×

Қазақ кітабын шетелге шығарудың жолдары

21.01.2018

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар” атты мақаласында қазақтың әдеби шығармаларын әлемнің алты тіліне аударып, таныстыру мәселесі айтылған болатын.

Соңғы жылдары қазақстандық авторлардың шығармаларын шетелге таныту үшін мемлекет тарапынан едәуір көмек көрсетіліп келеді.  Осы орайда Астанада президенттің арнайы тапсырмасымен шетел тілдеріне аударылатын шығармаларды іріктейтін  арнайы  Ұлттық комиссия құрылды. Оның сыртында  тікелей әдеби аудармаға байланысты ҚР Жазушылар одағының төрағасы, жазушы Нұрлан Оразалин жетекшілік ететін, Одақ жанында сарапшылар алқасы бекітілген. Сарапшылардың санында белгілі шектеу жоқ. Аударма мәселесі бойынша құрамында Мұрат Әуезов, Тұрсынжан Шапай, Смағұл Елубай, Жұмабай Шаштайұлы, Ғалым Жайлыбай, Әлібек Асқаров, Әлия Бөпежанова, Ұлықбек Есдәулет, Сұлтанәлі Балғабаев, Бақытжан Қанапьянов, Любовь Шашкова, Надежда Чернова, Светлана Ананьева, Ахметжан Ашири, Қайрат Бақбергенов сынды қаламгерлер бар. Осыған дейін сараптау алқасының үш жиыны өтті. Қазіргі таңда әлемге шығуға лайықты туындылар іріктелініп алынып, аударылып жатыр.  Жалпы, бұл біразға созылатын процесс.

Аударылатын шығармалар тізіміне талап бойынша тәуелсіздіктен бері дүниеге келген шығармалар енуі қажет. Негізінде, тәуелсіздік жылдарынан бері шет мемлекеттерге таратылып жатқан қазақ шығармалары жеткілікті. Мысалы, француз тіліне аударылған шығармалар ішінде Ғалымжан Мұқановтың еңбектерін айтуға болады. Ол кезінде Абайды,   Махамбетті тікелей француз тіліне аударған. 1997 жылдары аударылған бұл еңбектер Францияда жақсы қабылданған. Франциядан елімізге келген қаламгерлер бірінші Ғалымжан Мұқановтың есімін айтып келеді екен. Ал елімізде аудармамен айналысатын кейінгі буынның ішінде Дәурен Берікқажы мен Танакөз Ілиясовалар секілді тіке ағылшын, француз тілдеріне аударатын мамандарды авторлар ерекше айтып жүреді. Әдеби аударма - қаламгерлердің өзге елдерге танылуына берілетін ерекше мүмкіндік. Өкінішке орай, аударма ісіне мемлекет тарапынан енді ғана көңіл бөлініп отыр.

Кітапты шекара асырып, шет мемлекеттерге таратудың  келесі тиімді жолдарының бірі әдеби агент пен агенттіктердің қызметіне жүгіну екені белгілі. Бұл әлемдік тәжірибеде кең таралған әдіс деуге болады. Әдеби агенттердің басты міндеті - туындының өзге елдерде көптеп таралуына септігін тигізу.  Алайда, қазақстандық авторлар аталмыш маман иелерімен жұмыс жасауды қажетсінбейді. Айналып келгенде, тағы да қаражат мәселесі...