  “Daryn academy”.  Аталмыш жоба да серіктестікпен құрылған. Серіктес ретінде  өз ағам төбе көрсетті. Синергия университетінде жұмыс жасап жүргенімде оқушылар үшін, әсіресе, мектеп бітірушілер үшін ҰБТ тапсырудың, білім сапасы мен оқуға түсудің қаншалықты маңызды екенін түсіндім.  Бұл өте актуалды мәселе болатын. Сондай-ақ, мен қаладағы бітіруші оқушылар мен арнайы кәсібилендірілген лицейлердің, ауыл мектебін бітіруші оқулардың арасындағы айырмашылықты қалай теңестірсем деп ойлап жүргенмін. Иә, бізде “ауылдық квота” деген ұғым қалыптасқан, алайда, бұл мүлдем әділдікке жатпайды. Бәрібір ауылдың аз ұпай жинаған оқушысына қарағанда, қаланың 100-ден жоғары ұпай жинаған оқушысы өтіп кетеді. Мүмкіндігі көп баланың (жақсы оқытушысы бар, қосымша сабаққа қатысуға мүмкіндігі бар, кәсібилендірілген мектепте оқитын) оқуға түсуге де мүмкіндігі зор. Ал бұл тізімге Назарбаев мектебі, КТЛ мен Дарынның оқушыларын қосатын болсақ, әлгі шеңбер одан әрі тарыла түседі.  Ал менің алдымда барлығына тең мүмкіндік сыйлау, қысқа уақыт аралығында сапалы білім беру деген мақсат тұрды. Сонымен қатар, бұл салада бәсекелестік төмен болды. Сол уақытта Астанадағы қосымша білім беру орталықталықтарының да саны 3-4 ғана болатын. Сол кездегі ең мықтыларының бірі деп “Достық” білім беру орталығын айтатын, дегенмен, біз одан да сапалырақ, одан да жақсырақ жасай алатынымызды түсіндік. Біз оқытушыларды жалдай бастадық және барлық қолайлы жағдай жасау керектігімізді түсіндік. Оқуға деген талпынысты арттыратын стандартқа сай емес жағдай жасағымыз келді. Жай ғана ақталған қабырға мен шатыр емес, жарық әрі кең оқу бөлмелерін жасаймыз деп шештік. Маман таңдау барысында жұмысты аса сақтықпен, ұқыптылықпен жүргіздік. Біз жаңа ғана оқу бітірген жасты емес, өз ісін жетік меңгерген “нағыз” маманды алуға тырыстық. Осылайша 2015 жылдың 2 қарашасында жоба өз жұмысын бастады. Орталыққа ат қою да оңай шаруа болмады. Мен Тараз қаласындағы Дарын мектебін бітірдім. Мектебім дамып-жетілуіме, өмірге деген көзқарасымды қалыптастырып, өмірімдегі маңызды әрі қызық адамдарды жолықтыруға мүмкіндік берді. Сондықтан, өз мектебімнің құрметіне орталығымызды “Дарын” деп атадық. 2 жыл ішінде 526 бала біздің курс бойынша білім алып жатыр, аумағы 700 м2 алып жатқан үш кеңсеміз бар.

- Осы жобаңызға қаншалықты үміт артасыз  және басқа қандай жоспарларыңыз бар?

  • Біздің ойымызша, аталмыш жоба болашақта білім беретін  онлайн-платформа ретінде дамитын болады. Басты элементтері ретінде қол жетімді ресурс пен барынша көбірек адамға білім беруді айтуға болады. Яғни, қосымша сабақ алу үшін арнайы ешқайда барудың қажеті болмайды. Бұл онлайн нұсқада, дәлірек айтқанда, визуалды қабылдау жақсы болғандықтан, видеоматериал түрінде жүзеге асырылатын болады. Ал мәтіндік материалдар тек тест пен үй жұмыстарында кездесіп отыратын болады.

