×

Нидерландының басты жәдігері туралы не білесіз?

21.01.2018

Нидерланды немесе Голландия дегенде бірінші ауызға түсетіні – қызғалдақтар. Голландиялық гүлдің әлемдік нарықта аса жоғары сұранысқа ие екені белгілі. Қызғалдақ – Нидерландының ұлттық құндылығы. Бұның қалай және неден басталғанын көпшілігіміз біле бермейміз. Ендеше голландиялық қызғалдақтардың тарихына көз жүгіртейік.

Қызғалдақ – Нидерландының ұлттық құндылығы

Қызғалдақтар Голландияда пайда болды деген қате пікір. Голландияға ең алғашқы бұл гүлдің түрі ХVII ғасырдың екінші жартысында Түркия елінен әкелінген. Алғашқы қызғалдақ түрлері әсемдігімен ерекшелене қоймапты. Кейін пиязшықтарын бөлу арқылы гүлдің жаңа әрі ерекше түрлері пайда бола бастаған. Уақыт өте келе қызғалдақтар үлкен алқаптарға отырғызылып, гүлге деген сұраныс та, сәйкесінше, бағасы да арта бастайды. Сұрыпты гүлдің бірнеше пиязшығы үшін Голландиялықтар бар мал-мүлкін, байлығын беруге дайын болған. Қызғалдақ саудасына да қызығушылық танытатындардың саны күн санап артты. Голландықтар бар жиған-тергендерін аз қаражатқа өткізіп, қызғалдақ ұрықтарын екі есе қымбат бағаға сатып алатын болған. Қызғалдақ өсіп шықпай тұрып-ақ сатылатын. Гүл пиязшығы тапшы болған сайын, бағасы да қымбаттай берді. Дегенмен, құлдырау да тез болды деуге болады. 1637 жылдары қызғалдақ ұрығының бағасы күрт төмендеп, саудагерлер де одан арыла бастады. Сол жылдың соңына қарай аталмыш тауардың құны бұрынғы бағасының 1% - ын ғана құраған. Саудагерлер қолдағы барынан айырылады. Бұл оқиғаның бір ғана жағымды тұсы бар. Голландия – әлемдегі басты қызғалдақ өндіруші мемлекетке айналды.

Кекенхоф - голландиялық ғажайыпты көруге арналған әлемдегі ең үздік мекен

Жыл сайын Голландиялық өндірушілер Амстердамдағы кең алаңқайлардың бірінде он мыңдаған қызғалдақтарды қойып, үлкен бақша жасайды. Қала тұрғындары мен қонақтары мұнда арнайы тегін гүл шоқтарын алуға жиналады екен. Қызғалдақ маусымы ресми түрде Ұлттық қызғалдақтар күнінде басталады. Қызғалдақтар маусымы - қаңтар мен сәуір айының аяғы болып саналады. Бұл уақыт аралығында супераркеттер мен гүл дүкендерінен, гүл бақташыларынан пиязшықтар көптеп сатып алынады.  Әлемдегі ең әдемі көктемгі бақ та осы Голландияда орналасқан. Жеті миллион түп қызғалдақ егілген Кекенхоф бағы кез келген адамды бейжай қалдырмай, ерекше әсер сылайды. Төрт павильоннан тұратын бақта түрлі қызғалдақтар, гиацинт, нарцис, орхидея, раушан гүлі, лала гүлдерінің колекцияларын көре аласыз. Ондағы ұмытылмас гүлдердің симфониясы мен қайталанбас жұпарынан бас айналады. Бақ 8 апта бойы жұмыс жасап, сол уақыт аралығында 800 мыңнан астам қонақ қабылдап үлгереді. Кекенхоф - голландиялық ғажайыпты көруге арналған әлемдегі ең үздік мекен деп танылған.

Гүлдер шеруі - "Блюменкорсо"

Гүл саудасының алыптары жыл сайын әлемдегі ең ауқымды гүлдер шеруін де (голландықтар "Блюменкорсо" деп атайды) өткізіп тұрады. Шеру барысында 30-дан астам гүлге оранған көліктер Нордвейктен Харлемге дейінгі 42 шақырым жолды жүріп өтеді. Аталмыш шараға әлемнің түкпір-түкпірінен және Голландияның өзінен  жүз мыңдаған көрермендер жиналады.