×

Қысқы демалысты қайда өткізуге болады?

21.01.2018

«Қысқы демалыс» десе көзге не елестейді? Әрине, тау, шаңғы, коньки, сырғанау.  Биылғы демалысыңызды ерекше әрі есте қаларлықтай етіп өткізгіңіз келсе біздің кеңесімізге құлақ түріңіз...

Медеу мұз айдыны  

Медеу мұз айдыны 1972 жылдан бастап жұмыс істейді. Теңіз деңгейінен 1691,2 метр биіктікте орналасқан мұз айдынына күллі әлем халқы аса ерекше қызығушылықпен қарайды. Қаладағы қарбалас өмірден шаршап, рухани шабыт пен энергия іздеген жандарды дәл осы жерден табуға болады. 10,5  мың шаршы метр аумақты алып жатқан бұл мекенде көптеген отандық және халықаралық спорттық ойындар өткізіліп тұрады. Хоккей, мәнерлеп сырғанау сияқты түрлі сайыстарды ұйымдастыруға арналған ең қолайлы жер.  Таудың таза ауасы мен тамылжыған табиғаты адам жанына қайталанбас ғажайып әсер қалдырары сөзсіз. Айдынға кіру жарнасы да қол жетімді. Аталмыш демалыс орнына жақын жандарыңызбен бірге баруды ұмытпаңыз.

Шымбұлақ

Шымбұлақ – Алматы маңындағы Іле Алатауы шатқалының 2510 метр биіктігінде орналасқан тау-шаңғылық курорты. Шымбұлақ демалыс орны  жаһандағы ірі-ірі  шаңғы тебу орындарынан артық болмаса, кем емес. 1954 жылдан бастап тау шаңғысы спортымен айналысатын жандардың сүйікті мекеніне айналған.  Бүгінде  тек спортшылардың ғана емес қарапайым халықтың да жиі баратын орны екені жасырын емес.  Шаңғы теуіп, таудың керемет атмосферасына еніп, оны сезініп, қысқы демалысыңыздың ұмытылмастай болғанын қаласаңыз, Шымбұлаққа міндетті түрде барыңыз.  Бұл демалыс орны қараша және мамыр айлары аралығында халыққа қызмет көрсетеді.

Үлкен Алматы көлі

Үлкен Алматы көлі Алматы қаласынан оңтүстікке қарай 28,5  км қашықтықта, теңіз деңгейінен  2497 метр биіктікте Үлкен Алматы  өзенінің аңғарынан орын тепкен мекен. Үлкен алматы көлі – мұздық суымен толады. Ені 500 метр, ал ұзындығы 1 шақырым болып келетін бұл демалыс орнының табиғатына көзің тоймайды.  Әлемнің әр бұрышынан ең көп туристер келетін мекен де осы жер.  Ең жоғарғы температурасы 12,8 С болып табылады. Ауа райының салқын болуына байланысты шыбын немесе маса атаулысы жоқ. Табиғаты жылдың барлық мезгілдерінде ерекше сұлуланып тұрады. Үлкен Алматы көліне осы демалысыңызда міндетті түрде барыңыз.