 Шамамен, онлайн-платформа өз жұмысын қашан бастайды?

  • Жоба жасалып қойған, тек инвестиция іздеу үстіндеміз. Жақсы инвестиция табылса, 2018 жылдың қаңтар айына жоспарлап отырмыз.

  • Өзге жобаларыңызға қатысты нендей жоспарларыңыз бар? Онлайн-платформа іске қосылған соң, басқа жобаларыңызды да өзгеріс күтіп тұр ма?

  • “Zhastar football club-қа” қатысты айтатын болсақ, біз екі қалада орналасқанбыз. Ол: Астана және Ақтөбе. Әрқайсысында 200 баладай бар. Біз үздіксіз даму үстіндеміз және жоспарлар өте көп. Әрине, елімізде болашақ спортшыларды, нақтырақ, футболшыларды дайындайтын “Қайрат” секілді клубтар бар. Аталған клубтардан басты айырмашылығымыз - біз қандай да бір қабілеті бар баланы ала береміз.  Яғни, футболды енді ғана ойнап бастаған баланы жоғарыда айтылған клубтарға ала қоймайды. Оларда іріктеу өте қатаң жүргізіледі. Қысқасы , біз мектеп пен баладан белгілі бір қабілетті талап ететін үлкен клубтар арасындағы дәнекер сияқтымыз.  Менің ойымша, кез келген баланың бойында жүгіру, ойнау секілді қабілет бар, тек оны дамытуға көмектесу керек. Біздің клубтың басты мақсаты да сол. Алдағы үш жылда ауқымымызды кеңейтіп, өз тәрбиеленушіліеріміз өзіміздің клубта ойнап, өздерін одан әрі дамыту үшін үлкен клубымызды ашамыз деген ниеттеміз.  

  • Рlaystation cafe не болмақ? “Сериялы бизнес” жүргізе бересіз бе, әлде қандай да бір өзгерістер болады ма?

2018 жылы “Daryn academy-дің” онлайн-платформасы іске қосылғаннан соң, толығымен білім саласына бет бұратын ойым бар. Рlaystation cafe-ні сатып жіберуім де ғажап емес.

  • Демек, сіздің ойыңызшы, болашақ бәрібір білімге байланысты ғой?

Сөзсіз. Айтып өткенімдей, мектептегі бәсекелестік өте жоғары, бітірушілердің барлығы мықты және гранттық орындарға деген талас күннен-күнге арту үстінде. Жоғарғы сынып оқушылары түрлі альтернативті жолдарды іздейді.  Сондықтан білім саласы әлі де өзекті. Сондай-ақ, бүгінде, адам бойындағы тұлғалық қасиеттерді дамытуға сұраныс жоғары. Біздің академияда сапалы білім беріп қана қоймай, баланың бойындағы жеке қасиеттерін дамытуға көмек береді. Біз түрлі семинарлар, тренингтер мен шеберлік сағаттарын өткізіп отырамыз. Айта кететіні, аталмыш семинарларға қалаған адам келе алады.

  • Балаларға тренинг өткізу қаншалықты қиын? Олардың оқуға, білім алуға деген қызығушылықтары қандай?

  • Мен 9-11 сынып оқушыларымен жұмыс жасаймын. Иә, қызығушылық бәрінде бар. Нақтырақ айтқанда, жақсы оқу мен грантқа деген қызығушылық. Тек балалардың  30% ғана не істеп жүргендерін түсінеді, білім алуға ерекше құлшыныспен келеді, өз өмірлеріне деген жауапкершіліктері жоғары, өмірден не алатынын біледі.  Қалған  70% көп нәрсенің байыбына барып үлгермегендер. Көбінесе, алдыңғы айтылған 30%  жақсы жетістіктерге жетіп, тұлғалық қасиеттерін дамытуға аса ерекше мән береді. Бәрі қызығады, тек, әрекет ететіндері 30% ғана.

  • Ал, еліміздегі білім деңгейі туралы, алдағы 5 жыл көлемінде болатын өзгерістер мен мәселелер туралы не айта аласыз?

Қазақстандағы білім туралы айтарда, көптеген факторларды ескерген жөн. Туындап отырған мәселелердің шешімін таппасақ, алдағы 5 жылдағы Қазақстанның білімі өте қиын жағдайда болмақ. Ең маңызды мәселе - оқытушылар құрамы. Бүгінгі мұғалімдердің  90%-ға жуығы жас мамандар. Сондай-ақ, олардың тең жартысы бұл мамандыққа жүрек қалауымен емес, грант үшін немесе басқа да себептермен барған жандар.  Ал қалған 10% жасы келген, кеңестік заманнан бері қызмет етіп келе жатқан, нағыз білімнің не екенін білетін жандар. Бар мәселе, міне, осыда. Кез келген жақсы жабдықталған мектеп жақсы ұстазсыз ақсайтын болады. Ал, егер, мән беріп қарасаңыз, барлық жақсы мұғалімдерді қалалық лицейлерге, гимназияларға шақыртып алады. Ауылдық мектептің жақсы мамандарын да жақсы жалақы ұсынып, қалаға шақыртып алады. Сондықтан ауылда білім деңгейі төмен.  Бұл - қалыпты жағдай, өйткені, нарықтық заманда өмір сүріп жатырмыз.  Біріншісінен қалыс қалмайтын екінші мәселе - оқу материалдары. Мектепте оқу құралдары мен пособиялар жетіспейді. Тіпті, кейде, ҰБТ-ге арналған сынама кітапшаларын сұрап, біздің академияға да хабарласаласып жатады. Қарапайым ауыл мектептерінде сынақтық тест жүргізуге арналған кітаптар жоқ. Ал техникалық жабдықтау жағы жақсы, тек, материал мен техникалық жабдықтауды қатар ұстап тұру қиындау.  Министрлік осындай дүниелерге көңіл бөліп, қажетті дүниелермен қамтамасыз ету керек. Келесі бір меселе мектептердің жағдайы шығар. Жоғарыда айтып өткенімдей, адам білім алатын жер соған сай болу керек, білім алуға кедергі келтірмей, оқушының көңілін бөлмеу керек. Дәл осы аталған мәселелердің шешімін табуымыз керек. Олай болмаған жағдайда, алдағы бес жылда барлығын қайта қалпына келтіру қиынға соғуы мүмкін.  

 

  • Демек, сіз жақсы білімнің негізін қалаушы - ұстаз деп түсінесіз. Академияңызда ұстаздарды дайындау жоспарда жоқ па?

Ұстаздық құрам - ең маңыздысы деп айтып өттім. Ұстаздың жеке тұлғалық қасиеттері мен кәсібилігі маңызды. Біз жоғарғы сынып оқушыларымен жұмысымызды жалғастыра береміз. Ал ұстаздарды дайныдау жайында, әзірге, ойлану керек.

  • Әділ, біз тек жақсы жетістер туралы айтып отырмыз. Ал, өміріңізде fackup-тар болды ма?  

Әрине, онсыз болады ма? Ең алғашқысы плейстейшн кафені ашқан кезде болды, яғни, бізді тонап кетті.  Барлық техникамызды ұрлап кетті. Одан кейін, әрине, таныстарымыздан, достарымыздан көмек сұрап, барлығын қайта орнына келтірдік. Тура екі апта жұмысымыз тоқтап тұрды. Келесі сәтсіздік те алғашқы бизнесіммен байланысты болды. Айтқанымдай, бұл бизнесті досымыз екеуіміз бастадық және барлығы “джентельмендік келісімшарт” арқылы жүзеге асып отырды. Алайда бұл әрекетіме кейін өкініп қалдым. Және “daryn academy-мен де” байланысты болды. Жоба өз жұмысын бастаған соң, біз дұрыс жоспар құрмаппыз.  Олай деуімнің себебі, оқушылар жазда ҰБТ-ге дайындалмайды екен. Осылайша екі айымыз  босқа өтті. Әрине, біз кейін барлығын қалпына келтірдік. Бастысы, мұндай сәттерден сабақ алып, нәтиже шығара білу керек. Қазір барлыға сапалы әрі қауіпсіз болу үшін келісімшарттарды, тіпті күзетті де өзім бақылап отырамын.

  • Осындай сәттерде шабытты қайдан аласыз? Жалпы, сізді не шабыттандырады?

Міне, дәл осы сұрақты маған жиі қояды. Мені өз мінезім, өзімнің ішкі ерік-жігерім шабыттандырады, күш сыйлайды дер едім.

  • Өмірлік ұстазыңыз бар ма?

Иә, болды. Ол маған бір кездері үлкен көмек көрсетті, кеңесін беріп, қандай да бір кемшіліктерімді айтатын. Қазір менің тәлімгерім жоқ.

  • Сынға қалай қарайсыз?

Сын өзіме қатысты әрі орынды болса жақсы қабылдаймын, тіпті, қуанамын деуге болады. Егер де жасап жатқан жұмысым мен жобаларымды сынның астына алса, қабылдай алмаймын.

  • Демек, сіз өз жобаларыңызды сөзсіз сәтті шыққан деп есептейсіз ғой?

Егер бір жыл бұрын бұл біздің шекарамыз емес екенін және екі-үш есе өзіңді дамытуға болатынын түсінгенімде, “иә” деп жауап берер едім. Бірақ жұмыс барысы, үдерісі маңызды екенін, үздіксіз даму және жұмыстың маңызды екенін түсіндім.

  • Жас кәсіпкердің қандай қиындықтарға соқтығысуы мүмкін?

Ең бірінші жасына байланысты шектеулік деп білемін.  Бұл мен үшін өте қиынға соқты. Себебі, серіктестердің барлығы 20-21 жасар жас жігітке сеніммен қарамай, ниетімді тұрақсыздыққа балайтын. Түрлі айла-тәсілдер қолдануға тура келді(күлді). Барлық серіктестерге: “жанында үлкен адамдар бар деп” ойласын деген оймен өзімізді менеджер деп немесе басқаша таныстыратынбыз. Жұмысымыз солай жүретін. Сол кездегі жастық жалын мен белсенділік болмағанда, Zhastar football клубы болмас та еді.  Кез келген тәжірибеде қателерліктер әрдайым болады.

  • Жас кәсіпкерлерге өз тәжірибеңізден тағы қандай кеңес бере аласыз?

Ең біріншісі және ең бастысы өзің түсінетін, кішкене де болса байланысың бар саладан бастаған дұрыс.  Өзің істей алатындай көрінетінді емес, нақты істей алатынды жасау керек. Қателіктерден қорқудың қажеті жоқ, олар үнемі болады. Бастысы, сол қателіктен қандай сабақ алғандығыңыз. Сонымен қатар, бизнесті ең нашар болжамдардан бастаған дұрыс. Егер де, күйіп кетсек ше? Міне, осы егер де сөзі барлық белестер мен жеңілістерді сараптай алатындай болу керек.  Үнемі өз орныңды біліп, сапаға ерекше көңіл бөліп, барлығын жан-тәніңмен жасаған жөн.

 

  • Өмірді өзгертуге қабілетті деп қайсы кітапты атар едіңіз?

Джек Лондонның  “М.Иден” кітабы шығар?! Кітап ерік-жігері мен күші, рухы мықты, ешқашан берілмейтін адам туралы.  Әрине, ол соңында қайтыс болады (күлді). Алайда ол маңызды емес. Басты мәні: дамыңыздар, талпыныңыздар және ешқашан өз-өздеріңізді тастамаңыздар.

Сұхбатыңызға рахмет!